Гүлшарат Жұбаева: "Адам ретінде барлығын түсінгім кеп тұрады"

Oinet.kz 01-07-2020 1631

Ол  ―  нәзік әрі көңілшек. Қайсарлығы бір төбе. Барлығы оны экран арқылы «өзгеше» образда танып алған. Менің көрген «келінім» мүлде бөлек, адал жан. Ешкімнің көңіліне қаяу салмай тілектерін барынша қанағаттандыруға тырысып бақты. Бірнеше күннен бері сапарлап жол жүрсе де сыр бере қоймады. Түркістан қаласының Мәдениет үйіндегі кәсіпкерлік тренингте қатар отырып, бұрыннан таныс жандардай әңгіме өрбітіп кеттік.

Гүлшарат.jpg

Сурет ашық дереккөзден алынды

 ― Отбасын құру қыз баланың өмірінде қаншалықты маңызға ие. Тұрмыс құрғанға дейінгі Гүлшарат пен жар атанған Гүлшараттың характерлік ерекшеліктері бар ма?

 ― Қыз балаға отбасын құру өте маңызды. Себебі болашағың қалай өрбуі жарыңа байланысты.  Таңдауыңның сенің жан қалауыңа құрметпен қарай білетін азаматқа түскені дұрыс. Жар атанғаннан кейін салмақтылық пайда болып, жауапкершілік артады.  Қоғамда мотивация іздейтін адамдар көп қой, менің мотивациям-отбасым.  Саналы ұрпақ тәрбиелеу мол қажыр-қайратты талап етеді. Ата-ана атанған сәттен әлсіз болуды ұмытасың.  Менде қазір күйзеліс атымен жоқ.

 ― Қазақ қоғамындағы әйел образын қалай қабылдайсыз?

Әйелдердің образы бізде дәстүрлі деңгейде қалыптасқан, деп ойлаймын. Қоғамдағы ерлердің бейнесі нақтылануы тиіс. Бала-шағам деп жүгіретін де, ажырасу орын алған жағдайда асыраушы да  ―  әйелдер. Нәзік жандыларға қолдау керек. Зорлық-зомбылық көргенде, тіпті жетістікке жеткенде де арулар көмекке зәру. Кәсіпкер әйел ретінде айтар болсам, іскерлік қатынастарда да серіктестерімнің «Осының қолынан келе ме?» деп үрке қарайтынын байқаймын. Біздің қоғам бұл қалыптан шығып, санасына жаңа пікір орнықтыруы тиіс.  Мен қыз-келіншектерге 1 жылдан бері тігін сабақтарын жүргізуді қолға алдым. Сондағы байқғаным, әйелдер қандай жас ерекшелігіне болса да, ең әуелі отбасын ойлап тұрады.

 ― Бес жыл бұрын  400 көйлек тіккеніңізді айтқан екенсіз, қазірде бұл көрсеткіш қандай деңгейге жетті?

 ― Қазір өз командам бар болғандықтан,  тігін машинкасын қолданбаймын. Бірақ мен тігіншілік этаптан өттім. Десек те, көмекшілеріме іскерлік қатынастарда көмек көрсетемін. Біз бүгін цех болсақ, болашақта фабрикаға айналуымыз тиіс. Табысы сейілмейтін үш кәсіп бар: құрылыс саласы, тігін, тамақ кәсіпорындары.  Бірақ барлығында да ішкі қозғалысын зерттеу үшін  аз қаражатпен бастау керек. Мысалы, тігінде әйелдер отбасына киім тігіп бастағаны тиімді. Күнделікті қайталанатын  тіршілітің қажытуынан  тігін тігу адамды сейілтеді.  Үй шаруасы, бала тәрбиесі ер адамдардың образынан тыс әйел адамдарға тән қызмет ретінде қаралады ғой.  Нәзік жандылар үшін тігін  антистресс , хобби әрі кәсіп бола алады.

 ― «Шабыт» шеберханасының сіздің өміріңізде алатын орны қандай?

 ― Менің негізгі кәсібім болғандықтан, «Шабытқа» көп көңіл беремін. Жеңіл өнеркәсіпті дамытып, алға ұмтылғым келеді. Басқа ксіптеріме қарғанда шеберханаманың атмосферасын тұрақты ұстауға басымдық танытамын.

 ― Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме. Қандай сезімде болдыңыз?

 ― Қазақстанға келген кезде үй қызметшісі болып жұмыс істедім. Айлығым  ― 7 мың теңге болды. Үйге көп азық-түлік алдық. Кішкене болса да отбасымның тіршілігіне қолғабыс еткендігімді, үлкейгенімді сезіндім.

 ― Бала жастан еңбекке ерте араласқан екенсіз. Гүлшарат Жұбаева алтыншы сыныптан бастап еңбек өтілі бар жұмысшы ретінде қандай басшы?

 ― Басшылық қызмет өнімді еңбекке тәуелді. Кім қалай жақсы жұмыс істей алады, соған сай қатынас жасаймын. Бір жұмысшыларға мейірім, кейбірін  ояту үшін ашулануың керек, бірі туысыңдай қарауды қажет етеді. Бастысы үйлесімділік орната білген жеткілікті.  Менің мамандарым ұзақ жылдардан бері қызмет етеді. Мен қатал формадағы басшы емеспін. Адам ретінде барлығын түсінгім кеп тұрады. Жұмыста ұжымдық атмосфера жағымды болу керек.

 ― Бала тәрбиесінде қандай принциптарды ұстанасыз?

Жұбаева.jpg

Сурет ашық дереккөзден алынды

 ― Маған анам қиындықтарды қолмен жасап беретін. Өзіме қажет мөлшерден аз ақша беру арқылы менің қаржылық сауаттылығымды арттыратын.  Менің қалағанымнан тыс ситуациялар орнату арқылы тәуелсіз шешім шығару қабілеімді қалыптастырды. Ақшаның өзін бермей, көтерме бағада тауар алып келетін. Сол тауарды сату арқылы мен өзіме қажет ақшаны табатынмын. Мен де, балаларыма солай қатынас жасаймын. Олардың жасампаз болғанын қалаймын. Балаларым әлі кіші. Екі перзентім бар. Мектепте 3-4 сынып оқиды.

 ― Ішкі цензураңыз қандай әрекеттерді жат санайды. Кей адамдардан қатты көңіліңіз қалған кез болды  ма?

 ―  Мен ынжықтықты ұнатпаймын. Яғни, шешім қабылдауға тырыспайтын, мүмкіндігін бағалай алмайтын характер иесі ұнамайды. Бір ұсынысқа миллион сылтау айтуға қабілетті жандармен аз араласуға тырысамын. Қиындық туындаған жағдайда тез шешімін табуға тырысамын. 

Үмітіммен ойнайтын адамдар үшін жылап, қиналатынмын.  Менде характерлік иммунитет қалыптасқалы сатқындықтар үшін қиналмайтын болдым.  Іскерлік қатынастарда келісім орнатқан соң , ауаға сіңгендей жоқ болатын адамдарды қабылдауды үйрендім.

 ― Кәсіпкерсіз, жарсыз, анасыз, келінсіз... Барлығына қалай үлгересіз?

 ― Жоспармен әрекет етіп, нық қадам тастаймын. Ата-енем , күйеуім -қолдау беруші тіректерім.  Мен алдаға бір айыма жоспар құрамын. Әйтпесе, тірлік өнбейді. Күнделікті өзіме есеп беремін. Түнде де кәсібіме байланысты тыным таппайтын кез көп. Күндіз ұйықтаймын. Бірақ аз демаламын деп айта алмаймын.

 ― Сізді сырттай қараған адам екі баланың анасы деп ойламайды.  Сырт келбетіңізге қалай күтім жасайсыз?

 ― Менен «косметологқа айына неше рет барасыз?»  сұрайтындар көп. Алты айда бір барған жеткілікті. Мен косметологияның фанаты емеспін. Күнде бетіне күтім жасайтын типте емеспін, турасы оған уақытым да жоқ. Табиғатым артық салмаққа бейім емес. Қозғалыс көп. Артық салмақ байқаған сәттен тәтті мен ұн үнімдерінен алақпын. Күнделікті тұрмыста көп боянбаймын.  Сондықтан, терім ерте қартаюға ұшырамаған. Әйел адамдар сұлулыққа құштар келеді.  Әркім өзінше әсемдік формулаларын ұсынып жатады. Өнер адамының сырт келбеті-визиткасы. Сол себепті өзімдегі кез келген өзгеріске бей-жай қарамаймын.

  ― Отандық медицинаға көзқарасыңыз қалай. Бұрынырақ асқазаныңыз ауырып Қытайға шекара асып ем алуыңызға не себеп болды?

 ― Отандық медицинаны жаман деп айта алмаймын. Мен Қытайға 10 жыл бұрын бардым. Күрделі емес, тамақ ішу  тәртібімнің дұрыс болмағанынан науқастандым. Мені ол кезде Қытайлық дәстүрлі медицинамен емделу қызықтырды. Шөпдәрілерден дәрілік тұнба дайындау арқылы ем қабылдадым. Содан соң жақсардым. Әрі асқазаным ауырмайтын болды.

 ― Қарбалас кезеңде уақытыңызды  қиып жауап бергеніңізге рақмет!

P.S. Сахна төріне Гүлшарат Жұбаеваның есімін атап шақырғанда, күллі зал демін ішіне жұтты.  Микрофонды қолында алған бойда сахнадан төмен түсіп көрерменмен бір қатарда тұрып спикерлік міндетіне кірісті. Жасауына берілген тігін машинкасынан басталған еңбегі бүгінде70 адамды жұмыспен қамтыған  «Шабыт» шеберханасына айналған. Оның отбасы елге қоныс аударған соң, тіпті қонар жер таппағаны, жалдамалы жұмысшы болғаны әр кеудеде бір отты маздатты. Үміт пен сенім үйлесім тапқан тренингтен соң кәсіп бастағысы келетін қыздардың батылдығы артты. «Қандай фильмдерге түстіңіз?» деп ышқынып отырғандардың беті ду ете қалды. Актрисалық Гүлшарат Жұбаеваның негізгі табыс көзі емес.Өмірге құштар, өнерді өзіндей сүйетін кәсіпкердің менің көкейімдегі болмыстық картинасы бөлек кейіпте бейнеленді.


(Архив. 2019 ж.)


Айбек Шілманов: «Әрбір тәртіптік істің артында адам тағдыры тұр»
Мекемтас Мырзахметов: «Ақшаны емес, арды ойлайтын ұрпақ келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу