Ақмарал Сатыбалдықызы: Әбекең аспанды да жылатып кетіп барды

Oinet.kz 09-08-2023 3586

Screenshot_1.jpg

- Әбілда ағаның дүниеден қайтқанына биыл 9 жыл толады. Тірі болғанда биыл 70 жылға толар еді. Әбілда ағасыз 9 жыл қалай өтті? Ағаға деген сағынышты қалай жеңесіз?

- Иә, 9 жыл бұрын Әбекең бар еді, ол кісі бар да өмір бір басқаша еді. Дәл сол уақытта аспан түнеріп, жаңбыр жауып, артынан алай-дүлей жел соққан болатын. Сонда зиялы қауым өкілдері «Әбілда аспанды да жылатып кетіп барады» деп қоштасқан-тын. Барлығы көз алдымда сурет болып тұр әлі. Соңғы кездері уақыт шіркін дегеніңе бағынбай зуылдап өтіп барады. Әбекең барда жанында досындай, құрдасындай бала болып жүрген едік, бүгін міне 45-жастан асып 50-ге жақындадым. Әрине алдыңғы жылдары қатты қиналдым, бағытымнан адастым, абыржыдым, бірақ сонда да сеніңкіремей жүре бердім, келіп қалатын сияқты күйде болдым.  Бірақ, кейіннен тірі адам тіршілігін жасау керек екенін сезініп,  аман жүргеннен кейін күйбең тіршілікпен өмірді сүре береді екенсіз. Қайткенде де өмір сүру керек, орысша айтқанда (выживание) болды ғой.  Өмір күрес екен,  адасып барып тура жол іздеуден шаршайды екенсің, жаның жабырқап жалғызсырайды екенсің, бәрі-бәрі басымыздан өтіп жатыр ғой. Дегенмен жабырқап, қайғырып отыра беруге де болмайды екен, Әбекеңнің алтындай екі қызы бар, солар бірінші аллаға сосын маған аманат. Қазір екі қызым да бойжетіп отыр. Үлкені бухгалтер болып жұмыс жасайды, екіншісі студент.

Әбекең қайтқаннан кейін менің жан қиналысымды қатты сезінген бірінші анам болды, анам әрқашан өзінің сөз жәрдемімен мені демеп, қолдап-қуаттап отырса, марқұм әкем көңіліме қарап, мені жұбатуға тырысатын. Әбекеңді сағынғанда, көбінесе кітаптағы жырларын оқимын, бейне фильмдерін көремін. Бірақ бейнефильмдерін көргенде әлі күнге дейін көзіме тоқтамай жас келеді де тұрады.

Әбілда ағамен қалай танысқан едіңіз? 

- Әбекеңмен танысқанда мен небәрі 19 жаста болатынмын. Осындағы туысқандар арқылы бір күні Жазушылар одағынан бір-ақ шықтым. «Дидар» газеті мен «Жібек жолы» журналы шығатын, сол газетті мекемелерге таратып шығатынмын. Курьер болып жұмыс істедім. Кейіннен ол кісінің өлеңдерін машинкаға (Янтарь) теріп, жинақтап кітап шығару жұмыстарына араластым. Солай-солай ең бірінші өлеңдеріне ғашық болдым. Кейіннен ол ғашықтық Әбекеңнің сезімімен ұштасып кетті.

Ағаның қандай қасиеттері сіздің жаныңызды жадыратты?

Әбекеңнің адам қызығатын қасиеттері көп болатын. Ең бірінші мен сөйлеу, сөйлесу мәдениетін үйрендім. Кейінірек, көңілді жүру, қарым-қатынасты үйрендім. Көңілді жүрген кезі, балаша мәз болған кездері, әзілдері, әсіресе дауысы маған қатты ұнайтын.

Қыздарына деген мейірімі бір төбе десем болады. Аллаға шүкір барлығымыздың әкеміз болды ғой, салыстырмалы түрде айтсам, дәл Әбекеңдей қамқор, жүрегі нәзік әкелер аз деп ойлаймын.

Мейірімді әке, сүйікті жар, қадірлі азамат. Үнемі сағынып тұруы, телефонмен әзілдеп хабарласуы, еркелетуі, қамқорлығы бәрі-бәрі ұнайтын. Ол кісі қуанса менің жүрегім қуанып қалатын.  Әбекеңнің қыздарымен жиналып әңгімелесіп отырсақ, жүгіріп келіп ортамызға отыра қалуы, қыздарымен балаша ойнауы, әсіресе туған әпкесі Күләшпен әзілдесіп, айтысып  ойнаған кезде күлкіден езуімізді жинай алмай қалушы едік.

Адамгершілігі, ешкімнің көңілін қалдырмауы, айналасына жақсылық жасап жүруі, қолдап-демеп жүруі, барынша шын пейілімен қарасуы, бойында қарапайымдылықтың тұнып тұрғаны,  мені қуантуы, жұбатуы тағы сол сияқты адами қасиеттердің бәрі ол кісінің бойынан табылатын. Әрине, осындай жан дүниесі бай азамат кез-келген әйелдің жүрегіне қуаныш сыйлайды, жаныңды жадыратады ғой.

Айналаңыздағылардың психологиялық қысымымен қалай күрестіңіз? 

- Психологиялық күрес емес-ау, бірақ елеусіз қалады екенсің. Жалғыздық жаныңа қатты батады екен. Шақырған жерлерге мүмкіндігінше бірге барушы едік. Айналаның сөзіне, басқасына  мән берген жоқпын, кейбірі жаны ашып, кейбірі күліп дегендей, енді бірі адам орнына санамай ма, заман ағымы солай шығар. Шамалы уақыттан кейін ешкімнің менімен жұмысы болмай қалды. Солай болуы керек те шығар. Ешкім ешкімге міндетті емес қой, қарауға немесе басқа да жағдай жасауға. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей ғой. Ешкімнен қолдау да күткен жоқпын. Бір аллаға қолымды жайдым. Бірақ бір жыл бойы марқұм Әбекеңнің Әлжан деген бауыры бастаған бір топ азаматтар көмектесіп отырды.

Аға дүниеге қызықпаған өте қарапайым азамат еді. Екеуіңіз шаңырақ көтергенде материалдық қиындықтардан қалай шықтыңыз? Қиындыққа сынып кетпедіңіздер ме? Қос отбасын асырау үшін аға қандай жұмыстар істеді.

Әбекең шынымен де дүниеге қызықпаған азамат еді, өмірді басқаша өлшейтін. Өзінің бір әлемі болатын, сол әлемімен өлеңге деген сезімдерімен өмір сүрген болатын. Жаратылысы ерекше адам еді.

Екеуіміз шаңырақ көтергенде материалдық тапшылықтар болды, қазір енді артта қалды ғой бәрі. Мен ол кезде небәрі 20 жастамын. Ондай қиыншылықтарға дайын емес едім, бір жағы жастығым болар.

Қазақтың ардақты азаматы марқұм Манап Өтебаев мырза бізге бір бөлмелі жатақхана берді. Сол жатақханада тұрдық. Кейіннен Әбекең қыздарын алып келіп жүргенін көріп, тағы бір бөлме берген еді. Тегін тұрдық. Алла разы болсын. Жатақханада тұрған кезімізде Әбекеңнің ауылдағы ағайындары киіз, көрпе жастық әкеліп берді. Гүлзипа Палымбетова апайымыз жастық, оқтай-тақтай әкеліп берді, солай-солай ақырындап құралдық. Әбекеңе екі отбасыны асырау оңай болған жоқ. Ол кісі жазу машинкасын сатуға дейін барды, мен базарға шығып кеттім.  Кейіннен 2-2,5 жылдан кейін пәтер жалдап бір бөлмелі үйге көшіп шықтық. Ол жерде біраз тұрған соң Әбекеңе бір кооператив 17 м/ауданнан 4-бөлмелі үйді ұсынған. Бірақ үй авариялық жағдайда болатын, соның өзінде авариялық жағдайды қалпына келтіріп береміз деп үәделескен, бірақ олай болған жоқ. Әбекең сеніп қалған болуы керек. Бір күні көшіп  бардық, төрт қабырғадан басқа ештеңе жоқ, есік, терезе, ванна, жылу құбырлары т.б. дүниелерінің барлығы ұрланып кеткен. 4-қабаттамыз, жерге су төксең зуылдап ағып кететін, үй шалқайып қалған еді. Ол жерде де оңай болған жоқ, бір күні көшуге мәжбүр болдық. Сосын Әбекеңнің үлкен шаңырағына баруға тура келді. Сол кезде бүкіл газеттер шулап, «Әбілда екі әйелді бір үйде ұстап отыр»- деп сенсация жасаған. Бірақ бүл жағдай Әбекеңнің де, менің де, қыздардың мамасының да жанына да қатты бататын. Шындығында көп чиновниктердің 2-3 әйелдері бар ғой, бірақ олар жасырып ұстайтын шығар. Әбекең айтатын, мен тойғанымнан емес тоңғанымнан секірдім дейтін. Сол бір кезеңдер творчестволық Әбекеңді кішкене жүдетті де, өйткені ешбір жерден айлық алмайды, «Жазушылар одағы» қоғамдық ұйым. Көптеген кітаптарға редакторлық жасап, ақысын алатын, мен жұмысқа орналастым. Әбекең кітапқа редактор болса, мен корректор боламын. Қысқасы 2001 жылы 1 бөлмелі үй алдық.

Алла-тағала  пендесін өлсін деп жаратпаған ғой, берген ризық-несібемен күн көріс жүріп жатты. Қысқасы, бір-бірімізге демеу болып, майыстық, бірақ сынған жоқпыз. Айта берсем өте ұзақ таусылмайтын әңгіме, кейін бір жазудың реті келер.

- Әбілда аға әдебиет үшін туған жан еді. Ол филиал төрағасы болып жүргенде шарқ ұрып жүріп жұмыс істеді. Қазір ағасыз Түркістан облысы, Шымкент қаласының әдебиеті саласына қатысты іс-шара, жобалар қандай деңгейде өткізіліп жатыр?

Әбекең, филиалда қаржы болмаса да бірнеше зиялы қауымның туған күндерін (юбилейлерін) сондай-ақ Жазушылар одағының 50-жылдығын, қаншама кездесу кештерін жоғары дәрежеде өткізді. Әрине демеушілер мен меценаттардың көмегімен. Көзі тірі кезінде жанын салып, беріліп жұмыс істегенін, әдебиет сүйер қауым мойындаса керек. Қазіргі жағдайды мен білмеймін.

- Жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығымен таныссыз ба? Оларға қандай баға бересіз? Жалпы қазақ әдебиетіне деген көзқарасыңыз қандай? Бүгінгі қазақ әдебиеті қандай болу керек?

- Бәрін түгел оқымасам да, біршама білемін. Мен енді баға беретіндей сыншы, немесе әдебиетші емеспін. Дегенмен, маған Сапарбаев Қанаттың, Бақытжан Алдиярдың, Роза Турдалиеваның және жас ақындардың өлеңдері ұнайды.

Қазақ әдебиетіне көзқарасым дұрыс, бірақ қазіргі кезде ғаламтор, телефонның заманы болды ғой. Бүкіл жастардың ықыласы телефонда, өзіміз де кейде көп үңіліп қаламыз. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыз айтпақшы, кітап оқитын жастар қалмады ма деп ойланып қоямын. Өзіме жауап беретін болсам, 3-4 жыл арада кітап оқымаған екенмін, сананы тұрмыс билейді деп, тіршіліктің қамымен жүре беріппіз. Шындығында кітап оқымасаңыз рухани аш, кедей болады екенсіз. Шыны керек, Әбекеңнің кітабы үнемі қасымда тұрады, жиі-жиі оқимын. 1 жылдың көлемі болып қалды, Асанбай Асқаровтың «Тағдыр», Дамира Өмірзаққызының «Адамзаттың алтын тәжі», Айнұр Тұрсынбаеваның «Түпсана», авторын ұмытып отырмын «Ихсан» деген кітаптарды оқыдым.

Бүгінгі қазақ әдебиеті қандай болу керек деген сұрағыңызға жауап беру қиындау болып тұр, қазіргі кезде көптеген жастарымыз жарқын болашаққа оң көзқараспен қадам басып келе жатқан сияқты, оның ішінде әдебиетке, поэзияға құмар жастар өз бағытын бір арнаға түсіріп, сол арнамен үнемі дамып отырса, көштен қалмайды, қалың жұртшылықты әдебиетпен, поэзиямен сусындатып отырады деген сенімдемін. Телефонның Ютуб, Инстаграм желісінде көріп отырамыз, қызығамыз.

Ағаның шарапатын көрген қандай ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері марқұм ағаны жұбайы ретінде сізді іздеп тұрады? Ағаның көзі кеткесін оның бар жасаған еңбегін ұмытып кеткендер жоқ па? Оларға өкпе-ренішіңіз жоқ па?

Әбекеңнің шарапатын көптеген ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері және өлеңге, әдебиетке қызығатын жас ақындар да көрді деп ойлаймын. Көзі кеткесін көбінесе менің жағдайымды жазушы Серік Жанәбіл ағамыз, шәкірті Сапарбаев Қанат, ақын Сабырбек Нұрманұлы және мәдениет қызметкерлері  Шәрбану, Закира әпкелеріміз хабарласып тұрды. Әлі де хабарласып тұрады. Әбекеңнің жылдық құран бағыштау асына дейінгі іс-шараларын, шығындарын Облыстық әкімшілік, облыстық мәдениет басқармасы және бір топ ағайындары көтеріп отырды. Сол уақытта Мәдениет басқармасының басшысы болған Айдарбекова Күлия апайымыздың еңбегін ауыз толтырып айту керек. Көзі тірісінде мықты қолдаушы бола білген, іс-шараларды өткізуге үлкен ықпал жасап отырған апайымыз еді. 

Ағаңның көзі кеткесін 2016 жылы Шәрбану апай бастаған А.С.Пушкин атындағы кітапхана  Мүшәйра өткізген болатын. Жыр мүшәйрасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, арнайы кітапша шығарылды. Сонымен қатар Әбекеңнің шәкірті, ақын Сапарбаев Қанат Әбекеңнің есімін ұлықтап, ҚР Президентінің жанындағы саяси-қоғамдық «Нұрлы Қазақстан» журналының бір нөмірін арнаған болатын. 

Сызып тұрып ату керек «Айғақ» телеарнасы жыл сайын туған күніне орай, басқа да уақыттарда телевидениеден үнемі Әбекеңнің көзі тірісінде түсірілген фильмдерді бейнежазбаларды көрсетіп тұрды, әлі күнге дейін көрсетіп тұрады. «Нар» телевидениесіне де алғысымыз шексіз.  «Айғақ» және «Нар» редакцияларының  басшылығына Алла разы болсын дегім келеді.

Өкпе-реніш дегенге жол жоқ, ренжуге болмайды, өйткені өмір өз дегенін істемей қоймайды, шыны керек соңғы 8-10 жылдың көлемі тек қана  күн көріс деңгейі, тіршілік қамы ғана болып қалды. Қазақ әдебиетінің өлең сүйер оқырманы үнемі оқып отырады де ойлаймын.

Биыл ағаның 70 жылдық мерейлі датасы. Осы мерейтойды өткізу ойда бар ма?  Ағаның есімін жаңғыртып тұру қандай жұмыстар жасалды?

- Негізі ол кісінің туған күні құжат бойынша 13.04.1954, бірақ ол кезде құжат алатын уақытты қойған, Ал әкесінің айтуынша  туылған уақыты 1953 жылдың мақта терімінде болған екен.

Ордабасы ауданының мәдениет бөлімі  хабарласқан болатын, мен біршама ойымда жүрген мәселелерді жазып жібердім. Туған ауылынан кітапхана немесе көшенің атын беру, еске алу кештерін өткізу, қаржы жағы қарастырылса, облыс және республика деңгейінде Жыр мүшәйрасын, сондай-ақ айтыс өткізу сияқты бірнеше ойымды қағазға түсіріп жазып жіберген болатынмын. Қазіргі таңда ғылыми конференция өтті, әрі қарай басталған процесс жалғасын табады деп ойлаймын.

Отбасымыз 2-3 ай сайын Ордабасыға барып, жатқан жеріне барып құран бағыштап, айналасын көк шөбін тазалап, жуып-шайып қайтамыз. Әрине жұма сайын нан пісіріп, реті келіп жатса құран бағыштап отырамыз.

Әрине, Алла бұйыртса, Алланың қалауымен өзімде қаражат болып жатса, жоғары деңгейде іс-шара өткізу ойымда бар және естеліктер жинағын шығарсам екен деп жүрмін  

Қазіргі кезде сол бір бөлмелі үйде тұрып жатырмыз, үлкен отбасы сол Әбекеңнің қара шаңырағында тұрып жатыр.

Аллаға шүкір, жоққа сабыр, барға қанағат еткен пендеміз ғой.

Cұхбаттасқан Абылай ЕСІМБАЙ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Нұралы Әбішев: «Қолдан жасалып отырған кедергілер көп»
«Шынайы ақпарат жазатын журналистиканың ғұмыры ұзақ»: Оралхан Дәуіт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу