Шалғай ауыл таза ауыз суға қосылды
Жуырда, Тәуелсіздік күні қарсаңында Әлімтау елді мекеніндегі 1198 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Осыған орай Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Баймұханбетұлы тұрғындардың қуанышымен бөлісуге арнайы барып, нысанның лентасын қиды.
- Біз үшін ауылды көркейту, ауыз сумен қамту, көгілдір отын жеткізу және халықтың әл-ауқатын арттыру - басты назардағы мәселе. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының жыл сайынғы біздерге арналған Жолдаулары мен тиісті міндеттемелерінің арқасында мүмкін болып отырған игілік деп білемін, – деді аудан басшысы.
Көп ауылға арман болған ауыз судың құбырын әр үйге кіргізіп, елді мекендерге жағдай жасап жатқан аудан басшысына ауыл ақсақалдары тұрғындардың атынан ризашылығын жеткізді.
Әлімтау елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары былтырғы жылдан өтпелі нысан ретінде басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілді. Жобаға сәйкес елді мекенде екі ұңғыма қазылып, 21,8 шақырым ауыз су құбырлары тартылды. Сондай-ақ, ұңғымадан шыққан суды тазалауға арналған екі дана мембрана қондырғылары орнатылды.
Айта кетсек, жалпы аудан аумағындағы тұрғындардың санына шаққанда орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылу деңгейі 74,5 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысанның құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.