Мұхамеджан Тазабек: «Отбасы, мемлекет және қазақ туралы сізге сұрақ...»

Oinet.kz 10-07-2020 2300

Аллаға шүкір, биыл шаңырақ құрғаныма жиырма жыл толыпты. Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, некемізді бұзбай осы күнге келіп табан тіреппіз. Үш жұрттың көңілін табуға тырыстық, ұл-қыз тәрбиеледік, жекжат-дос таптық, ерлі-зайыпты ретінде бір-бірімізді таныдық.

Screenshot_21.jpg

Романтикалық кейбір ойларым орындалған жоқ, керісінше күтпеген жақтан жеңістер келіп жатты. Отбасы жайлы қиялға толы образдарымның тоқсан пайызы жәй балалық, борпылдаған бос нәрсе екенін түсіндім. Мүмкін еместей көрінген кейбір шыңдардың, шынайы отбасылық ынтымақ болса, оп-оңай көтерілетін биік екенін байқадым.

Айтайын дегенім, отбасылық өмір - ең шынайы сипатың танылатын, қатыныңа етің, қонағыңа ниетің, бала-шағаңа бояусыз бетің көрінетін бір саясатсыз сағаттарың мен мазмұны бұрмаланбаған минуттарың екен.

Әркім отбасын құрарда әртүрлі көңілде, жоспарға толы ойда болады. Біреу жарымен ешқашан ұрыспауға сөз байласып, махаббаттан басқа көзбен қарамауға серт беруі мүмкін. "Арамызды ажал ғана ажыратады" деп, ғашықтыққа өртенген хәлін әлемге айғайлап жеткізгісі келетіндер де болады.

Немесе, қалай үйленгенін өзі де түсінбей, бір-біріне сезімін айтпақ түгілі, қалтаң-құлтаң етіп барып, қадамын түзеп кететін де жұбайлар жоқ емес.

Осылайша өмірге жолдама алған отбасының бәрі ондаған жылдардан соң, қиындығы мен қызығы, шырғалаңы мен шыжығы мол асуларды артқа тастап, белгілі бір оқиға, немесе айтулы бір сілкіністен кейін бір төбенің басына тоқтап, жан-жағына қарайды. Қараса, өмір мүлдем ол ойлаған даңғылдармен алып жүрмепті, ойлауға да ерінген сүрлеулермен сүйретіп, қарауға да қорыққан қиялармен алға жетелепті. Дәл осы сәтте, әрқайсымыз пайыммен бір ойланып қарайықшы, уақыт кеңістігіндегі отбасылық капсуламыз қай тұсқа, қай маңайға кеп тоқтап тұр екен?!Жібі үзілуге шақ тұрғандар да жетерлік, жүгі ауырлағанына қарамай, бірігіп бақ қуғандар да баршылық.

"Поле Чудестегі" шиырып лақтырған тас секілді, "отбасылық - тағдырымыз" қазіргі күнде "үміт еткен, қорыққан, қуанған, құбылған, шаттанған, шаршаған" сәттердің бәрін аттап өтіп, риза болсаңыз да, риза болмасаңыз да басыңызда тұрған дәл осы бір хәлде өз ұяшығыңызға орғытып алып кеп түсірді...

Өмірдің шындығы сол, қиялға беріліп, асқақ армандармен өмір сүргің келсе де, айналып кеп, "өтпелі фәни", "ұмытшақ пенде", "ләззаттарды қиратушы өлім" деген ақиқаттарға алып келіп атыңды байлайсың...

"Мығым мемлекет, әділетті қоғам құру да" әлгі айтқан отбасын құрғанымыздай қиялыңды әр қияға жетелейтін қымбат сәттер ғой.

Бәйгеден күткенің баран боп, мәреге жақындағанда озып келе жатқан қылаң боп шықса, кімді кіналайсың?

"Ұлттың сапасы" деген ұлы құндылық екен. Діні де, ділі де бөлек, жеңімпаз, алпауыт елдер әлемге жөн айтып, солар салған соқпаққа жілік майы үзіле жаздаған хәлде, көшімізді алып кеп қостық. Заводымыз жоқ, малымызды саттық, маманымыз жоқ, майымызды саттық. Бал ұстаған бармағымызды жалаумен-ақ бүйіріміз шығып, біріміз Ұрымға, біріміз Қырымға кеттік. Ата-бабамыздың тойын түгендеп, тегімізді хан мен биге, батыр мен бағыланға тіреп болғанша, дүние жаһанданып, технология төріңе, интернет иегіңе кеп тірелді. Шапаныңды шешіп, кастөм кием дегенше, әлем аузына маска, қолына қолғап киіп алды...

Тағы да кешіктік. Көп нәрсеге дайын емес екенбіз. Битке өкпелеп, тоныңды отқа жаққанмен жыртық көйлегін шешіп берейін, деп тұрған ешкім жоқ.

Пенде қала салғанмен мәдениетті болып, бренд кигенмен бекзаттық қонып, джип мінгенмен бағылан бай боп кетпейді екен. Қолдан келмегенді көріп қорланып, ойдан шықпағанға ыза боп тұрған елміз, қазір...

Азаттық алған жұрт арманшыл болады. Арманшыл адам - отбасын құрардағы жүрегі атқақтаған бозбала секілді. Болашағын боз жорғадай елестеткен ақ жүрек қауым, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көзі тірісінде көріп кеткісі келеді.

Мақсаттың бәрі межеге жеткізіп, арманның бәрі орындалған ба?

Балпаң-балпаң басуға балтырымыз шыдамай жатыр...

Ауызбіршілікті ауызымыз айтқанмен амалымыз алпыс тарам, пиғылымыз түлкі бұлаң боп тұрғаны анық. Ұлтты ұшпаққа шығаратын, мемлекетті мүлтіксіз басқаратын қазақтың стандартты үлгісі кім? Қай сипаттағы қазаққа толық бойсұнып, қай қасиетін қазық қылып, сенімімізді байлаймыз? Құндылығыңыз айқын ба?("определяться" еттіңіз бе)

"Өнер, білім бар жұрттардың" бір артышылығы - бойларындағы көп қасиеттерін ғылымиландырып, жүйеге салып, жүректерге орнықтырып тастаған ғой. Косерваторы либералын анық таниды. Либералы да консерватордың сипаттарын түсінде ажыратады. Әрі өзінің кім екенін нақ бекітіп, қарсыласының шекарасына заңсыз өтіп кетпеуге қам жасап жүреді.

Әлем бүгін ұстанымдар тұрғысынан қақ бөлінген. Өзінің де қарсыласының да қақысын түгендеп ап, саясатын да, мәдени көзқарасын да, ақпараттық ойынын да айқын жүргізіп жатыр.

Біз қазақ, әлі анық жолымыз бен бағытымызды анықтамақ түгілі, ауыл-елдің әңгімесін анализ көріп, уатсаб - чаттағы фейкті саяси ұстаным санап, тойдағы тамаданың өткір әзілін мәдени байлам ретінде сіңіріп, пост астына жазған пікірлерімізді партия жиынындағы шешімді мәлімдемелеріміз секілді көріп жүрміз...

Мысалы, ұлтшыл қазақтың түрі көп...

Ұлтын сатқан, шатадан туған, ел мүддесіне ашық дұшпандық қылғандарды есепке де алмайын.

Ниеті жақсы деген қазақтың да қазір түр-түрі бар.

Бір ауыз қазақша білмесе де жемқорлықпен жан алып, жан берісіп, жаулаушы елдердің басшысына дейін батыл сөйлеп отырған патриоттар бар. Оларды "отыз жылда өз тіліңді үйренбедің" деп сызып тастай аласыз ба?

Қазақшасы ағып тұр, жанашырлығы да жоқ емес, бірақ, берген уәдесінде тұрмай, айтқан сөзінен қысқа күнде қырық құбылатындар бар. Оларды не істейміз?

Тілге жетік, елге пайда келтіріп жүрген білімпаздар бар, бірақ қазақтың салтын ескілік, жолын жоғалған құндылық, деп есептейді. Ауырсаң көңіл сұрамайды, өлсең бата жасамайды. Соғым жемейді, сушиді мақтайды. Олар кімдер? Қазақтың осы тобына сенім артамыз ба?

Бір ай умраға барып келсе, ата-анасының қолынан ас жемейтіндер бар, бір-екі жыл дамыған елде оқып келіп, осы елде туғанына өкінетіндер бар.

Ондай болмасаң жау тұтады. Әрқайсысы, қазақтың өзіндей болғанын қалайды...

Баласының кәсіп иесі емес, диплом иесі болғанын қалайтын қазақтар бар.

Көршісіне сәлемдеспейтін, бірақ, клиентін кәсібилігімен риза қылатын қаракөздер бар.

Итпен тұратын, жыртық шалбармен жүретін, бірақ кездесе қалсаң, жаны қалмай сәлемдесетін көршім бар...

Ұлт бақытты болатын қоғам құрғанда қандай қазақ болуды мақсат тұттық? Осылардың қайсысы ең үлгі қылар үмітті тұлғаларымыз?

Үндемей үлкен шаруа тындырып жатырмын, дейтіндер бар...

Айғайлап биліктің есін жиғызып жүрмін дейтіндер де жетерлік...

Қандай қазақ боламыз? Бәрінікі дұрыс, бәрі де болсын, десек, бірікпей жатырмыз. Атым артымды, артым атымды жақтырмайды...

Бір сөзі ұнап қалған бейтаныс біреуді патша болса екен дейміз. Бір қателігін байқап қалған қалаулымызды қарғыс атса екен дейміз...

Қандай құндылықпен әділетті қоғам құрып, қай қасиеті үшін қазақты қастерлеуіміз керек?

Бір-бірін сүймеген, бір-біріне сүйенбеген қауым мығым мемлекет құра ала ма? Ойлаған нәтижесіне жетіп, армандаған асқарын бағындыра ала ма?

Әй, қайдам...

Құрметті оқырманым, Сіз қандай қазақсыз? Қазақтың қандай болғанын қалайсыз? Бір-бірін дос тұтатын қазақ көп пе? Көп болмаса кімге сеніп жүрсіз?

Мұхамеджан Тазабек

Фейсбуктегі парақшасынан

Мекемтас Мырзахметов: «Ақшаны емес, арды ойлайтын ұрпақ келеді»
«Меропенем» сияқты ауыр антибиотикті бірден алмаңыздар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу