«Адамды тартатын бірнәрсе бар» - «Ұйқым келмейді» әнінің орындаушысы қуанышты екен
Әлеуметтік желілерде қазақша акцентпен кең таралған "Ұйқым келмейді" әнінің орындашысы Алина Шакиева Мәскеуде туған. 17 жасында мектеп бітіріп, елге оралған. Қазіргі таңда қазақ тілін жетік меңгеруге күш салып жүр. Ол бұл туралы 1001 түн бағдарламасында берген сұхбатында айтып өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Әнімнің хит болғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. "Ұйқым келмейді" әнін жақсы тыңдап жатыр. Әрине, мен қуаныштымын. Музыкасында, сөздерінде адамды тартатын нәрсе бар деп ойлаймын", – деген Алина Шакиева бастысы әннің өзіне ұнағанын атап өтті.
"Қош бол деп айттың, тағы бірдеңе дедің" деген жерін TikTok-та бәрі қайталап жатыр. Мен бұлай таралып кетеді деп күткен жоқпын", – деген орындаушы бұған өзі риза екенін жеткізді.
Алина Шакиева бала күнінен әнші болуды армандағанын атап өтті. Ол осыдан бес жыл бұрын алғашқы әнін көпшілікке ұсынған. Алайда репертуарындағы екінші туынды ел арасында кеңінен тарап кеткен.
Атап өтерлік жайт, елді шулатқан әнді танымал авторлар жазған болып шықты. Әуенін – Диана Исмаил, ал сөзін Рамазан Амантай жазған. Екеуі де ел арасында кеңінен тараған хит әндердің авторлары.