Қазақстанда фильмдерді прокатқа дейін тексеру міндеттелді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фильмдерді прокатқа шығармас бұрын міндетті сараптамадан өткізуге қатысты бұйрыққа қол қойды. жаңа талаптар күшіне енеді. Жаңа ереже 21 сәуірден бастап күшіне енеді, деп жазады Оinet.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, әрбір фильмді арнайы құрылған сараптамалық комиссия қарайды. Оның құрамына мемлекеттік орган өкілдерімен қатар заңгерлер, психологтар және кино саласының мамандары кіреді.
Комиссияның негізгі міндеті – фильмде заңмен тыйым салынған контенттің бар-жоғын анықтау. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты насихаттау, араздық қоздыру, мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндіру немесе заң талаптарына қайшы келетін өзге де мазмұн тексеріледі. Сонымен бірге дәл осы орган фильмнің жас санатын белгілейді.
Сарапшылар фильмнің көркемдік сапасын, эстетикалық деңгейін, коммерциялық табыстылығын, саяси немесе идеологиялық бағытын бағаламайды.
Сараптама нәтижесі бойынша арнайы қорытынды әзірленеді. Онда фильм туралы негізгі мәліметтер, талдау нәтижелері және ұсыныстар көрсетіледі. Ал комиссия отырысының хаттамасына фильмнің атауы, шыққан елі, құқық иесі, қысқаша мазмұны, сараптама қорытындысы, жас шектеуі және комиссия ұсынымдары енгізіледі.
Комиссия мүшелеріне фильм мазмұнын жариялауға немесе ресми шешім шыққанға дейін сараптама нәтижелерін таратуға тыйым салынады.
Сонымен қатар құжатта мүдделер қақтығысына жол бермеу талаптары да нақты көрсетілген. Егер сарапшының фильм авторларымен қандай да бір байланысы болса, ол бұл туындыны қарау процесіне қатыстырылмайды.


