Мекемтас Мырзахметов: «Ақшаны емес, арды ойлайтын ұрпақ келеді»

Oinet.kz 09-07-2020 2067

Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Қазаққа мұра етіп қалдырған өлеңдері мен қара сөздері де бүгінгі таңда зерттеушілердің назарында. Әрбір сөзінің астарынан терең мән тауып, бүгінгі ұрпаққа ұғындырып жүрген ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов мерейтой қарсаңында «Абайдың толық адам ілімі» еңбегін тарту етіп, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде тұсаукесерін өткізді. Жасы 90-нан асып жығылған Мекемтас атаның өзімен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

Screenshot_19.jpg

–  «Абайдың толық адам ілімі» қорытынды еңбегіңіздің тұсаукесерін өткізіп алдыңыз. Қаншама жылдан бері қозғап келе жатқан «толық адамның» түйіні қандай болды? Бір тіркестің мәнін ашуға қанша уақытыңыз кетті? 

–  Абайдың 38 қара сөзінде «толық адам» туралы айтылады. Әуелі бұл не екен деп түсінбей жүрдім. Кейінірек ақынның басқа да шығармашылығын зерттеп жүргенімде жүйе бар екенін аңғардым. «Толық адамның» мәнін ашу үшін 20 жылдай іздендім. Бұл –теориялық және тарихи деңгейдегі кітап. Бүкіл қазақтың жастарына сол толық адам ілімін оқытып, өзін рухани тазартуымыз керек. 

Мұндай ілім басқа халықтарда жоқ және бұл бірден туа салған емес, мұның тарихы әріде жатыр. Түркі халықтарында Алып Ер Тұңға деген өзі жомарт, бай кісі болған. Соның ақи деген ілімі болған. Ақи деген, яғни жомарттықты білдіреді. Ол замандарда да бизнес болатын. Әлгі кісі барған жерінде халыққа көмектесіп жүрген. Тапқанынан отбасына жететінін алады да, қалғанын елге таратып беріп отырады. Мұндай үрдіс VII-XI ғасырда түркілерде кең тарайды. Бұл – ахидың дәуірі. Қазақтың «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мәңгілігін ойлаған баласының санасына ізгілік егеді» деген сөзі бар. Мен осыны ұстадым. Мұндай сөзді бұрын ешқандай ұлт айта алмаған. Ахидан кейін әл-Фарабидің «парасатты адам» деген идеясы шықты. Онда ел басқаратын адамның он екі түрлі қасиеті болуы керектігі айтылады. Одан кейін «Құтадғу білік», сосын «Кабуснама» шықты. Кейін мұны Ахмет Ясауи алып шығып, ол Абайға жалғанды. Ал осыдан соң барып ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің ар ғылымы шықты. Міне, бұл біз ұстануымыз тиіс алтын арқау.

–  Қазіргі таңда еншімізді алған егемен ел болсақ та, байқаймын, еңбектеріңіз бен зерттеулеріңізде түркі халықтарын қоса алып жүресіз. Мұның астарында бір мақсат бар шығар?

–  Мендік ой – түркі халықтарын біріктіру. Ол үшін бізге ортақ бір әліпби қажет. Басымызды қоспасақ, мына Қытай бар ма, басқасы бар ма, бізді талап жеп, қанай бермек. Түбіміз бір түркі болғандықтан бір шаңырақ астына бірігіп, «Шаңырақ» деп аталатын газет шығаруымыз керек.  Түркілердің бірігуінен олардың зәресі қалмайды. Себебі, кезінде бүкіл дүниежүзін басқарған біздер емес пе?

–  Иә, түркілердің басын біріктірудің бір жолы латын әліпбиі деп отырсыз. Бірақ бұл тақырыптың қозғалғанына біршама уақыт болса да, әлі нәтижесін көрмей отырмыз. Біз қашан латын әліпбиіне көшеміз?

–  Ғалымдар ұсынған латын әліпбиі біз үшін ыңғайсыз болып шықты. Олар 36 әріпті айтып отырса, оның 4-еуі орыстыкі. Оның бізге қажеті не? Латын әліпбиін құрауға бар керегі 28 жарым әріп. Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиін қарасаңыз, сингармонизм заңына сәйкес келеді. Ал біздің грамматика орысқа табынғандықтан, үндестік заңын шетке қақты. Осылай ысыра берсе, қазақ тілі өліп тынады. 

Тәуелсіз мемлекет болғаннан соң мұндай мәселелерді өзіміз шешуіміз керек. Бірақ билік басында отырған өкіметтің көбі – шоқынған қазақтар. Ада қазақ, шала қазақ, таза қазақ деп бөлемін ғой. Сол үкіметтің басында отырғандардың көбісі алдыңғы екеуі. Латын әрпін қабылдағаннан кейін орыс тілінің керегі жоқ. Ол кезінде міндетті, маңызды тіл болған шығар, бірақ қазір бүкіл информация ағылшын тілінде. Орыс тілінің шаруасы бітті, Путиннен кейін тарап кетер, шамасы. Қазақстан үшін мемлекеттік тіл де, ресми тіл де қазақ тіліне айналады. Ал ағылшын тілін өркениет тілі, әлем тілі, техника тілі ретінде пайдаланатын боламыз.

–  Шынын айтқанда, бүгінгі таңда университетте 4 жылдық бакалавр дәрежесінен соң, магистратура, докторантураға қызығушылық артып, грант үшін білім алатындар көбейіп кетті. Осылайша, ғалым, PHD доктор атағын алып жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

–  Қазіргі ғылым докторлары кандидаттан жаман. Қаптаған доктор, беріп жатқан білімі де, әкелген жаңалығы да жоқ. Қоғамдық ғылым әлсіреуде. Негізінен алып қарағанда біз еврейлерге жем болып жатырмыз. Қазіргі білім саласындағы система солардыкі екені жасырын емес. Білім жүйесін былықтырып кеткен бір министр болған. Бүгінгі жүйе барымыздан айырды. Бұрынғы немістің жүйесі жақсы еді. Ғылыммен айналысатындар кандидаттық диссертация қорғайтын. Оның өзі талай сүзгіден өтуші еді. Комиссия мүшесінде мүйізі қарағайдай доктор, профессорлар отыратын. Ал қазір оңай. Кафедрада отырған жеті-сегіз адам қол көтерсе болғаны, әлгі магистрант немесе докторант еңбегін қорғай береді. Еврейлердің журналы бар, доктор болу үшін соған мақалаң шығу керек болды. Саясат саясатымен өзгере береді, ал ғылым өз жолымен жүруі тиіс. 

–  Ясауи мұрасы туралы жақсы пікілер айтып жүрсіз. Дәстүр сабақтастығына негізделген дін туралы ұстанымды көпшілік қолдайды. "Қазақтың өзіне ғана тән дін болмайды" дегенді алға тартады. Ясауи мұраларын қазіргі ұрпақ қаншалықты таныды?

–  Бұрын ауылдағы шалдар Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларын жатқа айтып отыратын. Қылуетке түсіп, терлеп-тепшіп тазарып шығатын болған. Ол кісінің бүкіл материя туралы адамды рухани тазартатын хәл ілімі бар. Жаңа айтып өткен біздің тарихымыздағы алты ілім бар емес пе, міне соның қосындысын зерттеп, «Абайдың толық адам ілімі» кітабымды түйіндеп отырмын.  Абай мен Ясауидің арқасында біз руханиятта қалдық. Қазіргі таңда олар Ясауидің еңбектерін зерттеуге талпынып, қызығып жүр. Неге? Еуропалықтар «Жан ғылымы көзге көрінбейді, оны зерттегеннен не пайда?» деп, тән ғылымын қолға алған еді. Ғылымды өкіртіп тұрып дамытты, техниканы жетілдірді. Ақыр соңында рухани жақтан азғындап тынды. Қазір содан шығар жол таппай отыр. Олар рухани байлықты бізден алмаса, басқа жол жоқ. Ал түркі халықтары материалистік көзқарастан тез шығып кетеді. Енді 100 жылдан кейін Еуропада мұрны иіс сезетін ұрпақ келеді. Олар Құдайдың бар екенін мойындайды. 

–  Бүгінде білім ордаларында «Абайтану» пәні қандай деңгейде оқытылып жүр? Көңіліңізден шыға ма?

–  Мектеп, университет қабырғасына енгізілгеніне қатты қуандым. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне келген ректор жөні түзу азаматша екен. Кіріп ұсынысымды айтқаным сол еді, бүкіл факультетке «Абайтануды» міндеттеп қойды. Ал оқулық жағына келгенде көңілім толмайды. Кезінде бізге министрлік кітап шығарыңдар деп тапсырма беріп алып артынан айнып қалған. Біреулер «Абайтану» деген үлкен кітапты ұсыныпты. Ішіне Абай туралы мақалаларды жинақтап шығара салған. Ол хрестоматия болуға да жарамайды. Гонорарды бермеу үшін, бізден тапсырманы алып сол адамдарға жүктеді. Министрліктің өзін Құдай атқан. Оларға тек қаламақысын қайтадан өзіне тастап кететін авторлар қажет. Шындықты айтқаным үшін олар мені жек көреді. 

–  Енді бұл кітапты білім жүйесіне ендірмек ойда бар ғой?

–  Бұл зерттеу еңбек болғаннан соң ауырлау болады. Сондықтан арнайы оқулық жазып шықсам деймін. Ол қиын емес, бір жылда жасап беремін. Бірақ менің оқулығымды енгізсе жақсы. Мен қаламақымды қайтадан министрлікке тастап кететіндер қатарынан емеспін. Енді басшылыққа жаңа жігіт келіпті. Өзі түсінетін бала сияқты. Ұсынысты қабылдаса, жоғарғы оқу орнына да, мектепке де лайықтап «Абайтану» оқулығын жазып беремін.

–  Неге ашаршылық зардабын қазақтар мен украиндер көп тартты? 

–  Үкімет қазақтар мен украиндерден қорықты. Себебі, украиндердің де ата тегі – түріктер. Ресейге қараған 47 халықтың 57 пайызы біз едік. Кейін ашаршылықты қолдан жасап, қыра бастады. Естілерді жинап атып тастады. Бізді оятпастан мәңгүрт еткісі келді. Мен мықты мәңгүрттенген адам едім. 10-сыныпта партияға өтіп, керемет берілдім. Кейіннен райкомда бөлімшенің орынбасары болдым. Сол кездері шындыққа көзім жетті. Қайда барсаң, орыс үстемдік етеді. Жоқ дегенде әр екінші адам орыс. Неге Ресейге барып біз солай отырмаймыз? Бізді де, украиндерді де адам болсын демеді. Ұмтылды, қырды, бәрібір дегендеріне жете алмады

–  Неден қорықты?

–  Қазақтың рухынан қорықты. Қазақтар өте «образованный» болды. 

– Өзіңіз ғалым болмағанда кім болар едіңіз? Қабілетіңізді қалай ұқтыңыз?

–  Алматыдағы ҚазҰУ-ға журналистер факультетіне түсуге кандидат болдым. Алайда, ол жаққа барып оқи алмадым. Материалдық жағдай болмады. Атестатымды сонда қалдырғанмын. Барып алуға ақша жоқ. Сөйтіп, Шымкентте Крупская атындағы екі жылдық мұғалімдік институтқа оқуға түсіп, бір жыл білім алдым. Екі ұсыныс айтты: не стипендия, не тегін жатақхана деп. Бір өзбектің үйіне бес сом беремін. Қалғанын өзім аламын. Сосын шұлық фабрикасы бар болатын. Өзбекстаннан мақталар келеді бір «КамАЗ» түсірсем 5 сом береді. Мұндай жұмыстан адам болмайтыныма көзім жетті. Институттағы оқытушылар тіпті, менің білгенімді білмейді. Сөйтсем, олар ҚазПИ-де сырттай оқып, әрі жұмыс істейді екен. Өзімнің ойлаған деңгейімде білім нәрін бойыма сіңірмедім. Солай мен де тәуекелге бел байлап КазПИ-ге, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетіне оқуға түстім де кеттім. Барлық ғылым мен зерттеудің басы сол оқу орны болды. 

– Ақша мен мансап бізді қай уақытқа дейін билейді екен?

– Қашан санамыз тазарғанша билей береді. Егер сананы өзгерте алсақ, балаларымызды дұрыс тәрбиелей алсақ, біз жеңеміз. Жастайынан перзенттеріміздің бойына мықтап құятын үш-ақ нәрсе бар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Осыдан толық адам қалыптасып, өзін-өзі рухани тазартып отырады. Ақшаны емес, арды ойлайтын ұрпақ келеді. 

Сұхбаттасқан Мәрия СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ, 

"Рейтинг" газеті

Гүлшарат Жұбаева: "Адам ретінде барлығын түсінгім кеп тұрады"
Мұхамеджан Тазабек: «Отбасы, мемлекет және қазақ туралы сізге сұрақ...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу