Бағлан Әбдірайымов Жақсылық Үшкемпіровке жүрекжарды жазба арнады (жазба)
"Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов тамыздың басында өмірден өткен еліміздің даңқты спортшысы Жақсылық Үшкемпіровке жүрекжарды жазбасын арнады. Өнер иесі оның өзіне үлкен шабыт бергенін айтып, соңғы кездесуін есіне алды, деп хабарлайды Oinet.kz.
Бағлан Әдірайымов белгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіровтың құрметіне арналған бағдарламаның түсіріліміне қатысып, өзі үлгі тұтқан ағасы туралы естеліктерімен бөліскен. Эстрада жұлдызы құмар ойындарға бет бұрып, қарызға батқан кезінде әйгілі палуан өзіне үлкен мотивация бергенін алға тартты. Спорт шебері жаңылысқан бауырына ақылын айтып, оның өзгеруіне елеулі түрде септігін тигізген. Әбдірайымов Үшкемпіровтың өзінің өміріне айтарлықтай әсер еткені туралы жан сырын Instagram парақшасында ақтарды. Ол марқұм спортшымен болған соңғы кездесуі жайында тың мәліметтермен бөлісті.
- "Кеше марқұм Жақсылық Үшкемпіров ағамызды “Сәуле ғұмыр” бағдарламасы еске алып, көз көргендермен әдемі түсірілім өткізді. “Қайран біздің қасиетті, қара нардай жігіті” - деп әнімізді арнап, дұға еттік.
Күллі АЛАШ жігіттеріне үлгі болған ағамыздың маған шабыт берген сөзін жаза кетейін.
- “Бәкем-ау, сен әлі жассың. Күш қуатың, жастық жалының барда “проблема” деген сөзді айтпа. Қайда әлі?! Бәріне үлгересің, асықпа. 50-ден асқанда дүние жинап, міне берекесін көріп отырмын. Көрдің бе?! Арам ақша арамдығын жасады. Енді адаспа! Елдің баласысың. Ешқашан еңсең түспесін, қайтпа” - деп арқамнан қағып, жаңылыс басқан, қарызға батқан бауырына осылай мотивация берген-ді. Араға үш жыл салып осы әңгімені еске түсірген де мен де оңалып қалған шағым еді. Карантин кезінде соңғы кездесуіміз орын алды. Міне еске алып тұрған сәт. Түйін: Барлық жанның рухани да, материалдық та тоқырауы болады. Аға айтпақшы, қайтпа" , - деп жазды ол.