Құттыбек ЖАҚЫПОВ: «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, қастандықтың құрбаны болды»

Oinet.kz 19-02-2025 123

Құттыбек ЖАҚЫПОВ – Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер суретшісі, Мәдениет қайраткері.

Screenshot_4.jpg

 – Былтыр «Түркі қағанаты» көркем шығармалар топтамаңыз Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Мемлекеттік сыйлық алуда бұра тарту, үміткердің шыққан жерімен санасу болатынын айтушылар аз емес. Жалпы өнер адамдарына сыйлық беруде әділеттілік бар ма?

– «Түркі қағанаты» көркем шығармалар топтамамды Мемлекеттік сыйлыққа Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің басшылығы ұсынған болатын. Алғашқыда «маған қайдағы сыйлық» деп күмәнмен қарағаным рас. Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша маған екі дауыс жетпей қалып, сыйлықтан қағылдым. Алайда бұл жағдайға еш құлазымадым. Жалпы суретшілер басқа өнер адамдарына қарағанда өз әлемінде өмір сүретін жандар. Әрине барлығы емес. Сондықтан болар олардың есімдері халыққа онша таныла бермейді. Үміткер ретінде қатысуымның нәтижесінде менің есімімді біраз басшылықтағы азаматтар, ел танып қалды. Комиссия мүшелерінің көпшілігі мені танымайтынын ескеріп, бір-екеуіне арнайы жолығып, альбомдарымды таныстырған болатынмын. Олардың еңбектерімді көргенде «Ойпырмай, бізде осындай суретші, мынадай керемет шығармалар бар ма?» деп таңғалысып қалғаны бар. Көрнекті актер Асанәлі Әшімов ағамызбен де жолыққанда: «Көшпенділердің ұмытылып кеткен өнерін қайта жаңғыртып жатыр екенсің» деп арқамнан қағып, шығарып салды. Сыйлық бұйырмаса да, осылай біраз адамның ыстық ықыластарын байқадым. Үміткерлердің арасында небір мықты ақын, жазушыларымыз да болды. Олардың өтетініне сенімді болған едім. Соған қарағанда Мемлекеттік сыйлық табыстауда тек өнер мен еңбек қана бағаланбайтын секілді. Бір рет жолым болмағасын екінші сынақта өтемін деп ойлаған жоқпын. Әрине, мемлекеттің еңбегімізді елеп-ескергеніне қуандым.

– Туған ағаңыз Құрасбек Тыныбеков, қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін салушылардың бірі. Мемлекеттік сыйлық оған қайтыс болғаннан кейін берілді. Тыныбеков қастандықтың құрбаны болды, оған у беріп өлтірді деушілер де бар. Бұл сөздердің ақиқаты қайсы?

– Әкем Тыныбек 3 жасымда өмірден өтті. Әкенің қамқорлығын, мейірімін маған сезіндірген ағам Құрасбек еді. Өнерге алғаш баулыған ұстазым да сол. Құрекеңнің қайтыс болған күні әлі көз алдымда. Студент кезімде қарауыл болып жұмыс істеп жүрген кезім еді. Жұмыстан келсем ағам ауырып жатыр екен. Әйтпесем ол аурухана есігін ашқан адам емес. Сол түні шыдай алмай, қатты қиналды. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырттық. Ешқайсысы не болғанын айта алмады, тек укол салып кете берді. Таңғы алтыда алтыншы жедел жәрдем келгенде дәрігер «По моему, отравление» деді де, ауруханаға алып кетті. Беті бері қарамаған екен. Ауруханада жүріп кетті... Мұндай болады деп ешкім ойламады. Оны біреулер жоспарлы түрлі өлтіруі мүмкін деген күдік-күмәніміз болғанда сұрап алар ма едік... Тілсіз кетті, өкінеміз әрине.

Ағама қастандық жасалды деп 100 пайыз айта аламын. Дәрігерлердің берген медициналық қорытынды қағазында «отравлен неизвестным ядом» деп жазылған. Бұл енді қастандық емей, немене?! Сол құжатты мен қара басып жоғалтып алдым. Тергеуші маған сол кезде удың түрі көп екенін айтты. Бір айдан кейін, бір жылдан кейін әсер ететіндері де бар екен. Тергеуші «удың қашан берілгені белгісіз. Ағаңыздың жарты жыл бұрын, бір ай бұрын қайда барғанын, кіммен жолыққанын анықтау қиын. Сондықтан істі жабамыз» деді. Осылайша шешуінен жұмбағы көп бұл іс жабылды. Қастандық жасалды деп айтуыма бір себеп сол кезде ағам Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған болатын. Кейіннен «неге қазақ алады?», «неге орыстар жоқ?» деген әңгіме айтылып, талас-тартыс басталды. Одан кейін тізімге гобеленшілер: Ярема, Е.Николаева, Ф.Зауырбекова қосылды. Осы сыйлық төңірегінде бәсекелестік, көре алмаушылық болды ма, әлде ағам біреулердің алдын кесіп кетті ме екен, кім біледі?! Ағам Құрасбек ұлтшыл еді. Кейде осы қасиеті біреулерге ұнамай, жолдан алып тастады ма деген ой да келеді. Әлі есімде ауылдан қалаға жаңадан келген кезім. Студентпін. Ағам екеуміз троллейбуста келе жатқанбыз. Бір кезде орыс жігіт маған айғайлап ұрыса бастады. Сөйтсем орын бер деп тұр екен. Мұны көрген Құрекең троллейбустағы кілең орыстарды сөзбен «жерден алып, жерге тастап» орындарына қойды. Мүмкін осындай ұлтшыл азаматты Кеңес үкіметінің өзі көзін құртқан шығар. Болжам көп. Бірақ Құрасбек Тыныбеков қастандықтың құрбаны болғанына сенімдімін.

– Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын Шымкенттегі «Суретшілер үйін» сақтап қалу үшін арпалысқаныңызды білеміз. Алайда ғимарат сатылып кетті. Білуімізше, ол қазір бұзылып та кеткен. Шымкентте «Суретшілер одағы» қаншалықты жұмыс істейді?

– Кеңес үкіметі тарағаннан кейін суретшілердің жағдайы қиындап кетті. Шымкенттегі «Сурешілер үйі» ортақ үйіміз болғанымен, қаңырап қалды. Әркім күн көрістің қамымен өз шеберханаларын ашты. Ал мекеменің коммуналдық шығындарын ешкім төлемегендіктен қарыз өсе берді. Сондықтан ортақ шешіммен суретшілер оны сатып, қаражатты бөліп, шеберханаларын ашып, дамытайық деген шешімге келді. Оның үстіне сол жылдары ғимаратқа әкімдердің көзі түскендіктен суретшілердің одан айырылып қалу қаупі бар еді. Жер учаскесі мемлекеттікі болатын. Ал ғимарат Алматыдағы «Суретшілер одағына» қарайды. Жерді сатып алуға көмек сұрап Одаққа барғанымызда олар «бізде бір тиын жоқ, өздерің шешіңдер» деп шығарып салды. Сөйтіп әупірімдеп жүріп өзіміз ақша жинап, жерді сатып алдық. Кейін оны саттық. Не жер, не мекеме болмағасын суретшілер шашырап кетті. Осы жағдайға қарап мекеменің сатылғаны дұрыс болмады-ау деп қаласың. Бірақ сатылмағанның өзінде жағдай осындай болар еді. Себебі «Суретшілер одағының» баяғыдай күші қалмады.

– Туған жеріңіз Төлеби ауданынан «Суретшілер үйін» ашуыңыздың себебі осының орнын толтыру емес пе?

– Жоқ. Бұл идея менің ойымда баяғыдан жүретін. Төлеби ауданы суретшілердің отаны саналады. Бұл өңірден Тоқболат Тоғысбаев, Бексейіт Түлкиев, Құрасбек Тыныбеков, Ерболат Төлепбай сынды мықты суретшілер шыққан. Төлебиден «Суретшілер үйін» ашу Тоқболат, Құрас ағаларымыздың арманы болатын. Мен сол ағаларымның арманын 2021 жылы жүзеге асырып, өз қаражатыма туған ауылым Аққұмнан республикадағы алғашқы әрі жалғыз «Суретшілер үйін» аштым. Шығармашылық орталықта бірнеше симпозиумдар өткіздік. 2022 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев біздің орталық туралы естіп, арнайы іздеп келген. Еліміздегі бірегей мекеменің жұмысын одан әрі дамыту керектігін айтып, жоғары бағасын берді. Көп ұзамай ол кісі қызметінен кетті де, жобалардың барлығы сол күйі орындалмай қалды. Ашылғанымызға үш жылдай уақыт болса да жергілікті басқармалар мұнда аяқ басып, «жағдайымызды» сұраған емес.

– Қазір ауылда баяғыдай ешкім киіз баспайды. Киізге ою салатын, сырмақ басатын, кесте тігетін, ұршық үйіретін апаларымыз, жеңгелеріміз азайып бара жатыр. Осындай алмағайып заманда ұлттық өнерді қалай сақтап қаламыз? Ұлттық гобелен өнеріне деген жастардың қызығушылығы туралы не айтасыз?

– Ұлттық өнеріміздің жоғалып бара жатқаны – мемлекеттің көңіл бөлмей отыруының салдары. Көршіміз Өзбекстанға қараңызшы. Ташкент, Самарқан, Бұқараға барсаңыз шеберханаларында тынбай кәдесый жасап жатқан шеберлерді көресіз. Өзбекстан билігі қолөнерді атасынан баласына мұра етіп қалдыру туралы заң шығарған. Қолөнершілерге «автоматты» түрде құжат талап етілмей зейнетақы тағайындалады. Ол аз десеңіз, туындылары шетелге сатылып жатса, ешқандай салық төлемейді. Ала шапанды ағайындарымыз осылайша ұлттық өнерін сақтап, оны ұрпақтарына мұра етіп жеткізіп отыр. Алатаудың арғы жағындағы көршілеріміздің де ұлттық өнерге деген қамқорлықтары ерекше. Бізде мұндай заң, қамқорлықтың бірі де жоқ. Жастар да өнерге қызықпайды. Себебі бұл мамандықпен отбасын асырай алмайды. Аты білдей Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, Шымкенттегі оқу орындарындағы қолөнер факультеттерін бітірген түлектердің біреуі де суретші, гобеленші болмайды. Жарқын болашақ көрмегесін, басқа салаға кетеді. Кейде сол факультеттердің барлығын жаба салу керек шығар деп ойлаймын. Бұған жастарды кінәлай алмаймыз. Біздер тек сол жастарды өнерге қызықтыра алмай отырмыз. Бұрын біздер суретші, қолөнерші болуды армандадық, қызықтық. «Суретшілер одағы» Кеңес дәуірінде ең мықты мекеменің бірі еді. Одақ ешкімді жұмыссыз қалдырмайтын. Ең мықты тапсырыстарды беретін. Содан біздер жақсы ақша тапқан соң, одан әрі талпынатынбыз. Жұмысымызды қызыға отырып істейтінбіз. Осылай жастарға, мамандарымызға үкімет тарапынан қолдау болмайынша, ұлттық өнер дамымайды.

Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асып кетсе де, мемлекет тарапынан суретшілерге деген оң көзқарас байқамадым. Осы күнге дейін еңбектері еленіп, ескерілмей келді. Билік үшін суретшілер жоқ секілді. Бұрынғы «Халық суретшісі» атағын қайтарыңдар» деп шырылдап та жүрміз. Үкімет үшін суретшілер «тоқалдан туған» бала секілді. Бізге қарағанда жазушы, ақындар жақынырақ. Немесе олардың басшылары жақсы жұмыс істейді. Суретшілер өз қаражатына көрме өткізеді. Ең қызығы, сол көрмеге мемлекеттік басшылардың біреуі де келмейді ғой. Мысалы, менің Қырғызстанда өткен көрмемді Президенттің бірінші көмекшісі келіп ашты. Сол жерде мәдениет министрлігінің өкілдері де жүрді. Ал бізде ше? Министрлік түгілі көрмеде әкім, оның орынбасары, тіпті мәдениет басқармасы өкілдерінің бірін де таппайсың. Дегенмен қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қызметке келгелі бері сең қозғала бастады. Суретшілер қауымына көңіл бөлініп жатыр деп айта аламын. Мәселен, мемлекеттік стипендияға өткен жылы Амандос Ақанаев екеуміз іліктік. Бұған дейін қатарынан екі суретші мемлекеттік стипендия алған емес.

– Сіздің өзіңіз патенттеген техникаңыз бар екен. Оның ерекшелігі, бірегейлігі неде? Жалпы, қазақ халқының қолданбалы өнері саласы толық зерттеліп бітті ме? Әлі де бізге белгісіз қырлары, бағыттары, мұрасы бар ма?

– Мен терінің түкті жағына түктерді қыру мен ою арқылы композиция жасап, ал түксіз жағына майлы бояумен сәндік бейнелеу әдісімен кескіндеме саламын. Бұл «Екі жақты тері» технологиясы деп аталады. Теріден жасалған сәндік паннолар менің бейнелеу өнеріне алып келген жаңалығым. Өнертанушы Камилла Лидің кеңесімен теріге бедер салу технологиясын патенттеп алдым. Бішкектегі көрмеде менің туындыларымды көрген кырғыздың атақты халық суретшісі Динара Чучинбаева «Біз қолөнерден қазақтардан мықтымыз деп жүрсек, бірақ теріден мынадай керемет дүниелер жасау ойымызға келмепті» деп өзінің жоғары бағасын берген болатын.

Ал енді қазақ халқының қолданбалы өнерінде толық зерттелмеген дүние көп. Айталық осы теріден композиция жасау өнерін әлі зерттеп жүрген ешкім жоқ.

– Шығармашылық адамдары қоғамның трагедиясын, өзекті мәселелерін туындыларына арқау етіп жатады. Сіздің де мұндай еңбектеріңіз бар шығар?

– Жалпы менің мақсатым өнер арқылы мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді жеткізу, насихаттау болып табылады. Мен қазақ даласын, көшпенділердің өмір салтын, философиясы мен мифологиясын бейнелеймін. Тері деген қарап отырсаңыз қызық дүние. Терінің ішінен мен сіз көрмеген нәрсені көремін. Осылайша тақырыптар өздігінен туындай береді. Ал сіз айтып отырған өзекті тақырыптарды көбінесе кескіндемешілер көтереді.

– Ең қымбат бағаға сатылған туындыңыз қайсы?

– 1986 жылы «Көкпар» және «Жекпе-жек» атты екі шығармамды Мәскеудегі мемлекеттік Шығыс музейі өз меншігіне сатып алған. Одан кейін 2015 жылы ОҚО Бейнелеу өнері музейі ашылған кезде Оңтүстік суретшілері арасында бірінші болып менің жеке көрмем ашылған болатын. Көрмені Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова, сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов биліктегі азаматтар арасынан алғаш тамашалағандар болды. Сол көрмеден менің «Атамекен» және «Мәңгілік ел» атты екі шығармамды Елбасы Н.Назарбаев Түркияның Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Оңтүстікке іс-сапармен келген кезінде сыйға тартты. Ал «Ұлы дала» атты шығармамды 15 мың долларға Президент Әкімшілігі сатып алды. Бұл туындым қазір тұңғыш Президент музейінде тұр.

Әңгімелескен

Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Біржан Байтуов: Діннің насихаты айтысқа мұқтаж емес
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу