«Сотқа беремін»: Дулат Исабеков шығармасын «Туканың» арзан әзілге айналдырып жібергеніне налыды

Oinet.kz 20-06-2024 964

Белгілі жазушы Дулат Исабеков Күлтөбе подкастында әзіл әлемінде жүрген өнер адамдарын сынап, күлкінің құнын түсіргені үшін айыптады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_2.jpg

“Менің шығармаларымнан үзінді алып, сахналап жүргендерін тек теледидардан ғана көремін. Менен ешкім рұқсат алып жүрген жоқ. “Шаншар” театрының қойғанын да көрдім. Мән мен мағына жоқ. Хабарласып, “Сотқа беремін” деп ашуландым. Менің шығармамды құнсыздандырып тастапты. “Тука” деген образы бар актер алқаштың рөлін сомдаған. Сайқымазаққа ұқсайды. Одан кейін Мәмбетов театрында қойылды. Оны да теледидардан көрдім. Астына менің атымды жазып қойыпты. Оларға да ренжідім. Содан кейін олар басқаша қоя бастады. Адам не күлмейді, не ойланбайды. Сайқымазақ қабілеттерімен театр ашып жүр. “Әпкені” де қойып жүр екен. Спектакльдерін қабылдай алмадым. Мәтінді толықтырып, кеңінен тоқталу керек еді. Бұл шығармашылыққа жасалған қылмыс деуге келеді”, – дейді жазушы.

Сонымен қатар драматург шындықты айтқаны үшін талай таяқ жегенін де айтып берді. 

“Айтып отырғанымның бәрі рас. Көзбен көргенімді ғана айтамын. Күлдір дегенді бүлдіру деп түсінетіндер бар. Мұхтар Әуезов: “Күлкі деген шынайы болуы керек” дегенді айтып кеткен. Өнердің жанрын түсінбей жұмысқа кіріспеу керек. Спектакльдің жанрын толық түсіне алмай, қалай драматург боласың. Міне, осының бәрін айтсам, ренжіп қалады. Қазіргі театрлар қоғамдағы шындықты әзілмен жеткіземіз деп, бағытынан айырылып қалып жатыр. Күлкі болып жүргендері қаншама?! Шындықты айтсам, халыққа жағамын, билікке жақпаймын деп мақала да жазған едім. Бұл енді мәдениет пен өнердің айналасындағы мәселелер. Назарбаевқа шындықты айтқаным үшін, кабинетінде талай дауласқанбыз. Араласпай кеткен кезіміз де болған. Кейін татуластық”, – деп өткен күнді еске алды драматург. 

«Біреумен біреуді аунатып билету жоқ»: Нұржан Төлендиев өзінің басқа асабалардан ерекшелігін атады
«Мұхтардың білімі жоқ»: Исраил Сапарбай Шахановпен қандай қарым-қатынаста екенін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу