Қазақстанда бір жылда 616 кәмелетке толмаған қыз тұрмысқа шыққан
Елімізде 15–19 жас аралығындағы әр мың қыздың шамамен 13-і ана атанады. Сарапшылар бұл жағдайдың әсіресе ауылдық жерлерде жиі кездесетінін айтады.

Ranking.kz деректеріне сәйкес, жасөспірім қыздар арасындағы босану көрсеткіші бойынша Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстары алдыңғы қатарда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда 15–19 жас аралығындағы әр мың қыздың шамамен 13-і (12,96) ана атанған. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық айқын: қалалық жерде бұл көрсеткіш 10 болса, ауылдық аймақтарда 16–17-ге дейін жетеді.
Өңірлерге тоқталсақ, Жамбыл облысында әр мың қызға шаққанда 20 босану жағдайы тіркелген. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш – 19, ал Түркістан облысында 18–19 жағдайды құрайды.
Жаһандық деңгейде де бұл мәселе өзектілігін жоғалтпаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, табысы төмен және орташа елдерде жыл сайын 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Сарапшылардың айтуынша, 15–19 жас аралығындағы қыздардың өлім-жітіміне жиі себеп болатын факторлардың бірі – жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар.
Қазақстанда ерте некеге тұру көрсеткіші де алаңдатарлық деңгейде. 2024 жылы елде 123,6 мың неке тіркелсе, оның ішінде 616 кәмелетке толмаған қыз тұрмысқа шыққан. Сонымен қатар, 18–19 жастағы 16,8 мың бойжеткен ресми түрде некеге отырған.
Ал ер балалар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: небәрі 64 кәмелетке толмаған жасөспірім некеге тұрған.
Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған екі қыз және 18–19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, қайта некеге тұрған. Ер адамдар арасында қайта үйлену көрсеткіші бар болғаны жеті жағдайды құрады.
Мамандар бұл деректер ерте неке мен жасөспірімдер жүктілігінің әлеуметтік және медициналық салдарына назар аудару қажет екенін көрсететінін айтады.


