«Әділдік жоқ екен» - Қоянбаев ұлттық арнадағы әріптестеріне ренішін білдірді (видео)
Танымал продюсер Нұрлан Қоянбаев блогер Бейбіт Әлібековке берген сұқбатында "Түнгі студия" бағдарламасынан неліктен кеткенін айтып берді. Актер қанша тер төксе де, еңбегін бағаламаған телеарнадағы әріптестеріне ренішін білдірді.
- "Кез келген жобаны бастамас бұрын, сараптап, анализ жасайсың. "Түнгі студияны" бастағанда оған бірнәрсе жасаған, еңбегі бар кісілерді шақырамыз деп ойладық. Бірінші кезекте, өзімді емес, студиядағы қонақ отыратын диванның абыройын асқақтатуды ойладым. Бізде кей бағдарламаларды жүргізетін жүргізушілер өзі жақтырмайтын адамды шақырмай қоятыны бар. Себебі, ол бұл бағдарламаны өзінікі деп санайды. Ал мен бұл жобаны халықтікі деп есептедім. Мен өзім де оған қонақ болып отырмын. Сондықтан, басқа арналардың, басқа бағдарламалардың жұлдыздарын, жүргізушілерін шақырып, сұқбат жасайтынмын.Бағдарламаға маған немесе басшылыққа ұнайтын адам емес, халық үшін бірдеңе жасаған адам қатысуы керек деп санадым", - дейді Қоянбаев.
Әзілкеш "Түнгі студияның" ел үшін қызықты болған шығарылымы - Елбасының қатысуымен өткен эфирі туралы да айта кетті. Қоянбаевтың сөзінше, Нүрсұлтан Назарбаевтың бағдарламаға қонақ болатынына тіпті әріптестерінің өзі сенбеген.
- "Сөйтіп түрлі кісілерді шақыра-шақыра, бағдарламаның да рейтингі арта бастады. Барлығы қатысып жатқан соң, президент те қатысқаны дұрыс шығар деп, ұсыныс тастадым. Бастапқыда басшылық күлді. Күлгенде енді қатты назар аудармады. "Неге президент келмеске?" деп ойладым. Көңіл көтеретін бағдарламаға қатысқаны өздерінің идеологиясы үшін де жақсы ғой. Қарапайым ғана бағдарлама. Бір қолдаған адам - ақпарат министрі. Ол "жақсы идея екен" деп қолдай кетті. Сөйтіп келістік.
Бір күні Таиландта кино түсіріп жүрген кезде, маған қоңырау шалып, "президент келеді", деді. Таңғалып, Таиландтан елге баратын болдым. Бұл тұста көңілге қаяу түсіретін бір жайтты айта кетсем. Президент сенің бағдарламаңа қатысқалы отыр, мен ол арнада жұмыс істеймін. Мен Таиландтан елге ұшпақшымын. Ал эфир ертең болмақ. Мен Бангкоктан ұшып келу үшін "бизнес- класс санатындағы билет алып беріңіздер, себебі эконом-классқа бүгінгі рейске билет қалмапты" дедім. Күтер болсам, онда ертеңгі рейске қалып қалатын болдым. Олар: "Жоқ, біз бизнес-классқа ала алмаймыз. Өз қаражатыңызға алыңыз" дейді. Менің сол сәтте түсінгенім, әділдік жоқ екен. Менің бағдарламам емес, сол арнаның бағдарламасы. Неге мен алуым керек? Сөйтіп, осы сәттен бастап, ойлай бастадым. Энергиямызды жұмысқа жұмсап, балалардың қалай өскенін білмей қалады екенбіз. Айлығың да кішкентай, дегендей", - дейді ол.
Нұрлан Қоянбаевтың сөзінше, аталған жайттан соң ол телеарнадан кетуге бел буғанын айтады. Десе де, актер мұндай шешім қабылдағанына өкінетін сыңайлы.
- "Мен негізі кетпеуім керек еді. Істейтін адамдар істеу керек қой. Қазір телевизияда жасы үлкен адамдар жоқ. Шетелдің телевизиясына қарасаң, жетпістегі, сексендегі кісілер сұқбат алып жатады. Бізде телевизия жасарып кеткен. Жүргізушілердің барлығы жас. Сондай тенденция", - дейді продюсер.