Шымкенттегі ұлттық жобаның тиімділігі көп
12-03-2025
Риззат ТАСЫМ - саясаттанушы.
– Риззат Берікұлы, USAID шын мәнінде «құбыжық» болып шыққаны ма? Расында да Қазақстанда ұлт мүддесіне теріс жобаларды қаржыландыруға атсалысқанына сенесіз бе? USAID-тың жұмысы елімізге қандай да пайда әкелді ме?
– АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейтін құрылым ретінде Қазақстанда да әртүрлі жобаларды қаржыландырып келеді. Ұйымның қызметіне деген көзқарастар қарама-қайшы: бір тарап оны елдегі экономикалық және әлеуметтік дамуға үлес қосатын институт ретінде қарастырса, екінші тарап оны сыртқы ықпал ету құралы деп есептейді. USAID-тың Қазақстандағы қызметін үш негізгі аспект бойынша қарастыруға болады: оның экономикалық және әлеуметтік әсері, саяси ықпалы және ұлттық мүддеге сәйкес келу деңгейі.
Қалай болғанмен жобалардың кейбірі елдің стратегиялық даму мақсаттарымен сәйкес келді. Олардың ішінде денсаулық сақтау қызметтерін жетілдіру, экономикалық даму, азаматтық қоғам, экология салалары бар. Оған қоса, мысалы, аграрлық секторда фермерлерге жаңа технологияларды енгізу, денсаулық сақтау жүйесінде халықаралық стандарттарға сай бағдарламаларды қолдау нақты әлеуметтік-экономикалық пайда әкелуде.
Дегенмен, USAID қолдаған кейбір жобалар елдің ішкі саясатына тікелей ықпал ететін сезімтал тақырыптарға жақын болғандықтан, қоғамда қызу талқы тудырып отыр. Шетелдік агенттіктерді саяси ықпал құралы ретінде қарастыру – әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін құбылыс. Ресей, Қытай, Түркия сияқты елдер USAID және ұқсас ұйымдарды ішкі саяси тұрақтылыққа қауіп ретінде бағалайды. Қазақстанда да бұл сұрақ өзекті: кейбір ҮЕҰ-ның қызметі билік пен қоғамға радикалды сын көзбен қарайтын азаматтық белсенділікті арттыруы мүмкін.
Бастысы, демократиялық дамуды ынталандыру мен тікелей саяси араласуды ажырата білу қажет. Егер USAID тек құқықтық реформалар мен медиа тәуелсіздігін дамытуға ықпал етсе, оны сыртқы басқару құралы деп қарастыру артық болуы мүмкін. Бірақ егер оның жобалары биліктің саяси құрылымына өзгерістер енгізуді көздейтін болса, онда бұл сыртқы ықпал ету әрекеті ретінде қарастырылуы керек. Сол себепті кез келген халықаралық донорлардың Қазақстандағы қызметін ұлттық мүдде тұрғысынан бағалау үшін бірнеше критерийді негізге алуы маңызды: Біріншіден, экономикалық және әлеуметтік пайдасы, егер қаржыландыратын жобалар елдегі өмір сүру сапасын арттырып, денсаулық сақтау, бизнес, білім беру жүйесін жақсартуға көмектессе, бұл ұлттық дамумен үйлеседі. Екіншіден, ішкі тұрақтылыққа ықпалы, егер іске асатын жобалар қоғамдағы саяси шиеленісті күшейтуі мүмкін болса, бұл ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алаңдаушылық тудыруы тиіс. Үшіншіден, ұзақмерзімді стратегиялық салдары, сыртқы қаржыландыру жобалары елдің ішкі саясатын өзгертуді мақсат етпей, керісінше, экономикалық және әлеуметтік дамуға бағытталған жағдайда ғана оның жұмысы ұлттық мүдделермен үйлесімді болуы мүмкін.
Аталмыш жағдайда негізгі мәселе – USAID-тың Қазақстандағы қызметінің нақты шекарасын анықтау. Оған қатысты саясаттан тыс терең ғылыми зерттеу жұмыстары қажет. Осылайша, USAID-тың қызметі тек оның қаржыландыратын жобаларының мазмұны мен мақсатына байланысты бағалануы керек. Елдің ұстанымына сәйкес келетін жобаларға қолдау көрсетіп, ал ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін бастамалар мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс. Алайда, мәселенің түп-тамыры сыртқы ұйымдардың қызметінде емес, ішкі институттардың әлсіздігінде жатыр. Егер Қазақстанда азаматтық қоғам күшті әрі дербес болса, кез келген сыртқы ықпалдың әсері айтарлықтай төмендейді. Елдегі саяси процестер мен қоғамдық бастамалар шынайы ішкі сұранысқа негізделгенде ғана, сыртқы ұйымдардың ықпалы азаяды. Сол себепті мемлекет пен қоғам азаматтық секторды дамытуға ортақ мүдде тұрғысынан қарауы тиіс. Бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығы мен ұлттық мүдделерін қорғаудың ең сенімді жолы болмақ.
– Олжас Бектенов премьерлік креслоға отырған сәтінде оның өмір бойы сыбайластықпен күрес саласында жұмыс істеп келгені, экономикалық, шаруашылық мәселерге шорқақтау болады деген күдіктер айтылып еді. Бектеновтің бір жылдық премьерлік қызметі осы күдікті сейілтті ме?
– Олжас Бектеновтің Премьер-министр міндетіндегі жұмысына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде есептерге қарап бағалауға болады. Осы жылдың 21 қаңтарында ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылы экономикасының өсу қарқыны 4,8 пайызды құрады деп баяндады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9 пайызға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді. Сонымен қатар заңсыз иеленген активтерді қайтару жөніндегі жұмыстар жалғасуда. 2024 жылдың басынан бері уәкілетті комиссия 450 миллиард теңгеге жуық активтерді қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдаған. Барлық қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы зор жобаларға жұмсалып жатыр.
Алайда Үкімет ондаған жылдар бойы жинақталған құрылымдық мәселелердің шешімін кейінге шегере алмайтын деңгейге жетті. Инфрақұрылымның тозуы, қосымша құн өндірісінің жеткіліксіздігі және логистиканың тиімсіздігі елдің экономикалық өсіміне елеулі кедергі келтіріп отыр. Бүгінде Үкімет халыққа ұнамсыз, бірақ елдің ұзақмерзімді дамуы үшін қажетті реформаларды батыл түрде жүзеге асыруға мәжбүр. Үкіметтің алдағы шешімдері, әсіресе салық саясаты, субсидияларды қысқарту немесе мемлекеттік шығындарды қайта бөлу сияқты қадамдар, қоғамда қарсылық туғызуы мүмкін. Дегенмен, экономиканы реформалау және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл қадамдар қажет. Осы орайда, Олжас Бектеновтың тиімділігі оның батылдығына тәуелді. Егер ол нақты реформаларды бастауға және оларды қоғамға дұрыс түсіндіруге қабілетті болса, Үкімет елді жаңа даму кезеңіне шығара алады. Әйтпесе, мәселелер одан әрі ушығып, келесі буындарға ауыр жүк қалдырады. Осылайша, Премьер-министр Олжас Бектеновтің бір жылдық қызметінің қорытындысы қазіргі жариялаған салық саясатының көлеңкесінде қалып қойды.
– Тәуелсіздік алғалы облыстарды, Алматы, Астана мен Шымкентті басқарған 200-ден астам әкім болыпты. «Бұрынғы әкімдердің харизмасы болатын, олар халықпен жүздесуден қаймықпайтын. Қазіргі әкімдер осы жағынан әлсіздеу» деген пікірмен келісесіз бе?
– Иә, 90-шы жылдардан бері мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Бұл облыстар мен ірі қалалар әкімдерінің рөлі мен функцияларына әсер етті. Мемлекеттіліктің алғашқы жылдарында саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында әкімдер әкімшілік тапсырмаларды орындап қана қоймай, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуда шешуші рөл атқарды. Олардың харизма және ашық диалог жүргізу қабілеті сияқты жеке қасиеттері халықпен, әсіресе дағдарыстық жағдайларда өзара әрекеттесу үшін маңызды құрал болды. Сол кезеңдегі көптеген әкімдер сын-қатерлерге тез жауап беруге және бейресми байланыс арналарын құруға қабілетті саяси қайраткерлер ретінде қабылданды.
Алайда, мемлекеттік қызмет институттанған сайын басқару моделі өзгерді. Заманауи әкімдер цифрлық технологияларды енгізуге және кері байланыс тетіктерін дамытуға баса назар аудара отырып, нақты регламенттелген рәсімдер аясында жұмыс істейді. Бұл басқару моделі мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған әлемдік үрдістерге сәйкес келеді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жүруде. Сонымен қатар бюрократизацияның күшеюі және технологиялық өзара әрекеттесу құралдарына көшу азаматтармен жеке қарым-қатынастың қысқаруына әкелді. Бұл қазіргі әкімдердің харизмасының әлсіреуі сияқты әсер қалдыруы мүмкін, дегенмен іс жүзінде әңгіме басқару басымдықтарын өзгерту және мемлекеттік басқарудың жаңа стандарттарына бейімделу туралы болып отыр.
Осы өзгерістерге қарамастан, әрбір әкім өңір өміріне белсендірек қатысуына және халықпен тікелей диалогқа деген сұранысы сақталуда. Бұл тұрғыда кәсібилік пен билікке қолжетімділік арасындағы теңгерімді табу маңызды міндетке айналады. Осындай тепе-теңдікке қол жеткізуге көмектесетін тетіктердің бірі – әкімдердің қызметін институционалдық көрсеткіштер бойынша ғана емес, сонымен қатар азаматтармен өзара іс-қимыл деңгейі бойынша да бағалауға мүмкіндік беретін рейтингтік жүйе.
Қоғамдық күтуді өзгерту де маңызды рөл атқарады. Егер бұрын азаматтар әкіммен жеке сөйлесу мүмкіндігін, оны қоғамның сұранысына тез жауап беруге қабілетті тұлға ретінде қабылдайтын болса, бүгінде институттардың тиімділігі, рәсімдердің ашықтығы және шешімдердің болжамдылығы басымдыққа ие. Дегенмен, ашық диалог пен биліктің қолжетімділігіне деген сұраныс сақталуда, бұл әкімдерден технократиялық көзқарасты қоғамдық басшылық элементтерімен икемді үйлестіруді талап етеді.
Сонымен, мәселе харизма маңыздылығын азайту емес, керісінше басқару моделін өзгерту туралы. Қазіргі жағдайда табысты әкім тек қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар институционалдық тетіктерді қоғам сенімін қамтамасыз ететін коммуникациялық стратегиямен үйлестіре алатын тиімді басқарушы болуы қажет.
– Айыппұлдарды көбейту, салықты өсіру, ҚҚС шекті айналым деңгейін 70 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін түсіру – қарапайым халыққа ұнамайтын шешімдер. Сіздің осы мәселелерге көзқарасыңыз қандай?
– Салық өсімі, сөзсіз, өндірушілер мен тұтынушыларға ұнамайды. Алайда бұл мәселе тек экономикалық емес, саяси және әлеуметтік аспектілерді де қамтитын кешенді сұрақ. Мемлекеттің кірістерін ұлғайту қажеттілігі бюджеттік шығындардың артуымен, көлеңкелі экономиканы азайту мақсатымен және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырумен байланысты. Бірақ Үкімет бұл процесті қоғамға түсіндіруде және экономикалық тұрғыдан негіздеуде нақты әрі сенімді дәлелдер келтіре алмауда.
Салық реформасы – тек цифрлар мен бюджет туралы емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің бір бөлігі болуы тиіс. Егер Үкімет азаматтардан көбірек салық талап етсе, онда ол осы қаражаттың тиімді әрі әділетті жұмсалатынын дәлелдеп көрсетуі керек. Бірақ бүгінгі таңда мемлекеттік шығындардың ашықтығы мен тиімділігіне күмән көп. Салық саясаты бойынша барлық тараптарды қанағаттандыратын компромистік шешім ұсынылмаған, экономикалық дәлелдер мен ұзақмерзімді стратегия жеткілікті деңгейде көрсетілмеген.
Мен салықтарды көбейту қажеттілігін саяси тұрғыдан түсінемін. Бұл бюджет тапшылығын азайтуға, әлеуметтік саланы қаржыландыруға және көлеңкелі нарықтан арылуға мүмкіндік береді. Бірақ Үкіметтің экономикалық аргументтері нақты сандармен дәлелденбеген.
Егер Үкімет салықтық реформа жүргізуді мақсат етсе, оны тек міндеттеу жолымен емес, қоғаммен ашық диалог арқылы жасауы керек. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің негізгі шарты болуы тиіс.
Сұқбаттасқан
Айнұр ОҢҒАРБАЙ