«10 сағатқа созылған отаға жаттым» - Медеу Арынбаев (видео)
Танымал әнші Медеу Арынбаев бұдан бірнеше жыл бұрын басынан ауыр соққы алғанын айтты. Айтуынша, жабылған үш жігіт оны қан-жоса етіп сабап тастаған. Соққыға жығылып, миы шайқалған эстрада жұлдызы бұл оқиға оның денсаулығына да, тіпті шығармашылығына да әсер етпей қоймады дейді. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанның "Ең алғашқы" бағдарламасында баяндап берді.
Сұхбат кезінде әнші түрлі отырыстарда, жиындарда жастықпен төбелестерге араласа кететін жағдайларды еске алды.
- Отырыстағы ойрандар жетеді. Болмаған емес, болды. Жас болдық, мас болдық. Оңбай кететін, мастанып кететін мінезім бар. Пәк емеспін, таза емеспін. Оның бәрі пендешілік. Бала кезімде тентектігім болған деп едім ғой. Сондай бірдеңе бар менде, - дейді әнші.
Дегенмен, өнер иесі өздігінен төбелес бастамайтынын, бірақ біреу тиіссе, аянып қалмайтынын жасырмады.
- Мені түртіп қалып, намысыма абыройыма нұқсан келтірген кезде, енді, тоқтай алмаймыз. Ал өзімнен өзім ешкімге тиіспеймін, - дейді Медеу Арынбаев. Алайда осындай төбелестердің бірі оның бүкіл өміріне әсер ететін жайтқа алып келген. Яғни әнші кезекті концерттен соң қайтып бара жатқанда жолында кездескен үш жігіт соққыға жыққан.
- Күз кезі. Үстімде былғары күртеше. Қараңғы. Көшелерде шам жоқ. Алдымнан үш қазақтың жігіті шыға келіп, күртешеңді шеш деді. Сол кезде егер мен осындай боларын білгенде, әдірем қалсын, бәріне бір-бір күртеше берер едім ғой. Жоқ, намыс. Күртешемді шешкендей болдым да, соққы жасадым. Сосын кетіп қалдым. Концерттен кейін киімім ыңғайсыз болған шығар. Олар спорттық киімде. Сөйтіп, 10-20 метр жүрген соң жетіп алды да, соққыға жықты, - дейді әнші.
Өнер иесі бас жарақатының салдары жеті жылдан соң пайда болғанын айтады. Себебі кез келген жерде есінен танып, ұстамасы ұстап қалатын болған. Тіпті, сахнада тұрып, тілі күрмеліп қалған кездер де болған. Мұндай жағдайлардан соң, тіпті концерттерге шақырмайтын уақыт та болған екен.
- Жеті жылдан соң аяқ асты алғашқы приступтар болды. Екі-үш минутқа дейін ес жоғалтасың. Есіңді жиғанда қайда отырсың, не істеп отырсың, білмей қаласың. Ең қасіреттісі - сахнада тұрғанда ес жоғалтқаным. Тіпті рөлде келе жатқанда үш-төрт рет есімді жоғалтқан едім. Мені сақтап қалған періштем бар шығар. Темір-терсектің қисаюымен аяқталды, құдайға шүкір, ешкімге зақым келмеді. Сахнада үлкен концерт кезінде есімнен танып қалдым. Ес жоғалтасың, сіресіп қатып қаласың. Содан кейін, "Медеуді концертке шақырмаңдар, концерттің шырқын бұзуы мүмкін" - деген әңгімелер тарай бастады. Ал мен үшін, сахнадан кету - өлім. Сөйтіп, былтыр 10 сағатқа созылған отаға жаттым. Таңғы сегізде басталған ота кешкі онда аяқталды. Ең бастысы, балаларым емес, өзім осыны бастан кешіріп отырғаныма қуандым, - дейді ағынан жарылған әнші.
Қазір Медеу Арынбаев өзін ота жасауға үгіттеген дәрігерге алғысын аямайды. Себебі, бұл ота оның денсаулығы мен өмірінің жақсаруына септігін тигізген.
- Мені отаға дайындаған Меруерт Сейфоллақызына рахмет. Ол кісі мені дайындап, үгіттемесе мен ота жасамас едім. Үнемі қорқынышта, үнемі үрейде жүретінмін. Қашан есімнен танып қаламын аяқ-асты деп қорқатынмын. Ота жасауға көндіріп, итермелеген ол кісіге алғысым шексіз, - дейді әнші.