«Біреумен біреуді аунатып билету жоқ»: Нұржан Төлендиев өзінің басқа асабалардан ерекшелігін атады
Белгілі актер, асаба Нұржан Төлендиев “1001 түн” бағдарламасында соңғы кезде немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
“Мемлекеттік қызметте емеспін. Үйде жатсам, бала-шағамды кім асырайды?! Қазір үйде де көп болып жатқаным жоқ. "Алдараспан" театры жылына гастрольдік сапарға бір рет шығады. Одан кейін тойға шығамын. Әуелі Алла, екінші халықтың ықыласы, сол кісілердің қолдауының арқасы. Той жүргізуге жиі шақырту аламын. Оны жасырмаймын, күнкөрісіміз той ғой. Ақ адал маңдай теріміз. Әдемі киініп алып, үш-төрт әнімізді алып, 5-6 миллион алып қайтпаймыз. Ерте барамыз, сол үйдің той егесінің әулетімен танысамыз. Сонымен 5-6 сағат аузың көпіріп жүргізесің. Асаба деген психолог болуы керек. Анаңдай адамға бейәдеп сөз айтпау керек. Бізде біреумен біреуді аунатып билетеді ғой. Менде ондай жоқ, мен ойын ойнатпаймын, басында келіскенде солай айтамын", – деп айтты актер.
Сонымен қатар әзіл әлемінің өкілі өнер адамдарына жеткілікті деңгейде құрмет көрсетілмейтінін айтты.
“Марқұм ұстазым Райымбек Сейтметовтің театрында жұмыс істеп жүрген кезім. Қалаға бір министр келетін болып, бір апта қойылым жасап, дайындалдық. Тарихты да қозғап, түрлі образға еніп, керемет дайындалдық. Ғимарат алдына шығып, таңнан кешке дейін дайындық жасаймыз. Ми қайнайтын ыстық. Ешкім су да, шай да бермейді. Көптен күткен министріміз келіп, "Саламатсыздар ма?" деп жанымыздан өте шықты. Әлгі министр қойылымға көз қырын да салған жоқ. Соншалықты төмен деңгейге түсіріп жібергеніңе ішің ашиды. Бізді әлі бағалау кемшін тартып тұр”, – деп жан сырын ақтарды асаба.