Путин: Нацизмді ақтағандар сотталады

Oinet.kz 15-04-2026

Ресей Президенті Владимир Путин Ұлы Отан соғысы жылдарында нацистер тарапынан жасалған «кеңес халқының геноцидін» жоққа шығаруға немесе оны ақтауға, сондай-ақ оның құрбандарын қорлауға қылмыстық жауапкершілік енгізетін заңға қол қойды.

BbbEDAA.jpg

Құжат ресми құқықтық ақпарат интернет-порталында жарияланды. Наурыз айының соңында бұл бастаманы Мемлекеттік Дума екінші және үшінші оқылымдарда мақұлдаған болатын, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Енгізілген түзетулер Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 354.1-бабына қатысты. Бұл бап «нацизмді ақтау» мәселелерін қамтиды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, «кеңес халқының геноциді фактісін» жоққа шығарғаны немесе оны мақұлдағаны үшін, сондай-ақ осы қылмыстың құрбандарын қорлағаны үшін 3 миллион рубльге дейін айыппұл салу, мәжбүрлі еңбекке тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, өзгерістер Қылмыстық кодекстің 243.4-бабына да енгізілді. Бұл бап «әскери жерлеу орындарын қорлау» мәселесіне арналған. Енді «кеңес халқының геноциді құрбандарының» жерленген орындарын, олардың Ресей аумағында немесе одан тыс жерде орналасқанына қарамастан, жою, бүлдіру немесе қорлау, сондай-ақ олардың құрметіне орнатылған ескерткіштерді, стеллаларды, обелисктерді және өзге де мемориалдық нысандарды зақымдау әрекеттері үшін 2 миллионнан 5 миллион рубльге дейін айыппұл, бес жылға дейін мәжбүрлі еңбек немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

«Кеңес халқының геноциді» ұғымы Ресей заңнамасында жеке заң ретінде бекітіліп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Аталған заңда геноцид деп Ұлы Отан соғысы кезеңінде, яғни 1941–1945 жылдары нацистер мен олардың сыбайластарының КСРО аумағында өмір сүрген ұлттық, этникалық және нәсілдік топтарды толық немесе ішінара жоюға бағытталған әрекеттері түсіндіріледі.

Бұдан бөлек, Ресейде КСРО мен нацистік Германияны салыстыруға байланысты әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. 2022 жылдың сәуір айында Владимир Путин қол қойған заңға сәйкес, КСРО мен нацистік Германияның мақсаттары мен әрекеттерін «жария түрде теңестіруге», сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстағы КСРО-ның «шешуші рөлін» және «гуманитарлық миссиясын» жоққа шығаруға тыйым салынған.

Болатбек Әлиев: «Заңсыз» нысандар әкім ауысқан соң пайда болады
Иран: Қанды кек жалғаса береді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу