Ләйлә Сұлтанқызы марқұм ағасына әсерлі жазба арнады
Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы 44 жасында өмірден озған ағасына жантебірентерлік жазба арнап, елді жылатты. Ақпарат өкілі қайғыдан қан жұтқан анасын жұбату өзіне аса ауыр берілгенін айтты. Медиа тұлғаның туған бауыры инсульт алып, он бір күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан болатын.
Ләйлә Сұлтанқызы орны толмас қаза туралы хабарлағаннан кейін, әлеуметтік желіде алғашқы жазбасын жариялады. Белгілі тележүргізуші оны марқұм ағасына арнаған. Ол Instagram парақшасында ағасымен түскен суретін жариялап, бұл ауыр жағдайда бәрінен де анасын жұбату қиын болғанын айтты.
Ақпарат өкілі перзентін жоғалтқан ананың мұңын әлемдегі ең ауыр нәрсеге теңеді. Оған қоса, Ләйлә Сұлтанқызы өзіңе осы аралықта көңіл айтып, барынша жұбатуға тырысып жатқан жандарға алғысын білдірді.
"Ең ұзақ емделетін жан жарасы екен ғой. Біраз уақыт анамның жанында болдым. Бұл жалғанда ең ауыры – перзентін жоғалтқан ананың мұңы екен. Ертең ағамның қайтқанына тура бір жұма болады. Сенсіз өткен жеті күн. Өзің көрмегенді көзің көрсін, артыңда қалған ұрпағың көрсін, аға! Көңіл айтып хабарласып, жазып жатқан баршаңызға алғысымды білдірем. Жақындарыңыз аман болсын" , - деп жазды ол.