Сайрамдық отбасыға демеушілер үй салып берді
Баспана мәселесі қай заманда болмасын, өзектілігін жоғалтқан емес. Көптеген азаматтар баспанаға қол жеткізе алмай, қиындықтар көріп жүреді. Әсіресе шиеттей бала-шағасы бар отбасыларға қиын. Олар пәтерден-пәтерге балаларымен көшіп жүруге мәжбүр. Көптеген үй иелері балалары бар отбасыларды пәтерге қабылдамайды. "Үйі жоқтың күйі жоқ" деген сөз әлі де өзекті. Ең алдымен үйін сайлап алған адамның басқа істері де ілгері басатынын белгілі.
Әйтсе де баспана алуға жағдайы жоқ азаматтар аз емес. Осы тұста олар қайырымды азаматтардан қолдау күтеді. Түркістан облысы Сайрам ауданының жаны жомарт азаматтары мұқтаж отбасын баспанамен қамтуға ниетті.
Демеушілер есебінен тұрмыс жағдайы төмен Хамдам Хадиметовтің жанұясына Қарамұрт ауылдық округі, Низамабад елді мекенінен 5 бөлмелі үй салынуда. Баспана құрылысы ағымдағы жылы қараша айында аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын Зульфия Өмірзақова бастаған «Нур Ихсан» қоры қаржыландырған. Отағасы Хамдам – мал бағушы, әйелі - үй шаруасында. 3 баланы тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасы тозығы жеткен, апатты жағдайдағы 1 бөлмелі үйді паналап отыр. Қазіргі таңда жаңа үйдің есік-терезелерін орнатуға тапсырыс берілген. Сондай-ақ, жылу жүйесі мен ауыз су мәселесі де өз шешімін табады.
Осылайша Сайрам ауданында бір отбасы баспаналы болып, күзде қоныс тойын жасамақ.