Нұрлан Өнербаев: Мен Назарбаевтың “любимчигі” емеспін
Әнші, актер, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев Talk Like жобасына қонақ болып, сұхбат берді. Әнші өзі туралы біраз әңгіменің басын ашып айтып берді.
Нұрлан Өнербаева қазір “Нұр Отан” партиясының мүшесі емес. Ресми түрде шығарылмағанымен, өзі бас тартқан. Партияның бәрі сайлау жақындағанда ғана жұмыс жасайды дейді ол.
“Мен қазір “Нұр Отан” партиясының мүшесі емеспін. Ресми түрде шығарған жоқ. Өткен праймериз кезінде менен сұрады. Бірақ мен бас тарттым. Мені іздемеген партияға мен не үшін мүше болуым керек? Партиялар сайлау мен сайлаудың арасында ғана жұмыс жасайды”, – деді әнші.
Өнербаев өзінің елбасы Назарбаев алдында бірнеше рет өнер көрсеткенін айтады.
“Мен президент оркестрінде жұмыс істедім. Мен Назарбаевтың “любимчигі” болдым деп айта алмаймын. Бірақ елбасының алдында талай рет өнер көрсеттім. Ән айттым. Қатар тұрып та ән айттым. Ол кісінің өнерге деген ерекше ықыласы болды. Халық әндеріне деген ықыласы болды. Ол кісі мені ерекше жақсы көргеннен өнерімді тамашалады деп ойламаймын. Елбасының өз аузынан да мұндай сөз естіген емеспін. Өзге біреу де маған келіп олай айтқан емес”, – деді ол.
Нұрлан Өнербаев Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің 4-ші шақырылымының депутаты екені белгілі. Журналист әншіден «сіз қандай депутат болдыңыз?» деген сұрағына:
– Менің қандай депутат болғанымды жұрт әртүрлі етіп айтады. Мен Алматы қаласы мәдениет басқармасын басқарған азамат ретінде өнердің айналасындағы жетіспеушіліктер, заң тұрғысындағы мәселелер бойынша жұмыс істеймін деген ой болды. Көп ұсыныстарым өтпеді. Менің түсінгенім, кәсіпкерлік заңның статусы мәдениет заңына қарғанда жоғары екен. Үш рет мемлекеттік хатшының атына сауал жолдағаным есімде, – деп жауап берді.