Абдулла Жұмашев: «Өзбекәлі Жәнібековтің аманатына қайшы әрекеттер өте көп»

Oinet.kz 06-03-2025 100

Абдулла ЖҰМАШЕВ – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, этнолог, әдебиетші, өлкетанушы.

Screenshot_12.jpg

–  Әңгімеміздің басын өзіңіз көп еңбек сіңірген Отырардан бастайықшы. Қалашықта жүргізіліп жатқан реставрация жұмыстарына көңіліңіз толады ма?

–  Жоқ, көңілім толмайды. Мен кешегі музейтанушы, этнограф-ғалым, Қазақстанды музейлендіруге өлшеусіз еңбегі сіңген мәдениет жанашыры, Өзбекәлі Жәнібековтің, Отырарда отыз жыл археологиялық қазба жұмысын жүргізген Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының бастығы Кемел Ақышевтің, қазіргі академик, археолог-ғалым Мұхтар Қожаның мектебінен шыққанмын. Өзім әдебиетшімін, этнографпын. Бұрыннан, қазіргі Шәуілдірдің орталығындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы лицей интернатында сегіз жыл ұстаздық қызметте болғанымда да солардың тағылымын көріп өстім. Қазіргі Отырар қалашығында жүргізіліп жатқан реставрация жұмыстарын жақсы білемін. Бәрі көз алдымда жүріп жатыр. Бір кездері филолог ғалым Құлбек Ергөбек пен археолог ғалым Мұхтар Қожаның «Сорлаған Отырар» дегені бар еді. Сосын Өзекең, Өзбекәлі Жәнібеков те «Егер біз Отырарда археологиялық қазба жұмысын жүргізгенде одан шыққан мәдени қабатын сақтай алмайтын болсақ қазір жүргізбей қоя тұрып, келешек ұрпаққа қалдыру керек» деген еді. Кемел Ақышевпен қатар жүріп жиырма бес жыл жұмыс істедік. Сонда ол кісінің де өкінішін өз құлағыммен естігенмін. Музейге тақырыптық экспозициялық жоспар жасауға барып сөйлескенімде: «Абдулла, біз қателестік. Кезінде Отырардың қазбасына көп қаржы бөлінді. 200 адамға дейін жұмысшы топ құрылды. Сол кезде көп мәдени қабат ашылды. Біз оны тарихи-археологиялық, монаграфиялап жаздық. Жалпы есебін бердік. Бірақ сақтай алмадық. Өкінішім осы»,– деген. Сіз сұрап отырған бүгінгі Отырардағы археологиялық қазба жұмысы да дәл сондай өкінішті. Өзекеңнің айтып кеткен аманатына қайшы әрекеттер өте көп. Мысалы, XIII ғасырдың Шахристанының қақпасы шықты. Өзім көрдім. Шамамен 2-3 метр болу керек. Реставраторларға рахмет, оның бетін тұмшалап қойды. Бірақ, соның үстіне жасанды қақпа тұрғызып жіберді. Мен осы әрекетке келіспеймін. Мұны шетелдік бір ғалымның сөзіне сүйеніп айтып отырмын. Бұл сөзімді ауыр деуге болмайды. Рас. Оны Отырардағы реставрация жұмысына ғылыми негіздеме деп қалай айтуға болады? Ол ЮНЕСКО-ға енуге тиіс ескерткіш еді. Отырардың жанынан Өзекең, Кемел Ақышев армандаған реставрациялық ғылыми негізде институт деңгейінде шеберхана салу керек. Өйткені ондағы құрылыстың 80 пайызы қам кесектен тұрғызылған. Өзбекәлі Жәнібеков айтпақшы, қазақтың ежелгі қоржын тамының үлгісінде. Оны кезінде Карл Байпақов та, Борис Ержакович те, Кемел Ақышев та айқындап айтып кеткен. Міне, соны салу керек. Жыл он екі ай реставрация қайта жаңғырту шеберханасы институт деңгейінде жұмыс істеуі керек. Сәл бұрынырақта Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің сол кездегі директоры Әуелхан Есжанов екеуміз Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тапсырмасымен Қазақстандағы басқа музейлерге және орыстардың ежелгі Новгород қаласына барғанбыз. Новгород мемлекеттік қорық музейіне тәжірибе алмасуға барғанымызда қыс мезгілі еді. Ол жақта бәрі қыштан қаланған. Қыс болса да қайта жаңғырту реставрациясы жүріп жатыр екен. Ал, бізде қыста жұмыс жүргізбейді, тек көктемнен күзге дейін. Оларда жыл он екі ай тоқтаусыз жүргізе береді. Бізде егер мүмкіндік болса өз алдына жұмыс істейтін институт шеберхана ашу керек. 

Барлық осы салаға қатысты мекемелер, оның басшылары ғалымдардың айтқан сынына ешқашан ренжімеуі керек. Керісінше, сыннан қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс істесе екен дейміз. Сонда ғылым да, археология да дұрыс бағытта болады. 

–  Бір кездері археолог Бауыржан Байтанаев Шымкенттің жасын 2200 жылға жеткізді. Қайбір жылдары Түркістанда өткен жиында «Түркістанға 3000 жыл» деді. Алайда, біраз тарихшылар онымен келіскен жоқ. Сіз бұған не айтасыз?

–  Мен әдебиетшімін. Бірақ, музейдің ғылыми қызметкері ретінде пікірім, кезінде осы археологиялық ескерткішке айналған қала жұртына Түркістанға 1150 жыл дедік. Ал, кейбір археологтар оның алдындағы ғасырды айтты. Сонда еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Неге өздеріңіз алдын-ала археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп нақтысын анықтап алмадыңыздар? Халыққа хабарлап қойдық қой» деген. Әрине, Бауыржан Байтанаев үлкен археолог ғалым. Алайда, оны ешкім де дөп басып айта алмайды. Мысалы, кезінде Тараздың 2000 жылдығы өтті. Мен сонда мерзімді басылымда «Отырардың 2000 жылдығын атап өтейік» деп мақала жаздым. Бірақ, белгілі бір археологилық қазба жұмыстары жүрсе, одан да алдыңғы ғасырдың мәдени қабаттары шықса дата тағы да өзгеруі мүмкін еді. Сондықтан, мерейтойларды кесіп айту дұрыс емес. Осы жағынан қарастырсақ, Бауыржан Байтанаевтың да, басқаның да айтқаны нақты шықпауы бек мүмкін. Себебі, одан алдыңғы ғасырдың  жәдігерлері шықса сол ғасырға жылжытуға тура келеді. Қазақстанның басқа жерлерінде де сол археологтардың қазба жұмыстарының нәтижесіне байланысты анықталады. Біз археолоиялық қазба жұмысы аяқталды, соңғы мәдени қабат ашылды деп еш уақытта айта алмаймыз. Мәселен, Есіктен бір Алтын адам шықты. Оны керемет атап өтіп, ашылуын жасады. Алайда, одан кейін де бірнеше Алтын адамдар шықты. Бауыржан Байтанаевтан кейінгі толқын келе жатыр. Олар ары қарай қазба жұмысын жүргізіп, алдыңғы ғасырды айтуы да мүмкін. 

– Жасыратыны жоқ, археология бүгінде бизнеске айналып келеді. Бұл саладан хабары жоқтар мемлекеттен бөлінген қаражаттарды «тендер» арқылы ұтып алып, көзбояушылық, өтірік сенсациялар жасайды. Түркістанда солай болды. Мамандардың аузымен айтылып жүрген осы әңгіме қаншалықты рас?

–  Салыстырмалы түрде кәдімгі күре жолды айтайықшы. Оны тендерге салғанда кімнің техникасы жаңа, кімнің төсейтін шикізаты сапалы болса сол ұтып алып, қазіргідей «сапасыз болды, мерзімінен бұрын тозып кетті» дейтін пікір болмайды. Мысалы, Батыс Европа-Батыс Қытай автомобиль жолы салынғанда мен Руханият Әбу Насыр Әл-Фараби музейінің директоры едім. Ол кезде біздің қарасты мекемеміз мәдениет басқармасы Шымкент қаласында. Сондықтан, апта сайын қалаға конференцияларға, жиындарға барамын. Сол кезде сол жол салынып жатқан. Оны әр фирма сапасын әртүрлі етіп салды. Қазір сол сапасыз салынған жол тозып жатыр. Ал, кейбір бөліктері әлі сол баяғы қалпында, тозығы жетпей тұр. Ал, археологияда олай емес. Арнайы Археология институты бар. Онда маманданған ғалым археологтар жүмыс істейді. Қай жерде археологиялық қазба жүретін болса, сол жерде сол институттың археологтары жетекшілік жасау керек. Кемел Ақышевтің кезінде Отырарда немесе Батыста болсын барлық жерде Археология институтынан рұқсаты барлар ғана қазба жүргізді. Отырарда 25 жылдан астам қазба жүргізген Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болды. Олар әрдайым Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейімен байланыста болды. Ол міндетті түрде солай болу керек. Содан кейін жергілікті әкімдікпен немесе сол кездегі партия комитетімен байланыста болды. Сөйтіп нәтижелі жұмыс жүргізді. 

Оны бизнеске айналдыру заңға қайшы және ғылыми негізі де жоқ. Мүлдем археология ғылымынан алшақ әрекет. Ол – қылмыс. Оны белгілі бір археология институты ғана жүргізу керек. Тарихтың негізгі саласы – археология. Біздің тарихымыздағы жазба дерегіміз жиырма-ақ пайыз. Қалған 80 пайызы ескерткіштер. Археологиялық, архитектуралық, мәдени мұра бағыты бойынша бағамдасақ солай. Бізге шетелдермен тәжірибе алмасу керек. Білесіз бе, Қазақстан тарихы жазылған жоқ. Бір естуім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті ғалымдарды шақырып, редакция алқасын құрып, Қазақстан тарихын жазуды бастады деп естідім.  Бұл ретте Мемлекет басшысына алғысымды айтып, басымды иемін. Себебі, біздің тарихымыз –біздің тағдырымыз. Тарих археологиялық қазбалардан, музейдегі артефактілерден шығады. Жалпы, музей тек көрме қоятын немесе жәдігер сақтайтын ғана орын емес қой. Ол – ғылыми зерттеу институты. Онда жалпы түпдеректер жатыр. Жақында ғана менің «Фараби елі» дейтін кітабым шықты. Кітапты түгелімен жәдігерлерді сөйлетіп, соларға сүйеніп жаздым. Сөйтіп қалың оқырманға, тарихшыларға, әдебиетшілерге ұсындым. 

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Құттыбек ЖАҚЫПОВ: «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, қастандықтың құрбаны болды»
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу