Салтанат МАДИЯРҚЫЗЫ, ақын: Қазір барлық адамға көмек керек

Oinet.kz 29-10-2020 2052

 «Өмірді сүюді Салтанаттан үйрену керек!  Тағдырлы ақын ғана тағдырлы өлең жазады. Поэзиямен "ойнамайды". Салтанат - Ақын!!!» деген жазушы Аягүл Мантайдың пікірін көріп қызықтым. Салтанат кім екен деп зерттеп қарадым. Салтанат ақын ғана емес, ептеп проза жазады, дербес аудит, қолөнермен шұғылданады, кондитерлік те қыры бар. Бесаспап жан. Диагноздың тағдырға өкім емесінің дәлелі. Шымкенттегі Дендросаябаққа шақырып едім. Меселімді қайтармады. Ә дегеннен таныс жандарша әңгімелесіп кеттік. Өмірге шексіз ғашық Салтанаттың жан сарайына бірге зер салсақ!

 image.png                                                                                                                                                                                                                                                                                                

– Осы сәтте не ойлап отырсыз?

– Жазып жатқан әңгімем жайлы ойлап отырмын. Өлеңді сирек жазам. Әңгімені өлеңнен де сирек жазып тұрам.

– Сіз үшін шабыт деген не?

– Шабыт деген  –  көңіл. Бір істі жасауға деген ықылас, ынта.

Өлең былай жазылуы керек" деген мотивтегі  материалдар көп. Бірақ қанша ақын болса, сонша өлең жайлы түсінік бар. Сіздің түсінігіңізде "ақын" деген кім?

– Өзінен өзге жасамайтын, өлеңдерінен мінезі, мені көрініп тұрғанды ақын дер едім. 

– Шығармашылық иесінің шабыты туралы миф көп қой арамызда.  Аз жазатыныңыз "жалқаулық"  па әлде шабытыңыздың сирек келуінен бе.  Шығармашылығыңыз күй талғай ма?

image.png

– Кейде кей шығарманың пісіп жетілуіне уақыт немесе ізденіс керек болады. Шикі дүниені жазып, оқырманға ұсынудың қажеті жоқ. Бірақ, жалқаулықты онымен ақтамаймын. Пісіп тұрған дүниені жазуға ерінем көбіне. Қала ішінде таксимен кетіп бара жатқанда да, кішкентай балалармен ойнап жүріп те, жиналыстарда, кинода отырып та телефонға түртіп алатын кездерім де болады. Жазуға күй талғамаймын.

– Ақындар туралы "өмірін өлеңге айналдырған"  деген тіркес қолданылады.   Салтанаттың өмірі мен өлеңі қаншалықты жақын?

– Өлең ақынды жазады. Ойы, сезімі бәрі өлеңге түседі. Өзім өмір мен өлеңді бөліп қарамаймын. Бірақ, кейде өзіңді өзгенің орнына қойып көріп, басқа көзбен жазатын кез болады. Ондай өлең көп емес. Басқасы өз сезімім, қиялым, ойларым.

– Өмірді сүру үшін сүю керек пе?

– Сүю ғана жеткіліксіз. Ғұмырыңды арнауға тұрарлық мақсат керек.

– Салтанат,  сіздің ғұмырыңызды арнаған мақсатыңыз қандай?

image.png

– Өміріңді арнауға тұрарлық мақсат – адамзаттың игілігі үшін болса, өміріңді арнауға тұрарлық сипат алады. Төңірегіме шуақ шашуға, адамдардың жан дауысын тыңдауға, жүрегіне үңілуге тырысамын. Белгілі бір аймаққа, ұлтқа емес адамзатқа пайдалы болып  өмір сүргім келеді. Мақсатым – адам болып қалу. Қазір барлық адамға көмек керек. Біз көмек ұғымын материалдық қажеттілікті өтеу деп санамызға сіңіріп алдық. «Көмек керек» деген үн естісе болды «айлығым пәлен, кредитім бар, мен қалай көмектесемін?» деп қара аспанды төндіретіндер бар. Уақыт көшіне ілесіп, асығыс өтіп жатқан өмірде біреуге уақытыңды бөле алу да көмек. Адамдардың өз-өзімен күресте кеңес беру де көмек. Көптің ішінде жалғызсырайды. Адамдар – жалғыз, депрессияда. Барды бардай қабылдау, әркім өз шекарасында еркін болса өмір осыншалық күрделеніп кетпес еді. 

–БҰҰ адам құқығы жөніндегі декларациясында « Бір адамның құқығы екінші адамның құқығы басталғанға дейінгі ауқымда» деп сипатталады. Салтанат интроверт пе, экстраверт пе?

–Көңіл күйіме байланысты. Жалғыз жүрген ұнайды. Ол қалыпта өзіме есеп беремін, ішкі диалогымды құрамын. Маған ешкім, мен ешкімге кедергі келтірмеймін. Мен әртүрлімін. Жалғыз қалған ұнамайтын кездер де бар. Еркін адаммын. Қалауымды орындаймын. 

– "Жалғанның жалғандығы жүдетсе де, Бір үміт бар жүректі мекен еткен" деген екенсіз. Кеудені кернеген күдік құрсауынан босататын қандай үміт?

– Үміттің өзі нұр ғой. Көңілді, жүректі жылытып, шуақ шашқан үміт әр адамда, әр кез болуға тиіс. Сөнбеуге тиіс үміттің үлкені Жаратқанның мейірімінен болса керек.

– Салтанат, сіз өлең жазасыз, қолөнермен шұғылданасыз, түрлі тағамдар пісіресіз. Адамның жаңа нәрсені үйренудегі мұраты не? Түрлі дағдыны қалай қалыптастырасыз осы?

image.png

– Ес білген кезден әр күнім, сағатым, кейде тіпті минуттарым да есептеулі, жоспарлы. Бәрі жоспар бойынша болады және ол үшін өзіме есеп берем. 

Көп нәрседен тез жалығам. Сол үшін жаңа бір нәрсе үйреніп, өзімді жалықтырып алмай дамыта түсуге тырысамын.  Кейде әлі де өзімді таппай жүргендей болам, бірдеңе жетпейтіндей. Сол кезде жаңа дүние үйреніп, жаңа бір тынысым ашылғандай болады. Кейін ол да қалыпты бір іске айналады.

– Өміріңізде естіген ең нәрлі кеңес қандай? Кім айтқан еді?

– Есіме түсіре алмай тұрмын. Жақсы кеңестің өзіне ғана мән беріп, әдетке айналдырып алатынымнан болса керек.

– Кімдермен доссыз? Өміріңізге жететіндей тәлім берген қандай тұлғаларды атай аласыз?

– Достарым, ұстаздарым, мені қалыптастырған ортамда үлгі болған тұлғалар аз емес. Солардың ішінде жазушы Аягүл Мантайды ерекше атап өткім келеді. Онымен кездесу мені өзіме жақындата түскен еді. Шынайы, еркін, таза сондай жанмен замандас-дос болғаныма, оның шетте жүрсе де ана тілінде жазатын қазақ жазушысы болғанына сондай қуанамын.

– Салтанат,  біздің қоғам ерекше адамдардың еркін сезінуіне қаншалықты бейімделген деп ойлайсыз?

image.png

– Біздің қоғам адамдарға комплекс қалыптастырып беруге бейімделген деп ойлаймын. Өз комплекстерін жеңгендер ғана өзін (белгілі бір деңгейде) еркін сезінеді.

– Сізді таптаурыннан кетіп,  азаттыққа жетуге шабыттандырған не?

– Өмір қиындықсыз, бірқалыпты, жеңіл болса, қызықсыз болар еді. Адамдық болмысымды сақтап, бәрінен өтуге, ойға алғанымның бәріне жетуге деген әрекетіме энергия беретін үлкен мотиваторым – анам. Анамның үміті, сенімі  – мендегі күллі жеңістің жартысы. 

Өмірде кездесетін сынақтар адамның кім екенін, қолынан не келетінін, қандай жеңістерге лайық екенін көрсетіп береді. Құдай да пендесіне көтере алатын сынды ғана беретінін ескерсек, адамда жеңіске жетер жолдар да, күш те жеткілікті. Тек, соны орынды пайдалана білсе болғаны.

– Егер бірнеше жүз жыл артқа шегінсек, бүгінде біз қарапайым нәрселер деп санайтынның бәрі сиқырлы болып көрінер еді. Бәріне қанат бітірген қиял болар. Біз неге санамен ұшуға қорқатын болып кеттік?

image.png

– Біз өзі адамдарды қияли немесе реалист тұлғада қарастырамыз ғой. Қоғамдық пікірде реалист адамның бойында өмірде жүзеге аспайтын нәрселерден тиылу бар деген түсінік қалыптасқан. Басқа көзбен қарасақ, адамдардың өмір сапасын арттыратын, тұрмысын жеңілдететін нәрсенің барлығын қиялы ұшқыр адамдар жасап шығарған. Мысалы, бұлттың арасында ұшуды армандайтын адам ұшақ жасаған. Реалист адамдар өзіне берілген шеңбердің төңірегінде, қалыппен өмір сүреді. Ара салмақ сақтаған, тым реалист емес, тым қияли емес форма керектей. 

Есеюді қиял әлемінен бөліну деп қабылдамау керек. Әр ересек адамның ішінде бір бала бар. Адамның мүмкіндігі шексіз. Бізде адамдар бір-бірін бағаламайды деген пікір жиі айтылып кетті. Бізде адамдар тіпті өзін бағаламайды ғой қазір. Қарапайым нәрсенің өзін үйренуге дағдыланып алған. Өзін жақсы көруді де арнайы курс, тренингтен үйренеді. 

Бізге қазір қарапайым нәрсе ғажайып боп көрінеді. Бір адам мұқтаж жанға жылу төксе, мейірімділік танытса да, таңданады. Одан жаңа ғаламшар ашқандай күй кешеді. Біз қарапайым емес күрделі болу фармациясындамыз деп қарапайым дүниелерге таңғалуды шығардық. Бұл фактор – біздің болмысымыздан ажырап бара жатқанымыздың сипаты болар. Күрделі нәрсеге бас қатырамыз деп, қарапайым нәрселерден ажырап барамыз. Әр  адам өзінің ішіндегі баланың бар екенін ұмытпай көңіл бөлсе, болмысы сақталатын сияқты. 

–Сіз көрген әлемнің ең ғажап нүктесі қандай?

 –Мен көрген әлемнің барлық нүктесі ғажап. Табиғат аясында болғанды жақсы көремін. 

–Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН. 

Тұрдыбек МАЙДАН, режиссер, суретші: Біздің қоғам сөз емес, іс қуатын кез екенін ұғуы тиіс
Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Партия құру «Фейсбукте» айғайлап-аттандату емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу