Мұраптар мотоцикл мінді
Техникалық паркті жаңарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК филиалдарына қозғалтқыш көлемі 250 текше сантиметр болатын 130 мотоцикл табыстады.

Ілгеріде егістік жерлерді суару үшін арықтар мен тоғандардан су бөлуді, басқаруды жүзеге асыратын маманды мұрап дейтін. Бүгінгінің тілімен айтсақ, жаңа көліктер учаскелер арасында жедел қозғалуы үшін су реттеушілерге берілді. Бұл жұмыс міндеттеріне жедел әрекет етуге, сондай-ақ суды бөлу мен гидротехникалық нысандардың тұрақты жұмысын бақылауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа техника кәсіпорынның 12 филиалы арасында бөлінді. Жаңа мотоцикл алған мамандардың бір бөлігі бұрын маусымдық жұмысшылар болған. Енді олар тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жалақымыз екі есе өсті. Сол үшін министрлікке алғыс білдіремін. Бұрын біз маусымдық жұмыс істеп, жылына алты ай ғана еңбек ететінбіз. Қазір тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл бойы еңбек етеміз, жалақымызды тұрақты түрде алып, еңбек демалысына да шығамыз», – деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының су реттеушісі Пердехан Абзақұлов. Айта кетелік, Түркістан филиалына 25 мотоцикл тапсырылды. Министрлік мәліметінше, былтыр «Қазсушар» РМК-ның техникалық паркі 27%-ға жаңартылып, бұл техника жалдау шығындарын 85%-ға, ал жөндеу шығындарын екі есе қысқартуға мүмкіндік берді.
Осы арада айта кетелік, аграрлық секторда су тұтынуды азайту мәселесіне айрықша мән берілуде. Былтыр желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының шаруаларымен арнайы жиын өткізіліп, су көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістіктерін қысқарту мәселесі қаралған болатын. Бұл жұмыс биыл қаңтарда Алматы және Жетісу облыстарында жалғасты. Нәтижесінде фермерлерге болжамды су қорларын ескере отырып белгіленген су пайдалану шектері жеткізілді.
Қазіргі таңда егіс алқаптары 2026 жылға арналған белгіленген шектерге сәйкес бекітілді. Атап айтқанда, күріш егістігі 20,2 мың гектарға қысқартылды. Оның ішінде Қызылорда облысында – 10,9 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Алматы облысында – 1,9 мың гектарға азайды.
Мақта алқабының жалпы көлемі 162,4 мың гектар деңгейінде сақталғанымен, суару тәсілдері едәуір өзгерді. Тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайып, 79,8 мың гектарға жетті. Ал дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға қысқарып, 82,6 мың гектарды құрады.
Биылғы жалпы егіс алқабы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрады. Ал өнімділігі жоғары әрі су аз қажет ететін дақылдардың үлесі артты. Мәселен, майлы дақылдар 4 млн гектардан асады (+55 мың га), мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға жетеді (+237 мың га), ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқабы 94,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды.


