«Кепілдік береміз»: Шымкенттіктер 91 тобының концерті үшін әкімге шабуыл жасады
Шымкент қаласының әкімдігі Ninety One тобының концертін өткізбей тастады, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме тастап.
5 шілдеде Шымкентте өтуі керек Ninety One тобының концертін Шымкент әкімдігі өтікізбей тастаған. Сол себепті топ жанкүйерлері Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің әлеуметтік желідегі парақшасына түрлі пікір жазып, "шабуыл" жасаған.
Ninety One тобы концерт өтпейтіні туралы ақпаратты шарадан бір күн бұрын әлеуметтік желіде жариялады.
"Ninety One Tour 2022 аясында 5 шілдеде Шымкентте жоспарланған концерт болмайды. Ол кейінге шегерілуі мүмкін. Концерттің болмау себебі - Шымкент қаласы әкімдігінің шараны өткізуге рұқсат бермеуі", - деп жазды Ninety One тобы өкілдері ресми парақшасында.
Концерттің болмауы Ninety One тобының шымкенттік жанкүйерлерін ашуландырды. Жанкүйерлер Шымкент қаласы әкімдігі мен әкімінің Instagram-парақшасына шабуыл жасады. Топ жанкүйерлері тіпті жазбаға #нетотменыконцерта91 деген арнайы хэштег ойлап тапқан.
"Ninety One концертіне рұқсат беруді сұраймыз. Осы концертті бір айдан аса күттік, кейбіреулері концертке басқа қалалардан келді", "Концерт өтуі керек", "Ninety One концерті неге тоқтатылды? Түсіндіріңіздер, нақты жауап күтіп отырмыз. Бұл қандай жауапсыздық? Бәріміз билет алып қойғанбыз", - деп жанкүйерлер желіде наразы болды.
Tengrinews.kz тілшісі концерттің өтпеу себебін білу үшін қала әкімдігіне хабарласқанымен, қала басшылығы жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Еске салайық, мамырдың аяғында Түркістанда Ninety One тобының концерті өтуі керек еді. Алайда жергілікті тұрғындар топтың Түркістанда өнер көрсетуіне қарсы болғандықтан, қала әкімдігі концертті тоқтатты.