Ақбота Бейбітбек: Қыздардың махаббаты бөлек

Oinet.kz 18-05-2021 4087

Ақбота Бейбітбек - ақын. 1994 жылы, 8 шілдеде, Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің, Филология факултетін бітірген. Универсиетте жүргенде "Әуезов Шайыры" атанған. "Көңіл күйсандығы" жыр жинағының авторы. Облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері. "Түркістан түлектері", "Жаңа ғасыр әуендері" жас ақындар антологияларына өлеңдері енген.

Ақбота Бейбітбек.jpg

- Ең алғаш жазған өлеңіңіз есіңізде ме? Кімге немесе неге арналған еді? 

- Ең алғаш жазған өлеңім ертегі жайлы. Негізі өлеңге деген құштарлығым сурет салудан басталған. Бойжеткен соң өмірдің ертегідей болмасына көзім жетті. Десе де, ертегінің соңы үнемі жақсылықпен бітеді емес пе?! 

- Неліктен адам жаны поэзияға құмар деп ойлайсыз? 

- Поэзия - жүректің сөзі, жүректің үні. Кейде өз анаңа, өз бауырыңа айта алмайтын дүниелер болады. Қадыр ақын айтқандай өмірдің айтпа дегенін өлеңге айтып жүргеніміз содан. Бір ақынның өлеңінен өзімізді айнақатесіз танитын сәтіміз болғаны анық. Өлеңнен өзіңді табасың. Сондықтан құштар шығармыз. 

- Аға буын қазіргі жастарды кітап оқымайды деп жатады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? 

- Керісінше, жастар көп оқиды, көп ізденеді. Олардың қорқынышы - жастар көркем әдебиетті, ғылыми еңбектерді аз оқиды деп ойлайды. Әрбір өсемін деген жастар бүгінде танымдық, психологиялық және мотивациялық дүниелерді көп оқуда. Неліктен дейсіз, ата-анасы құйып берген қалыптың деңгейінен шыққысы келеді көпшілігі. Олар оқы деген мамандықты оқығысы келмейді. Жаңа заманның жақсы құндылықтарын алып, ескіліктің боданынан арылғысы келеді. Кітап ескірмейді. Кез-келген уақытта оқып үлгеруге болады.

Ертегі оқитын ата-әженің өзі көп емес бүгінде. Бала күннен басталу керек кітапқа құштарлық. Ертегі, батырлар жыры, аңыз әңгімелер. Төл әдебиетке бала кезден қанып өскені абзал. Есейгенде ол жемісін берері анық. 

- Жауапсыз махаббат құрбаны Адель Гюгоға өлең арнапсыз. Оған не түрткі болды? Жалпы осы Адели синдромнының өз бойыңызда төбе көрсеткен кезі болды ма, әлде иммунитетіңіз мықты ма? 

- Синдромның түрі көп. Хатико синдромы деген де бар. Адалдық қой. Аделиді не үшін жаздым. Ол алдымен Ару ғой. Жібектерден кем құрметтемеймін. Махаббат үшін күресу керек, ерлік керек деп жатады. Күресудей-ақ күресті. Көп ерлердің ерлігі ернінде ғана ғой. 

Қыздардың махаббаты бөлек. Соншалық баянсыз махаббаттан баз кешкен күнім жоқ. Мен өз жүрегімді қатты қадірлеймін. Аяулы сәттерді ұмыту әрине оңайға соқпайды. Өн бойымда  бекзадаға тән өрлік табылады. Көзім жетпеген дүниеге, сөзімді қор қылмаймын. Жаным қанша нәзік болса да, соншалықты алапат күш те бойымда бар.

Үлкен махаббат болмаса да, бүтін ғұмырыма жақсы естеліктер сыйлаған аяулы сезімдер бар. Ол сәттерді қадірлеймін. Оны баянсыз болды деуге қимаймын. 

- Бала шақ пен болашақ туралы сөйлесейікші! Кім болдыңыз? Кім болғыңыз келеді? 

- Бала шағым әже мейіріміне бөленген шақ. Үлкен әулеттің тұңғыш немересі, қыз боп туғанымды күткен отбасының сүйікті перзенті болдым. 4 жасымда-ақ жазу мен оқуды, сызу мен санауды үйреніп алдым. Ағаларым үйреткен (әкемнің інілері). Мектепке дайын боп бардым. Жұрт енді әріп үйреніп жатқанда, мен жазып отырдым. Бала күнімнен алғыс хатқа шомылған менен бәрі үлкен үміт күтетін. Олардың сенімін ақтадым деп ойлаймын. Бала болсақ та өмір ерте есейтті. Сөйтіп жүріп өлең жазып кеттім. Бала жүрегі көтере алмайтын салмақты, өлең жеңілдетті. 

Болашаққа келсек, алда не келерін білмейміз. Сол үшін бүгініммен жұмыс жасап жүрмін. Өткенге тек салауат айтамын. 

- Кім болғыңыз келеді?

- Мен өзімді азат адаммын деп ойлаймын. Тұрмысқа, өзгенің пікіріне, басқа да өмірлік жағдаяттарға қатыстырғым келмейді еркіндігімді. Менің өмірімде бақытты болуға бәрі бар. Бақытсыз болуға себеп жоқ. Болашақта да бақытты боларым анық. Бүгіннен сабақ алмаған адам келешектен керемет күтпесін. Мен Азат адаммын.  Қолымда бардың бәрін жақсы көремін. Өзім үшін бақытты адам болғым келеді. Өзінде бірдеңе бар адам ғана өзгермен бөлісе алады. Мен материалды дүние жайлы айтып тұрғаным жоқ. Рухани құндылықтарды айтам.

- "Ақын тағдырын өз өлеңімен жазады" дейді. Осыған сенесіз бе? 

- Ақындарды бақытсыз, тағдыр талапайын көрген, еңсесі түскен жандар деп есептейтін жандарды да көрдім. Неткен сорақы! Тағдыр кімде жоқ. Тағдырлы ақын деген тіркесті кім ойлап тапқанын білмеймін. Ақынның кінәсі бәлкім ерте сезіп қойғаны шығар соның бәрін. Барлық өлеңді ақынның өміріне тели берудің қажетті жоқ. Ақын өзгенің дертін жан-жүрегімен сезеді, соны ой елегі, жүрек таразысынан өткізгенде өз өміріндей етіп жазады. Бұл бірінші айтпағым.

Екіншіден, сөз құдіреті деген бар. Бір ауыз сөзі тағдырына айналған ақындар бар. Оразалы ақын отызынан аспаған, Әділ аға Ботпанов ғайып нұрына кеткені соған дәлел. Әрине,ақын өз өзін таппай жүріп,  тағдырын бір тіркеске сыйдырып жіберуі де қисынсыз шығар. Өз басым сөз құдіретіне  сенемін. Жақсы сөз жарым ырыс дейді. Үнемі жақсы сөз сөйлеуге, жақсы ойлауға тырысатыным содан. 

- Өмірден түңілген сәттер болды ма? Ақын жаны тірліктен алған стресспен қалай күреседі? 

- Мен бала кезімнен өзімді жігерлендіріп үйренгенмін. Қазір аффирмация деп жүргенді мен осыдан неше жыл бұрын білген екенмін ғой. "Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме",- 

деген болмысыма сіңіп кеткен. Адам темір емес қой. Шаршайтын кездерің болады. Ештеңеге таң қалмайтын, қуанбақ түгілі жылай да алмай тас боп кететін сәттер болды ғой болмады емес. Жүрегімді сақтауға тырыстым. Қарайып кетуден сақтауға тырыстым. Тірліктің әнінен биік қой жүректің әні. 

- "Ей, ақындардың жарлары!" деп Мұзбалақ Мұқағали ақынның жарына арнайы ақылын арнап кеткен ғой . Сіз соның ішінде "Әйел ақындардың" жарларына не айтар едіңіз? Сіздің болашақ жұбыңыз неге дайын болуы керек? 

- Бірде, ұстазым Ақжол Қалшабектің кітабының тұсаукесері өтті. Хан апамыз (Ханбибі Есенқарақызы) да келді. Кеш әлі басталмаған. Амандасып, қасында тұрмыз,"-Өлең жазып жүрсіңдер ме?",- деді. "-Иә, бірақ махаббат боп кетті"-, дедім. "-Жаза беріңдер, жассыңдар,  басқа не жазуларың керек еді? Басқасына үлгересіңдер жазып. Өмірлеріңе қандай аю тап келерін білмейсіңдер, жазыңдар не өлең келсе де",- деді. Апам білген соң айтып отыр ғой. Болашақ жарымның менің таңдауыма құрметпен қарағанын қалаймын. Небір ақын қыздарды білем тұрмысқа шығып, өлең жазбай кеткен. Әрине ана болу, жар атану бақыты ақын болудан жоғары. Оған дауым жоқ.  Нағыз ақын түбі жазады. Бәлкім олар да жазып жүр, тек жарияламай. Өлең жазу үлкен қылмыс емес қой. Әйелден ақын шықпайды деп мойындағысы келмейтіндер бар. Бір ақын солай айтты деп қағып-іліп кететіндер де жетерлік. Неге олай айтты деп ойлану керек. Бәлкім бұл бір ақынның, әйел өлең емес жар құшағын жылытуы керек дегеннен ойынан туған ой шығар. Әйел қырық шырақты. Оның құдіреті бәрін жасауға жетеді.  Өлең жазуға да, бала тауып жарының жағдайын жасауға да! 

- "Ақындар тұрақсыз" дегенді жиі естіп жатамыз. Осы қаншалықты рас? Әлде ол шабыт іздеу ме? 

- Ақын тұрақты халық, меніңше. Ол ойына, жүрегіне сүйеніп, яғни өзіне сүйеніп жазады. Біреудің айтқанына емес. Кейде бір өлеңіңдегі ой, келесі өлеңіңдегі ойға кереғар боп жатады. Ол оның тұрақсыздығынан емес. Адамның ой шеңбері өсіп отырады.  Ол өлең оның кешегі сезінгені. Бүгінгі сезімі бөлек. Ақын сезімнің адамы, ол эмоциясын жасырмайды (өлеңде). Көңілдің күйі мың құбылып тұрады.  Ақын өз түйген-білгендерімен өзін тежеп те үйренеді. Шабыт деген асау арғымақ сияқты. Өлең жазып болып, мынаны мен жаздым ба деп таңқалатын кезің болады. Шабыттану қызық сезім. Бір құдіретті күштің ықпалын сезем. 

- Неге сенесіз? Кімге сенесіз? 

- Мен өте Құдайшыл адаммын. Қазақ өзі құдайшыл халық. Қырықтың бір Қыдыр дейді. 

Аллаға сенем. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас". Адамға да сеніп үйрену керек. Кез-келген істе сенім керек. Өзіме сенем сосын. Өзімде өзім бармын, себебі. Өз өзіме жауапкершілік алып үйренгенмін. Өзіме сенген адамға сенем. Әділетке, шындыққа сенем. Шындық түбі жарыққа шығады, әділет орнайды. Қазір көбі кімге, неге сенерін білмейді. Әлем сенімнен тұрады. Әлемді ұстап тұрған да сенім шығар. Әлем сол үшін дұға оқиды. Сенікі екеніңе сенсең, кез келген нәрсе өзіңе оралады.

- Боямасыз шынайы жауаптарыңыз үшін көп рақмет! Шығармашылығыңызбен, жеке өміріңізге жетістік, жақсылық тілейміз!

Сұхбаттасқан: Маржан Әбләзімова

Саят Медеуов: Міндетті түрде той-бизнес болуы керек
Аятжан Ахметжанұлы: Стипендияны өсіру – ақшаны далаға шашу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу