Түлкібаста ескірген ауыз су құбырлары жаңаруда

Oinet.kz 28-05-2021 1105

21.jpg

Түркістан облысы Түлкібас аудандағы біршама елді мекеннің су құбырларының басым бөлігі Кеңес заманында салынғандықтан әбден ескірген. Соның бірі, төрт мыңнан астам тұрғыны бар Азаттық ауылы. Аталған елді мекенде ауыз су мәселесі соңғы уақытта тұрғындар тарапынан да жиі көтеріліп келген-ді. Биыл аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ауылдың 55 шақырым құрайтын ауыз су құбырын жаңарту жұмыстары қарқын алды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аудан әкімі Нұрлан Байғұт аталған елді мекенге барып, су құбырын жүргізу жұмыстарының барысын бақылады. Қазіргі таңға құрылыс нысынының 7 шақырымы аяқталған. 

Содан соң, аудан басшысы ауданымыздың шығыс шекарасында орналасқан Шақпақ-баба елді мекеніне табан тіреп, іспеттес су құбырын тарту жұмыстарының барысын бақылады. Осыдан бір ай бұрын басталған құрылыс жұмыстары бүгінгі таңға 40 пайызға аяқталған. 

Келесі кезекте Нұрлан Мархабатұлы дәл осындай су құбырын жүргізу жұмыстары қарқын алған Балықты ауылына барып, құрылыс нысанын аралады. Бұл жерде көп жылдан бері шешімін таппай келген 3,5 шақырымды құрайтын Болашақ, Құрманғазы, Сыпатай батыр көшелерінің ауыз су құбырлары толығымен жаңартылмақ. Сондай-ақ, мүлдем су құбыры тартылмаған Рахымов, Алаң және Балықты көшелеріне су құбыры тартылып, қосымша 2 бірдей су мұнаралары орнатылмақ.

Құрылыс нысандарын аралап шыққан аудан әкімі жауапты мердігерлерге құрылыс жұмысын бекітілген кестеге сай мерзімде аяқталуын және сапалы болуын ескертіп, жауапты бөлім басшысына қатаң бақылауда ұстауын тапсырды. Азаттық елді мекеніндегі жұмысқа жауапты мердігерге жұмыстың бекітілген кестеден баяу жүріп жатқанын айтып, жұмысты барынша жандандыруды тапсырды.

Аудан әкімі бүгінгі жұмыс сапарын құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ағын су нысандарын аралаумен жалғастырды. Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Құли», Балықты округіне қарасты «Кең» каналдарының басында болған аудан әкімі Республикалық «ҚазСуШар» мекемесінің өкілдері және жауапты мердігерлермен кездесіп, ағын су мәселесін тез арада шешуді талқылады. Нәтижесінде Республикалық «ҚазСуШар» мекемесінің жауапты өкілі құрылыс жұмыстарын күз айларына шегеріп, ағын суды ауадай қажет етіп тұрған шаруалардың өтінішіне сәйкес үш бірдей су нысанына (Бала Құлан, Кең, Құли) ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін ағын су жіберілетіндігін жеткізді. 

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапты
Күн тәртібінде-орым науқаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу