Солтүстікте халықтың қартаю индексі жоғары
Өткен жылы еліміз бойынша қартаю индексі 100 балаға шаққанда 32,9 құрады, бір жыл бұрын ол 31,1 деңгейінде болған. Бұл 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға 65 жастан асқан 32,9 адамның келетінін білдіреді. Яғни Қазақстанда халықтың қартаю индексі өсіп келеді.

Қалалық жерде бұл индекс ауылды жерге қарағанда жоғары, тиісінше 34,9 және 29,6. Өңірлер бөлінісінде ең төменгі мәндер Маңғыстау облысында – 16,2, Түркістан облысында – 17,2 және Шымкент қаласында 17 деңгейінде тіркелген. Ең жоғары деңгей Солтүстік Қазақстан – 84,1, Шығыс Қазақстан – 80,7 және Қостанай облыстарында – 71,3 байқалды. Сондай-ақ жоғары мәндер Павлодар облысында – 60,2 және Қарағанды облысында – 56,6 тіркелді. Алматы қаласында индекс 100 балаға шаққанда 38,3 болса, Астана қаласында – 22,9.
Халықтың қартаю индексі қарт адамдар мен балалар санының арақатынасын көрсетеді. Ол 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға еңбекке қабілетті жастан асқан қанша адамның келетінін сипаттайды. Төмен мәндер халықтың жас құрылымының жас екенін, ал жоғары мәндер қарт адамдар үлесінің басым екенін білдіреді.
Айта кетейік, Түркістан облысында зейнет жасына келгендер саны – 207 421. Былтыр «Ардагерлер үйі» және «Мейір» ардагерлер үйінде сауықтыру іс-шараларымен 7384 зейнеткер қамтылған. Оның ішінде 156 тыл ардагері бар. Өңірдегі «Ардагерлер үйі» 200 орынға есептелген және 2026 жылы 4 000 зейнеткерді қабылдау жоспарланған. Ал «Мейір» ардагерлер үйі 190 орынға арналған және биыл 3800 адамды қабылдайды. Жалпы алғанда, зейнеткерлердің демалу және сауықтыруына 7800 жолдама бөлініп, олар аудандар мен қалаларға таратылған. Сондай-ақ облысқа қарасты барлық аудандарда зейнет жасындағы қарттарды сауықтыру және әлеуметтік оңалту іс-шараларына бағытталған «Белсенді ұзақ өмір орталықтары» жұмыс істеп тұр. Былтыр «Белсенді ұзақ өмір орталықтары» арқылы 11 мыңнан астам зейнет жасындағы азаматқа қызмет көрсетілді.


