Нұржан Ізтаев: Салғырттық – өнерге жасалған қиянат

Oinet.kz 01-06-2021 2868

Тақыр жерден театр ашқан. Бұл тіркеске Райымбек Сейтметовтің есімі синоним болып кеткендей. Тұңғыш президент 15 минутқа барған театрдан 1 жарым сағат қойылым көріп шығуы аңыздай айтылады. Аңыз болмағанда несі қалды? Көмір жағатын, қыста аспаны тұмауратқандай тұман басатын Түркістанда тұрмыстан өзгені ойлау өнердей заман болған... Театрдың бүгінгі тынысымен таныс болып, актер Нұржан Ізтаевпен сұхбат құрған едік. 

Screenshot_16.jpg

– Комедиялық жанрда  ойнаған актерлердің көбі драммада ойнауды армандайды. «Алдараспан» театрында әзілге жақын образдасыз, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрында салмақты рөлдерді сомдайсыз. Режисерлер сізден рөл қызғанбай ма?

– Сөзіңіздің жаны бар. Актерлар қалыптасқанда, драмма актеры және коммедия актеры болып бөлінеді. Көбіне комедиялық образ сомдаған соң, халық солай танып, актердің драммалық рөлін жақсы қабылдамауы ықтимал. Менің бағым шығар, драмма мен комедияда қатар жүрмін. Ұлағатты ұстазым Райымбек Сейтметов айтатын: «Комедияда әрнәрсені жасап, сахнада сайықмазақ болма. Оқиғаға кір. Ситуациядан шық, берілген жағдайға ен. Өзі-ақ күлкілі болады. Комедия болсын, драма болсын «рөл сомдама». Сахнада өмір сүр»,-деп айтатын. Драма жанры жаныма жақын. Ең алғаш театр сахнасындағы дебютым Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ақ босағаң – арың» («Табалдырығыңа табын» деген атауын Сая Тоқболаева өзгерткен) қойылымында Жөкен қарттық образын сомдаймын. Тұңғыш рөлім драма жанрында бұйырғандыкі болар, бұл жанрды ерекше жақсы көрем. Әрі қойылымның сәттілігі шығар, театр репертуарында бүгінге дейін қойылады.

Театрдың, актердің зерттеу объектісі – адам, адамның психологиясы, мінез-құлқы. Өмірде комедиялық жанр мен драманы бойына қатар сіңірген адамдар кездеседі. Адамның тағдыры бағы мен сорын таңдамайды, тек соған бейімделеді ғой. Біз соларды зерттейміз. Драма мен комедияны бойға сіңіріп, көрерменге паш етсең, екеуінен де көрінуге болады. 

Кезінде Тұңғышбай Жаманқұлов «Тамашада» жүріп театрда да қатар қызмет етіпті. «Тамашадан» кетуін спектакльде ханды, биді сомдайтынын айтып, көрермен қабылдамай, күле ме деген күдікпен түсіндіреді. Ол кісінің ұстанымы солай шығар. Мен  екеуін де қатар алып жүруді таңдадым.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның орталығында тұрғындар галош киіп, үй киімімен жүре беретін. Менің бір риза болатыным – сол кезде де театрға келушілердің қарасы қалың еді. Көрермен көп болсын, аз болсын актерлердің шеберлігі жоғары болуы қандай фактормен байланысты?

– Бір көрермен келсін, екі көрермен келсін алтын уақытын қиып келді ғой.  Өмірдің ең қымбат  өлшем бірлігін қиып келген адамға, актер сараңдық танытпауы тиіс. Райымбек Сейтметов рөлді нашар сомдасақ, аямайтын. «Бұл мамандыққа не үшін келдің?» деп қойылымдағы әр әріптің дыбысталуын да жіті бақылайтын. Салғырт ойнасаң, астарын ашпасаң – өнерге деген жауапсыздық. Өз басым осындай салғырттықтан адамның жолы болмайтынына сенемін. «Бір адам театрға бекер келген екенмін» деген оймен шығып, есікті қайта ашпаса – театрдың қасіреті сол. Сол адам рахаттанып шығып, келер жылы 3 досын ерте келсе – жетістік. Ғаламторда 10-15 минуттық жылт-жылт еткен нәрселер көп. Соларға уақыт бөлмейтін адамдардың ішінен 1,5-2 сағаттық қойылымға көрермен табу қиын. Әртістер жанын салмаса, театр көрерменнен айрылып қалады. Салғырттық – өнерге жасалған қиянат. 

– Түркістан – рухани астана. Театрдың атауын өзгертуге байланысты, ғимарат мәселесінде біршама дау туғаны жасырын емес. Бұл мәселеге қосар үніңіз қалай?

– Оны айттық қой... Әлеуметтік желілерде соңғы шешім шыққанша, белсенді жарияладық. Басқа жақтағылар, халық ойлауы мүмкін «Түркістанның әртістері қызғанып жатыр» деп. Түркістан Москва секілді театралды қала болсын. Көше театрлары, жертөледе орналасқан театрлар, мемлекеттік, жекеменшік статусын еншілеген түрлі форматтағы театрлар көп. Біздің Түркістанымыз да сондай болсын. Театрлар көбейсін, қарсы емеспіз. Бұл қала тақыр дала кезде театрдың не екенін халыққа білдірген ағайымыздың атында болса екен деп армандадық. Сол ғимаратта жұмыс істеп жүрген өзіміздің әріптестерімізге сәттілік тілейміз! Бізге өнер бәйгесі болса, қуанамыз. 

– Жаңа ғана тамашалаған «Эксперимент» қойылымында Михайлдың сезінуі, қоғаммен диалогы өте нашар. Көрерменнің адамның жанын түсінуі қойылымды қабылдауына әсер ете ме. Әлде актер сезіндіре білуі керек пе? 

– Бұл пьесаны бір оқығанда түсінбеуіңіз мүмкін. Астарын ұғыну үшін тағы да қайталап, тағы да қайталап оқу керек. Спектакльде Кольцов Шырылдап жатыр ғой. Бұл эксперимент шынында болған, реал оқиғалар негізінде дайындалған қойылым. Қоғамда үлкен резонанс тудырған. Шетелдегі іргелі басылымдар бұл эксперимент туралы даулы материалдар да жазған. Ересектерге арналған зерттеудің соңғы бөлдігі студенттермен түйінделеді. Пьеса сол туралы. Қорытынды ойды көрерменнің өз еркіне қалдырдық. «Бұл қойылымды тағы да кеп көрсе екен» деген ниетпен зиялы көрерменге жұмбақ жасырдық. 

Заманымыздағы қатаңдықтың бейнесін ашуды миссия деп білдік. Михайл қандай жуас, көмпіс жігіт? Ішкі әлеміне үңіле түссек, бәріміздің жамандыққа биім жағымыз көп екен. Соны қозғаушы күштер бар. Бір нәрсеге бағынушылықты ашқымыз келді. Діни экстремизм, синий кит секілді нәрселерге жастар еріп жүр ғой. Жақсы, тәрбиелі отбасыда туу – адамның қылмысқа баруына тоқтам емес. Жуырда Татарстан астанасы Қазанда 19 жасар жігіт мектепте қырғын жасап, бірнеше кісіні өлтіруі – сөзіме дәлел. Биографиясына қарасақ, өте ұстамды, бірсарынды жігіт. 

Қойылымда Андрей Николаевич «ӨЗІҢ ЖАУАПТЫСЫҢ» деп айтады. Біз балаларға қалай өмір сүру керегін ұқтыруға тырысамыз. «Ұят болады» деген тәрбие өзгелердің пікіріне бағытталған. Ол тәрбие де дұрыс.  Жауапкершілік өзіне тиеслі екенін бала түсініп өссе, қоғамда жауыздық бүгінгідей белең алмас еді. «Балам, сен үлкен өмірде бәріне сен жауап бересің» деген бір сөз айтылуы керек. Ата-бабамыз «өз басын өзі көтеріп жүре алмайды» деген тіркес қалдырған. Сөйлем құрылымында бәрі «өз»-ге тірелгендей, өмірде бәрі адамның өзінің таңдау еркіне тіреледі. Көрерменге айтар ойымыз – осы. Арғы жағын патша көңіл көрерменнің иелігіне қалдырдық.

– Сіздердің «Қара шекпен» қойылымдарыңызға 4 рет, «Бір түп алма ағашына» 3 рет, «Біздер де ғашық болғанбыз» қойылымына 3 рет келіппін. Бірнеше рет көрсем де жалықпайтын қойылымдарым көп, шыны керек. Репертуарды қалай таңдайсыздар осы?

– Ұстазымыз бар кезде бізде репертуар таңдау мәселе емес еді. Ол кісі бүгінін емес, алдыңғы 10-15 жылдығын болжай білетін көреген кісі еді. Алла берген ғұмырында театрымыздың 15-20 жылдық репертуарын дайындай білген ғой. «Әуезовты қоямын, Мүсіреповті сахналаймын, мына драма, мына комедияны беру керек» деп жоспарлап жүретін. Актерларды келер уақытқа тәрбиелеп, дайындап кетті. Репертуар мәселесін бүгінде көркемдік кеңес шешеді. 

Оның құрамында: театр актерлары, көркемдік жетекші, директор, қаламыздың әдебиет саласындағы мамандары, зиялы қауым өкілдері бар. «Маған репертуарыңды көрсетші, қандай театр екенін айтып беремін» деген түсінік бар. Театр репертуарында классика, жеңіл езутартар комедиялық қойылым, психологиялық экспериментальді қойылым, адам жанын тануға негізделген драма – бәрі болуы керек. 

– Жыл басында еліміздегі бір қалада театр актерлары тұратын жатақхананы босатуын талап еткен даулы материал оқып едім. Түркістан қазір архитектуралық құрылымы жағынан көптеген өзгерістерді өткеруде ғой. Сіздердің театрларыңыздың жатақханасы орнында ма?

– Біз үшін өнер алғашқы орында. Кезінде театрға жанашыр, өнерді түсінетін  Өмірзақ Әметұлы деген кісі әкім болды.  Сол кісі Райымбек ағайды жақсы көріп, бөлек құрметтейтін. Ол кездерде әрбір премьерамыз той болатын. Әр қойылымнан кейін қаладағы базар басшысы, белгілі ұйымдар, кәсіпкер азаматтар премия тағайындайтын.  Райымбек ағаның кезінде қалдағы барлық зиялы қауым, тұрғындар театрдың төрінен табылатын. Ондай алтын ғасырды әлі де күтеміз. Өмірзақ Әметұлы бір премьера соңында сөз сөйлеп, жақын күндері актерлар үйі ашылатынын айтып, 2 айда құрылыс бастады. Ғимарат 1 жылда аяқталып, 2004 жылы театр әртәстері «Актерлар үйінен» баспаналы болдық. Содан бері «актерлар үйінің» тұрғынымыз. Ол жоба ТМД елдері бойынша байқауда бірінші орынды алған. Актер дүниеге көңіл бөлмей, тек шығармашылықпен шұғылдануы айналысуын көздеп ашылған жер ғой. 

Кейіннен қараусыз қалған кезі де болды. Өзіміз күрделі жөндеуден шамамыз келгенше өткізіп тұрдық. Енді әкімшілік тарапынан назарға алынып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұзылады деген қауіп жоқ. 

– «Эксперимент» қойылымында актриса әйел психологияда оқитын студенттерге «адам психололгиясы туралы мен сендерден де көп білем» деп қалады. Сол сөздің қаншалықты жаны бар?

– Біз – психологпыз. Көрермен қандай мақсатпен келгенін, не ойлап отырғанын бір қарап білеміз. Әрине, ол тәжірибе арқылы келеді. Ол сан жылдық еңбектің – жемісі. Бұрын ұстаздарымыз «Театрдан сау көрермен ауырып, ауру көрермен жазылып кетуі керек» деп айтып отыратын. Ол енді балама тіркес қой. Ешнәрседен, қаннен-қаперсіз келген көреремен тағдырды көріп, «мына нәрсе менде де бар ғой, менің әрекетім дұрыс емес екен ғой» деп ауырып кетуі керек. 

Көңілі дертті болып келген, жан-дүниесінде қиыншылықтары бар   көрермен қойылымды көріп «мендей адамдар бар екен ғой, шүкір. Аяғы осындай жақсылықпен бітетін шығар» деп  жазылып кетуі керек. Жаңадан келген көрермен телефонына жалтақтап отыруы мүмкін. Біздің психологтық қырымыз сол көрерменді баурап алу керек. Психолог науқасының жан дүниесіне еніп, соны емдейді ғой. Біз көрерменді бәрі жақсы болатынына сендіріп, уайымынан арылып сахнаға зер салуына күш жұмсаймыз. Сахнадағы актерлық құрам, көрермен – бәрі серіктес. Актер өлсе, көрермен қоса өліп, қуанса, бірге қуанса – сол өнер. Көрерменнің күлгені, күрсінгені – қойылымға жан бітіреді.

Әшірбек Сығай ағайымыз қазақ театрының негізін қалаушы Қапан Бадыров туралы естелігін айтып беретін. Қапан Бадыров бір күні батырдың рөлін сомдап жатса, алдыңғы қатарда отырған кішкентай шал «Ойбай, шікәнәй, шікәнәй мынау батыр екен ғой» деп айналасындағылардың мазасын алып тыпыршып кетіпті. Қапан ағамыз ірі денелі екен. Сахнадан секіріп түсіп әлгі кісіні көтеріп алып : «Мына батырды мен ойнайын, е сен ойна»,- депті. Сонда әлгі кісі аузына құм толтырып алғандай қойылымды үнсіз тамашалапты.

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Аятжан Ахметжанұлы: Стипендияны өсіру – ақшаны далаға шашу
Мейірхан Мейрамбекұлы: Аударма - ықыласымды жеткізуге мүмкіндік!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу