«Шынайы ақпарат жазатын журналистиканың ғұмыры ұзақ»: Оралхан Дәуіт

Oinet.kz 13-09-2023 2931

Оралхан Дәуіт ұзақ жылдардан бері журналистикада тер төгіп келе жатқан қаламгер. Еселі еңбектерінің нәтижесінде қарапайым хатшыдан облыстық медиа холдингтің басшысына дейін көтеріліп, Жамбыл облыстық мәслихат депуаты болған әріптесімізбен сұхбат журналистиканың жай күйі төңірегінде өрбіді.

Screenshot_16.jpg

–  Оралхан Әбдірашұлы, сіздің  «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарғаныңыздан хабардармыз. Сонымен қатар, Республикалық «Егемен Қазақстан», «Түркістан» газеттерінің осы өңірдегі меншікті тілшісі болып жұмыс істедіңіз. Бір кездері өзіңіз өнімді еңбек еткен өңір баспасөзінің бүгінгі дамуына сырт көз сыншы ретінде қандай баға берер едіңіз?

 – Әрине, менің журналистикада еңбек жолымды бастаған жылдар мен қазіргі уақытты салыстыру өте қиын. Айырмашылық жер мен көктей. 1996 жылы мен қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жұмысымды бастаған кезде редакцияларға компьютер деген енді-енді келе бастаған. Онда да газетті безендіретін бір компьютер, сосын машбюрода мақала теретін бір компьютер бар еді. Мақаланы қолмен жазып, машбюродағы апайлардың алдына тастап кетеміз. Кейде қастарында отырып, диктовка жасаймыз. Үлкен кісілер мақалаларын арнайы машинкада теретін. Жас болғандықтан шығар компьютерді тез меңгеріп алдық. Аға-апайларымыз бізге қызғанышпен қарайтын.

Ал қазір «компьютер білемін, вордты ашып мақаламды теріп, өзім принтерден шығара аламын» деп айтсаң, бүгінгі жастар күлуі мүмкін. Қазір біз жастарға қызғанышпен қараймыз. Бүгінгі жастар мақала да жазады, видео түсіріп, оны монтаждап, көркемдеп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарата біледі. Жасыратыны жоқ, мақала жазуды білгеніммен әдемі видео түсіру, оны монтаждау жағынан аздап ақсайтыным анық.  

Аллаға сансыз шүкіршілік, «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Ақ жол», «Арай» сияқты қазақ баспасөзінің киелі шаңырақтарында еңбек еттім. Оның ішінде жүз жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің және жастар басылымы «Арай» газетінің бас редакторы қызметтерін атқардым. Бұл басылымдардың әрқайсысы бір мектеп. Қаншама мықтылардың тәрбиесін көрдім, үйрендім, шәкірті атандым. Сауытбек Абдрахманов, Шәмші Пәттеев, Ғалымжан Мелдеш, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұртөре Жүсіп, Рысбек Сәрсенбай, Әмірхан Меңдеке, Еркін Қыдыр, Жұмамұрат Тұяқбаев, Оразхан Жарқынбек, Байдулла Қонысбек, Иса Омар, Нұрлан Кенжеғұлов, Абай Балажан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Мақұлбек Рысдәулет сынды қазақ журналистикасының жампоздарынан тәлім-тәрбие алдық. Соларға ұқсағымыз келді. Солар құсап жазғымыз келді. 

Әрине, өзім еңбек еткен редакциялармен байланысымды ешқашан үзген емеспін. Өзім өскен қарашаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жазылған. Ауылға барған сайын бастан-аяқ қарап, оқып шығамын. Республикалық газеттердің сайттарын жиі шолып тұрамын. БАҚ саласында басшы болғаннан кейін басқа басылымдарды жиі қарап, салыстырып, озық жақтарын алуға тырысамын. 

Өзім дүниеге келген Түркістан облысы мен еңбек етіп жатқан Жамбыл облысының журналистикасын салыстырып, біреуін жоғары, біреуін төмен қоя алмаймын. Екеуі де мықты. Бұрын газеттердің тиражына қарап та салыстырып жататын. Қазір тираж мәселесі барлық өңірлерде қиын. Сөз жоқ, қазір баспасөз дамыды. Барлық газеттердің сайттары бар. Заманға сай ақпарат таратуға ұмтылып жатыр. Бірақ газеттерді тарату жағы, оқырманға жеткізу жағы сол күйі дамымай қалды. Бір кездегі пошта желісінің барлығы дерлік күйреген. Ауыл түгілі, облыс орталығындағы оқырманға газет 2-3 күн кешігіп жетеді. Ауылға жарты айда жете ме, жоқ па? Әлі есімде, 2000 жылдары іссапармен Арыс қаласына бардым. Таңертең аудандық әкімдікке кірсем, сол күнгі «Оңтүстік Қазақстан» газеті аудан әкімінің алдында жатыр. Түк жоқ заман болса да, ол жылдары пошта желісі өте керемет жұмыс істейтін. Қазір бәрі құрыды. Сондықтан әсіресе, газет-журналдар қиын күндерді бастан өткеріп жатыр. Кейде поштаның қазіргі жұмысына қарап отырып, «газет шығарудың қажеті бар ма, жоқ па?» деген де ойға қалатының анық. «Жамбыл облысының әкімі ауысты» деген ақпаратты арқалаған газет аудан-ауылға бір-екі аптадан кейін жетіп жатқанда оқырман тарту туралы не айтуға болады?! Осы сылбырлығына қарамастан пошта мекемесі газет құнының 40 пайызын қалтасына басады. 

Меніңше, ақпарат саласы түбегейлі өзгеруі қажет. Газеттер сараптама мақалаларға көбірек орын беруі керек. Өйткені газет-журналдар ақпарат тарату жағынан бәрібір сайттарға, әлеуметтік желілерге ілесе алмайды.

– Сіздің журналистика мамандығын емес филология факультетін бітіргеніңізден хабардармыз. Бүгінде елімізге кеңінен танымал, атақты журналистсіз, бір облыстық медиа холдингін басқарып отырған іскер басшысыз. Журналистика мамандығын бітірмей-ақ, осындай жетістіктерге жетудің сыры неде? Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде «журналистика факультетін жабу керек» деген сыңайдағы әңгімелерге көзқарасыңыз қалай?

 – Иә, мамандығым – филолог. Бірақ, журналист болуды бала кезден армандадым. Әкеміз де кезінде жоғары оқу орнына бара алмаған. Бір үйдің үлкені болғандықтан кемпір-шалды тастап шыға алмаған ғой. Біз оқу бітірген 1992 жыл алмағайып заман еді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы мектеп бітіруші түлектері біз болдық. Содан әкем мені Алматыға оқуға жіберуге қорықты. Бәлкім, алысқа жіберетін жағдайы да болмаған шығар. Сонымен Шымкентте мұғалімнің оқуын бітірдім. Бірақ диплом алған соң бірден газетке жұмысқа тұрып кеттім. 

Жалпы журналистика саласы дипломға көп қарай бермейді. Ең бастысы қолыңнан жазу келсе болды. Тіпті дипломы жоқтар да журналист болып жұмыс істеп жүргенін көзім көрді. Қаншама редакцияда жұмыс істедім, газеттің бас редакторы да болдым, «сенің мамандығың мұғалім екен ғой, кәсібіңе сәйкес келмейді» деп алалаған басшыны да көргенім жоқ.  

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері «журналист мамандығының не керегі бар, бұл мамандықтың болашағы жоқ» деген де әңгімелер айтылып жүр. Өз басым ол заманды елестете алмаймын. Тіпті күндердің күнінде газет-журналдар да мүлдем тоқтайды дегенге сене бермеймін. Тоқтап қалған күнде де электронды ақпарат құралдары арқылы журналистика дами береді. Қазір жұрттың бәрі әлеуметтік желілерде отыр. Жаңалықтардың барлығын сол жерден оқиды. Осыдан кейін журналистиканың не керегі бар деген ой туындайтын шығар. Журналистика дамып, формасы өзгеруі мүмкін. Бірақ дәл осы мамандық болашақта мүлдем керек болмай қалады дегенге сенбеймін. Ақпарат таратудың формасы ешқашан тоқтамайды. 

Қазір жұрттың бәрінің қолында ұялы телефон. Бәрінде интернет бар. Кез-келгені әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарата береді. Осындай ақпарат ағыны көбейгеннен кейін жұрт оның шын-өтірігін айырудан қалды. Газетте тілші мақала жазады, ол газетке шыққанша бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қарайды. Яғни қаншама адамның сүзгісінен өтеді. Біреуі болмаса біреуі «Мынау фактің анық нәрсе ме, ертең дәлелдей аласың ба?» деп сұрайды. Ал әлеуметтік желілерде кез келген адам естігенін бірден жаза береді. Ешқандай сүзгі жоқ. Өзі де қосып жазуы мүмкін. Сондықтан жұрт ақпараттың шынайылығын айыра білуі керек. Міне, шынайы ақпарат жазатын журналистиканың ғұмыры ұзақ деп ойлаймын.

–  Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Қазіргі қоғам баспасөзге шыққан мақалаға қарағанда әлеуметтік желідегі пікірлерді көбірек қабылдауға көше бастады. Дәстүрлі баспасөз әлеуметтік желінің тасасында қалып кетпей, дами түсуі үшін қандай бағыт-бағдар ұстануы қажет? 

–  Ол рас. Ақ тер, көк тер болып көлемді мақала жазсаң, біздің билік селт етпейді де, бір блогер-сымақтың қате-қате қып жазған бес-алты сөйлемінен дүрлігіп кететіні бар. 

Журналист болғаннан кейін елдің ішін көп аралаймыз. Сонда кейбіреулер аты-жөнімізді естіп танып жатады. Бірақ бір қынжылтатыны солардың көбісі газеттерге жазған мақалаларымнан емес, фб арқылы танып жатады. «Фб-дан қызық бір әңгімеңізді оқыдым, фб-дан танимын сізді» деп амандасады олар. Кейде намысың да келеді. Қалай айтсақ та әлеуметтік желінің дәстүрлі баспасөзден көп жерде алдын орап кетіп жатқанын мойындауымыз керек. 

Осыдан 15-20 жыл бұрын ұятсыз, әдепсіз газеттер көбейіп кетті. Сол жылдары еліміздің Ақпарат министрі қызметін атқарған Алтынбек Сәрсенбаевқа «Осындай ұятсыз газеттерге тыйым салмайсыздар ма?» деп сұрақ қойғанда «Біз оларға тыйым сала алмаймыз, күндердің күнінде жұрт одан да жалығады, сол кезде өзі-ақ жоғалып кетеді» деп жауап қатып еді. Шынында жұрт ол тақырыптан тез жалығып, ұятсыз газеттер құрып кетті. Сол айтпақшы, қалың қауым да күндердің күнінде әлеуметтік желілердегі қысыр әңгімелерден, сенімсіз ақпараттардан шаршайды, дәстүрлі баспасөзге қайта арқа сүйейді деген үмітім бар.

 – «Ақ самаурын» атты жинағыңызды оқырман өте жоғары деңгейде қабылдады. Келесі жинағыңызды жарыққа шығару үшін не жазып жүрсіз? Сіздің қаламгерлігіңізді классик жазушы Рақымжан Отарбаев бас бармақпен бағалап, Мәскеуде өткен шығармашылық кештеріне дейін өзіңізді қасына ертіп жүргенін білеміз. Жалпы, журналистика мен жазушылықтың қосылатын және бөлінетін жері қандай? Бүгінгі баспасөздің дамуы мен жазушылықтың дамуын салыстырып айтып бере аласыз ба?

–  Былтыр Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 95 жылдығы Жамбыл жерінде кең көлемде тойланды. Той қарсаңында баспасөз беттерінде Шер-ағаң туралы көптеген естеліктер жарияланды. Сонда Шер-ағаңның бір жерлесі мынандай естелік айтты. Шерхан Мұртазаның «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы кезі екен. Жуалы жерінде өткен бір тойға қонақ болып келеді. Жақын інісінің баласы үйленген ғой деймін. Тойда сөз сөйлейді, дастархан басында аз-маз отырған. Сосын той егесінен рұқсат сұрап, көрші үйден бір бөлмені босаттырып, түнімен жазу жазады. Міне, шығармашылық адамның нағыз жанкештілігі, өз кәсібіне деген адалдығы осы деп ойлаймын. Шерхан Мұртаза ұзақ жылдар біраз басылымдарды басқарды. Бірақ уақыт тауып, күш-жігер тауып журналистикамен бірге жазушылықты да қатар алып жүрді. Бұған сұмдық күш-жігер керек. Журналистика мен жазушылық қай жерден қосылатынын білмеймін. Бірақ осындай жігерлі, еңбекқор қаламгердің арқасында екеуінің бағы қатар жанатынын білемін. 

«Ақ самаурын» деген кітабымды оқырман қауым тәп-тәуір бағалаған сияқты. Бірақ оның ішінде жазылғандарды әңгіме, көркем дүние деп айтуға өзім де ұяламын. Иә, рас, Рахымжан Отарбаевтың өзі де менің жазуымды бір кісідей бағалады. Әлі есімде, Рахымжан аға алғаш хабарласқан кезде «Оралхан айналайын, мен он бес жыл уақытымды бекерге жоғалтқан адаммын. Сен де менің сол қателігімді қайталамаса екен деп хабарласып отырмын» деп еді.

Әлі күнге дейін Рахымжан ағаның үні құлағымда... Бірақ мен де уақыттың қадірін бағалап жүрмін деп айта алмаймын. Бір нәрсені түсіндім, мен осы уақытқа дейін бірнәрсе жазсам әлеуметтік желі үшін жазыппын. Әлеуметтік желінің бір құдіреті, оқырманның бағасын тез аласың. Бірақ өсу, даму болмайтын сияқты. Мақтағаннан басқа талдап, кемшілігіңді айтып жатқандар жоқтың қасы. Ары-беріден кейін әңгіме деген осы екен ғой, өстіп жаза берсем оқырманға ұнайды екен ғой деп елтіп қалатының бар. Сондықтан жазсам деп іштей жоспарлап жүрген дүниелерімді енді тек кітап қып шығарсам деген ойым бар.

– Әңгімеңізге үлкен рақмет! Сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Ақмарал Сатыбалдықызы: Әбекең аспанды да жылатып кетіп барды
«Ата-анамен бірге өмір сүру – үлкен нығмет»: Абай Қалшабек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу