Аятжан Ахметжанұлы: Стипендияны өсіру – ақшаны далаға шашу
Ахметжан Аятжан – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасының иегері, жоғары санатты химия пәні мұғалімі, химия ғылымдарының магистрі, Қазбілім (kazbilim.kz) порталының бас редакторы, ақын. Блогер. 1986 жылы 18 шілдеде ҚХР, ШҰАР, Мұңғұлкүре ауданы, Ағаяз ауылында туған. Соңғы кездерде білім саласына қатысты пікірлері қоғам назарына жиі ілініп жүрген ұстазбен ҰБТ жүйесіндегі өзгеріс, университеттердегі білім сапасы туралы диалог құрған едік.
– ҰБТ-ның электронды форматта өтуі қала және ауыл мектептеріндегі білім сапасындағы теңсіздікке көрсеткіш болып қалмайды ма? Оқушылардың білім деңгейі емес мектептердің білім беру сапасы таразыланбай ма жалпы бұл жүйеде?
– Екеуі де таразыланғаны жақсы емес пе? Балалардың әділетті деңгейі көрінуі керек. Не үшін біз оны жасыруымыз қажет? Ауруын жасырған өледі. Жасырғаннан пайда бар ма? Жоқ! Бізге қайта шынайы деңгей көрінуі керек. Баланың бағасы арқылы мектептің шынайы білім беру сапасы пайымдалады.
Қала және ауыл мектептеріндегі білім беру сапасында теңсіздік бар. Оны ешкім жасырып, жаба алмайды.Теңсіздік бар екен деп өтірікпен бетін жабу – екі есе ауыр қылмыс.
– Онлайн форматта оқытуға еліміз қаншалықты дайын болды? Халықаралық, отандық сарапшылар тарапынан 3-10 жыл аралығында білім саласы артта қалады деген пікір айтылды. Сіздіңше бұл тұжырым қаншалықты орынды?
– Онлайн форматта оқуға еліміз ешқандай дайын болған жоқ. Процесті көзімен көрген адам ретінде 5-10 жыл аралығында білім саласы артта қалды деп айтар едім. Бізде онлайн оқу болған жоқ. Бұлай онлайн оқу мен қашықтан оқытуды шатастыруға болмайды. Қашықтан оқыту дедік. Оның арт жағы «оқымауға» ұласып кетті ғой.
Онлайн оқуда бала белгіленген уақытта мұғалімнен білім алады. Қашықтан оқыту – дайын контенттермен білім беру. Яғни толық мағынасын ашсақ, алдын-ала түсірілген, кері байланысы жоқ контенттермен білім беру. Бізде қалалық мектептер онлайн оқыды, ауылдық жерлер негізінен қашықтан оқыды. Білім саласы ақсағандығы туралы неше рет айтып, неше рет жазып жүрміз.
– «Орнында бар оңалар» дейтін халықпыз ғой. Бұл кемшілік қайтсек реттеледі?
– Қашықтан оқыған кездегі төмендеген білім сапасы ата-ана мен балаға бірдей салмақ түсіреді. Егер, мектеп пен ата-ана жауапкершілігін сезіне білсе, ақсаған тұс реттеледі. Ал тек бір тарап қана баланың білім алу жауапкершілігін сезінсе, ол сол күйі кетеді. Екі тарап та тең жоғалған білім сапасын толықтыруға қосымша жұмыс істеуі керек.
– Қазірде магистратура, доктарантураны оқитындар арасында бір үрдіс пайда болды. Ғылыми кадр даярлаудың сапасын шәкіртақыны қосымша табыс ретінде қарайтындар түсірмей ме? Осы формадағы грант иегерлерінің санын қалай қысқартуға болады? Мүмкін бізге де шетелдегідей мотивациялық хат жазуды енгізу қажет пе?
– Бұл тақырыпта айтсам, «байдың атын байғұс қызғанғандай» болам, шыны керек. Егер менің көзқарасым, бакалавр аяқтаған түлек араға 3 жыл салып қана магистратураға тапсыруға мүмкіндік алу керек. Онда да 3 жыл сол салада жұмыс істеген еңбек өтілімен ғана. Бакалаврдан кейінгі үш жылда адам сол салада жұмыс істей ала ма, жоқ па соны нақтылай түседі. Содан кейін ғана магистратураға нық сеніммен құжат тапсырса болады.
Бакалавриаттан соң жұмыс таппай, магистратураға түскен абитуриент «магистр жұмыссыздар» мен «магистр сапасыздарды» көбейтеді. Мен ежелден айтамын, стипендияны өсіру – ақшаны далаға шашу. Одан басқа ештеме емес! Мемлекеттік грантты мүлдем бермейтін елдер бар. Мысалы, дамыған мемлекет – АҚШ. Қытайда бір жылда 2 миллион 800 мың бала бітірсе, содан 6 мың балаға ғана грант береді. Ал бізде 1 жылда 130 мың бала мектеп бітірсе, 70 мың грант береміз. Ақылға сыймайтындай дүние емес пе?
Мұны айтсам жұрт түсінбес. Мен грант бөлуге қарсы емеспін. Бірақ стипендияны көтеруге, стипендия беруге қарсымын. Стипендияны емес білімнің сапасын көтеру керек. Білім сапасы көтерілу үшін дәл сол мамандықтардың лабораториясы дайын ба?
– Бізде тек Назарбаев Университетiнің лабораториясы ғана дайын деп айтсақ болады-ау...
– Иә. Басқа университеттің лабораториясы мүлдем дайын емес. Университетте студент сапалы білім алмайды. Бірақ айына 40 мың теңге шәкіртақы алады деген менің ақылыма сыймайды.
– Кадр даярлау ісіне байланысты сұрақ туындады. Қазіргі педагогтардың білім деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Жоқ. Оларға ізденіс жетіспейді. Білім сапасы кадр сапасынан биік болмайды. Шыны керек біздегі университеттердің, мектептердің жағдайы әлі сын көтермейді.
– Ғылым саласында қай елден үлгі алу керектігі жөніндегі сауалға, Нобель иегерлері көптеп шығатын елдердің атауын тізбектеген екенсіз. Ғылым саласының өлшемі қандай?
– Ғылымның жетістігі – жаңалық. Ғылымның жетістігі – жасампаздық. Жаңа дүниелерді жасап шығару. Ғылым – қағаз емес! Қағаздағы ғылым – ғылым емес. Ғылымы өндіріске айналмаған елдің ғылымы – ғылым емес. Нобель – ғылымдағы ең беделді көрсеткіш.
– Шыны керек, біздің елімізде ғылым саласы Кеңестік жүйені бойына сіңірген сфера. Қағаз жүзінде жаңа тенденциялардың көптеп енгізіліп жатқаны айтылады. Іс жүзінде де солай ма?
– Іс жүзінде де солай. Соңғы 1-2 жылдың көлеміндегі өзгерістер болмаса, оған дейінгілер тек қағазбастылық. Шындап келгенде формашылдықтан алыстағанымыз жоқ. Соңғы 1-2 жылда оң өзгерістің лебі есіп, жақсылықтың нышаны білініп келе жатыр. Соған ғана үміт артуға болады.
– Мектептегі буллинг, кемсіту, қысым көрсету секілді нәрселерді жоққа шығара алмаймыз. Балалардың арасындағы келіспеушілікте педагог қандай шешім қабылдай алады? Әлде ол тек мектеп психологтарының құзіреттілігінде ме?
– Мектептегі әрбір адам тәрбиеші ғой. Бірақ тәрбие процесін білім процесінен бөліп қарастырып, тәрбиеде формашылдыққа кетіп қалдық. Қазақта тәрбие бір-ақ ауыз сөзбен беріледі. Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды. Сондықтан біреуді тәрбиелемес бұрын өзіңді тәрбиеле. Біреуді түземес бұрын өзіңді түзе!
– Бір кісі мамандығын жақсы көретін адам екі ауыз сөзбен де сипаттап береді деп еді. Мамандығыңызды сипаттап беріңізші?
– Бала. Болашақ.
– Мектептегі білім берудің әлеуметтік жауапкершілігі кімде жалпы? Ата-ана мұғалімге, мұғалім министрлікке сілтейді. Оқушының білімге деген көзқарасы маңызды ма, әлде реформа қажет пе?
– Мемлекет мектепке білім саласына қаржы бөліп отыр ма? Ол баланың білім алуы үшін бөлініп отырған қаражат. Баланың білім жауапкершілігі 100 пайыз мектепте. Мектептің жауапкершіліктен жалтаруына болмайды. Баланың тәрбие жауапкершілігін ғана бөліп қарастырсақ болады. Мысалы, отбасы – 50-60 пайыз. Мектеп – 20-30 пайыз. Қалған үлес – қоғамда. Кез келген ата-ана педагог емес.
– Мұхтар Шаханов айтпақшы, «жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын» мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз?
– Жетістік іздедім. Уақыт жоғалттым. Бүгінімді таптым.
– Қазір коммерциялық бағытта «жетістікке жетуді үйретемін» деуші мотиваторлар көп. Сонда «жетістік» деген не өзі? Жалпыға бірдей жетістік бар ма?
– Жетістік әркім үшін әртүрлі. Біреу үшін мансап шығар. Біреу үшін ақша шығар. Біреу үшін шығармашылық шығар. Біреу үшін «жетістік – алға қойған мақсатының бейнесі» шығар. Мен үшін, жетістік – істеген тірлігім.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН