Күн тәртібінде-орым науқаны
Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен ауыл шаруашылығы бөлімінің мәжіліс залында аудан аумағындағы шаруа қожалық төрағаларымен алқалы жиын өтті. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Б.Ахметовтың төрағалығымен өткен жиында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Керімкұлов егін және мал шаруашылығы бағытындағы атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстарды баяндап, биылғы орым науқанына қатысты мамандардың болжамына кеңінен тоқталды.
Жыл сайын аудан көлемінде 15000,0 гектар күздік бидай егілетін. 2020 жылдың күз айлары күздік бидай егуге өте қолайсыз болды, өйткені дер кезінде жаңбыр жаумады, жер қыртысы өте қатты болып, жер егуге дайын болған мерзімде қар түсіп, нәтижесінде күздік бидай 10000,0 гектар жерге ғана егілді. Сондықтан басшылар жер аударатын техника дайын болса, астықты орғаннан кейін 7-10 күннің ішінде аударуды ұсынып отыр. Сол кезде жердегі аудару тереңдігіндегі барлық микроорганизмдер сақталады, жер егіс егілген мерзімге дейін демалады. Сонда жер қыртысының қатты болуынан егісті дер кезінде егу мүмкіндігі болады. Ауыспалы егісті қолдануды естен шығармай, топырақтың құрамына жүргізілген анализдерден міндетті түрде өткізу керек, өйткені анализ қортындысынан кейін жерге не қажет екені белгілі болады (азотты, калий, фосфорлы) міне осыдан кейін қажетті минералдық тыңайтқыштарды пайдалануға болады.
Ендігі айтылатын мәселе қолдағы малды қыстан аман-есен алып шығу. Өйткені, биылғы жылы шөп жинау науқаны Келтемашат, Машат сияқты төменгі аймақтарда енді басталып жатыр, бірақ өнімі аз болып тұр, ал жайылымдық жерлердегі шөп өткен жылдағыдан ерте сарғая бастады. Сондықтан төменгі Ордабасы, Түркістан (700-800 теңгеден) аудандарынан, көршілес Жамбыл облысының Жуалы ауданынан шөп сатып алу ұсынылып отыр. Ордабасы, Түркістан аудандарында жоңышқалықты ауыспалы егіс ретінде егеді, бірақ малдары жыл бойына жайылатындықтан шөпті аз мөлшерде ғана жинайды, тек қатты бұрқасын борандарда ғана малдары қолға қарайды. Сол себептен жоңышқаны тюктеп, өзінен артылғанын егіс басынан сатып жібереді. Көршілес Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысының телефонын алып отырмыз, хабарласып жоңышқа сататын шаруашылықтардың телефонын тауып бере аламыз. Негізі Жуалы ауданының климаты біздің ауданға қарағанда салқындау болып келуіне байланысты ауданында шөп ору, жинау науқаны басталмаған. Яғни, шөптің бағасы нақтыланбаған. Осыған орай, шөп сататын шаруашылықтармен алдын-ала келісім-шартқа тұрып, сатып алу мүмкіндігі бар.