Саят Медеуов: Міндетті түрде той-бизнес болуы керек

Oinet.kz 15-05-2021 2643

Бала кезімде анам концерт көргісі келсе, қосылып көруім мұң еді. Қаша беретінмін. Есейген соң сол кездегі әндерді аңсап, тыңдайтын күйге жеттік. Тек концерттегі видеоларын ғана тауып, ел іздеп тыңдайтын Саят Медеуовпен көңіл ұғатын әндер туралы сырласудың мүмкіндігі туып еді. Әншімен байланысқа шығып едік, ә дегеннен ақтарылып әңгіме өрбітті. Жақсыда жаттық жоқ деген рас екен. 

Screenshot_10.jpg

– Есті әндер «ескіріп» бара жатқандай... Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? «Саят Медеуов ең алғашқы бейнеклипін елге ұсынды» деп тыңдармандарыңыз бір марқайып еді. Көрінбей кеттіңіз ғой...

– Менің түйсігімде «есті ән ескірмейді» деген тұжырым бар. Ғұмырсыз әндердің бағы жанып тұр. Бұл факторға жалғыз әншіні кінәлау – өрескел қателік. Ақын неге арзан сөз жазды, сазгер әуенін ондай сөзге қалайша қиды? Ол әнді шырқаған орындаушыға да таяқтың бір ұшы келіп тіреледі. Неге ондай ән эфирден шығуы керек? Демек, шығарғандар да – кінәлі. Менің пікірімше, Мәдениет және спорт министрлігі мұндай әндерге бейжай қарамағаны дұрыс. Өзім достарымның ортасында «Есті ән айт, есті ән таппасаң ескі ән айт» деген сөз айтам. 

Көркемдік кеңес болмаса, құнсыз әндер көбейіп, өнердің ауқымы ластанғаны-ластанған. Сынды шын айтатын сазгер, сынды шын айтатын ақын отыруы керек ондай орында. Көңілі әнді ұғатын адамдар ғана жүректі жылытар әнді құлаққа жеткізеді. 

Жаңа әндер жаздырып жүрмін. Әке туралы, ана туралы әндер жаздырдым. Олар қазір жарыққа шығып қойды. «Көрінбей кеттің» деп жатады ел. Қазір көрінетіндей заман емес. Көре алмайтын адам бәрібір көре алмайды ғой ( күлді. Б.Ә.). 

– «Көркемім сені көрсем де жақсы өзгеден, Қиналдым соны айта алмай саған сөзбенен»,- деген үзіндіні сіздің орындауыңызда естіп әсерлендім. Өмірде уақытында айтылмаған сөз өзегіңізді өртеген кез болды ма? Әнді жүрекке жеткізіп орындауыңыздың сыры неде?

– Соншалықты бір өкінем деп еске алатындай оқиға болмапты. Өмір ағысы бірде олай, бірде бұлай өтіп жатыр. Бұл тек махаббатқа қатысты емес. Өмірде айта алмайтын, айтылмайтын сөздер өте көп. Есенқұл Жақыпбектің: «Жылайтұғын жерлерде жыламайсың,

Сынайтұғын жерлерде сынамайсың.

Жоғалады күлкіңнің күміс даусы,

Баяғыдай күлкіден құламайсың»,– деген сөзі бар. Сол айтпақшы, орынды жерде айтылмай қалатын сөз болады. Қазақтың ұятқа кеп тірелетін жүйесінде сыйластықпен кей сөз айтылмайтын кез бар. Өзім де кейде мына жерде айту керек еді деп іштей ой түйіп, «темірді қызғанда соғу қажет» кезінен өткенде ойланатыным бар. Зор кемдік болды деп сізге айтатындай, өкінішім жоқ екен бағамдасам. 

Әнді жүрекпен орындау – Жаратқанның маған сыйы шығар.  Әнді жүрекпен тыңдауға мүмкіндік берген болар. Әйтпесе әнші де, ақын да көп. Сол көптің арасында бақ қонғаны ғой. Әнді түсініп орындайтын жүрек, түсінік бар шығар. «Біреуден артық орындаймын» деп айтудан аулақпын. Әнді сезіммен әрі сөзін түсініп шырқаймын. 

– Ән таңдағанда неге мән бересіз. Қазір ерекше форматқа құштар, эксперименттен қорықпайтын буын өсіп келеді. Ақындар мен композиторлар да солардың ығына жығылғандай... Мұндай өзгеріске көзқарасыңыз қалай?

– Қазақ өзі бірауыз сөзге тоқтаған халық. Ең бірінші әннің сөзіне мән беремін. Экспериментке ұрынғыш, қорықпайтын буынды «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмауы қалыптастырып жатыр-ау. Біздің Мәдениет министрлігінің құлағына алтын сырға (мүмкін оқыр, мүмкін оқымас) дұрыс ән айтпаған әншіні, ақынды, сазгерді, эфирге өткізген редакторға айыппұл салу керек. 

Жол ережесін мысалға алып қарастырайықшы. Бағдаршамның қызыл, яки сары түсі жол реттілігін сақтауда маңызға ие. Сол түстер жанғанда жолдан өткен көлік тізгіндеуші айыппұл төлейді. Ән – хылықтың қазынасы. Оның неліктен орындаушылар, сазгерлер ақындар әннің «қызыл», «сары» шырағынан өтуі керек? Олар неге «стопқа» тоқтамайды? Тәртіпке бағынған құл болмайды. Дегенмен, сол тәртіптің жоқтығынан біздің әншілер білгенін істеп отыр. 

– Жақсы әннің құны жоғары шығар мүмкін? «Айтуға оңай» бағдарламасында отандық әншінің бірі «сөз жазғанға ақындар жоғары баға сұрайды. Менің қалтам көтермегендіктен өзім жазам» деп ақталып еді...

– Ақындар сөзді тек әнге деп жазбайды. Өлең жинақтарында неше түрлі керемет сөздер бұғып жатыр. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады» деп Асан Қайғы айтып кеткен ғой. Тәуір ән айтқысы келген әнші ақынның жинағын алып, оқысын. Есенқұлдың, Мұқағалидің кітаптарын алып әдемі, халыққа жетер өлеңді тани білсе, сазгер де ондай шоқтығы биік сөзден шабыттанады деп ойлаймын. Қазіргі жас ақындардың да қабілеті жақсы. Өлеңді халыққа жеткізем десе, ақындар  ақша сұрап жатқан жоқ. 

Кейбір әндерге өзім сөз іздеген кезім болды. Біздің ақындар жазған сөзіне сұмдық бір қаламақы сұрамайды. Арзан әндер салғырттықтан туындап отыр. Табыс табу үшін ғана жазылған ән тек табыс табады. Одан артық миссия жасамайды. 

– Шоу-бизнес десе, той-бизнес ойға қатар оралады. Бұл екеуі егіз ұғым ба?

– Міндетті түрде той-бизнес болуы керек. Мұның себебін айтайын. Той – әншінің табыс көзі. Жаратқан әркімге сан түрлі жолмен нәпақа табу мүмкіндігін береді. Ресейлік эстрада жұлдыздары шоудан-ақ табыс тауып жан бағады. Шетелдік әншілер ресторанда ән шырқап, коммерциялық хит парадтарда озып, альбомын сатып-ақ күн көреді. 

Біздің көп әннің жарыққа шығуына той-томалақ себеп болып, халыққа жақсы әндер жетті. Көп адам ойлайды «әнші ақшаны алады» болды деп. Ол ақша тек қалтаға кетпейді. Той-бизнестен табылған қаражат шоу-бизнес үшін жұмсалады. Ол қаржыға әнші киім алады, ән жаздырады, аранжировка жасатады, эфирге шығарады. Осы жағын елдер ойламайды. Тек алғаныңды көреді. Әннің жарыққа шыққанға дейінгі жолы – күрес. Біз бер жағын ғана ойлаймыз. Барлық заттың түгі бар. «Әнші ақшаны алды, кетті» деген дұрыс ой емес. Әр әнші өзін-өзі қаржыландырады. 

– «Бегімайдың жырын» шырқағаныңызда Ыраайымалыны аша білгенсіз. 

«Кайгыга салдын, карындаш, Мен картайган кезде корунуп»,-деген үзінді ойымда қалып қойды. Адам қай кезде қартаяды осы?

– Қарттықтың бүгіні, ертеңі жоқ. Адамның өзінің мойындауына байланысты деп ойлаймын әуелі. Адам қалай қартайса да, сезім мен сағыныш ешқашан қартаймайды. Адамның тәніне түскен әжім, биологиялық белгі – қарттықтың өлшемі емес. 

Мен тек Ыраайымалының жырын айтып жүрдім. Қыздың жауабы барын білмедім. Алматыда түсірілімде жүргенімде, Ақбота Керімбекова : «Бұл әнде қыздың да жауабы бар. Соны қоссақ қалай қарайсыз» деп ұсыныс айтты. Келістім. 

– «Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз, Аңсаумен өткен өмірге  мынау не етерміз?»,-деп ән шырқайсыз. Бір кем дүние ғой. Барлық адамның кеудесінде бір аңсары бар. Сіз не аңсадыңыз?

– Көп адам жаныңмен, жүрегіңмен ән шырқасаң, өзі де бастан өткерген жайт екен деп қабылдайды ғой. Ән – ақынның тағдыры, орындаушының сезінуі. Менің де басымнан ғашықтық дәурен өті, әлі де өтер. Бәрі де бір құдайдың қолында ғой. Ата-әжелеріміз не іс туралы сөз етсек де «Құдай бұйыртса, құдай қаласа» деп отыратын. Қазақтың «Құдайын» арабтың «Алласына» айырбастап алғандаймыз. Сол мені кейде қынжылтады. 

 Өзіме дейін болмаған, өзімнен кейін болмайтын қабілетімді ашуды аңсадым. Әр адамның өзінше даралығы бар ғой. Тапқандықтан шығар, ата-анам «Саяттың анасымын», «Саяттың әкесімін» деп мақтанып, марқайып жүрді ортада. Мен ол үшін қуанамын. Анам пандемияға салдарынан жантәсілім етті. Әкем анамның қазасынан соң көп ұзамай дүниеден өтті. Талай жақсы адамдар көз жұмды.

 Дүние өзі – қолдың кірі. Бірде бар, бірде жоқ. Қазақта «ер жігіт бірде малды, бірде малсыз» деген сөз бар. Байлық та бір дүниеде қажет элемент. Мен оны аңсамадым. 

–Ата-анаңыз «Саяттың әке-шешесіміз» деп ортада өздерін таныстырғанын айтып қалдыңыз. Сіз өзіңізді қалай таныстырасыз осы?

– Саят Медеуов – қарапайым қазақ. Қазақтың әндерін орындап жүрген қара бала. Міндетті түрде бәріне таныстыру қажет емес. «Мен қазақтың әнін сүйіп тыңдаймын» деген бар қазақ мені таниды деп ойлаймын. Басқа әнді тыңдайтын, шетелдік әнді ұнататындар мені білмес. Қазақтың өнерінің құнын білген ортада ата-анам перзенті екенімді мақтан тұтып айтып жүрді. Қазақ өнерін құрметтейтін орта мені таниды. 

– Депутаттық қызметті тізгіндеп көрдіңіз, аға. Қандай ой түйдіңіз, билік биіктік пе?

– Билік – иллюзия. Бір қарағанда биіктік, бір қарағанда төмендік. Жауапкершілікпен бағаланса –биіктік. Менің билікте отырған достарым, ағаларым бар. Қазақта «бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бар. Биліктегі достарыма: «бармақты ғана жалаңдар, білектен төмен, шынтаққа қарай, бүткіл денеңді жалап кетпе. Балдан халыққа да беріңдер. Тек бармақты жала»,- деп қалжыңдап айтамын. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,

"Рейтинг" газеті,

№19, 13 мамыр, 2021 ж

Нұрлан Тұмабаев: Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Ақбота Бейбітбек: Қыздардың махаббаты бөлек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу