«Музарт» тобының тарайтыны рас па?
Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары топтасқан «Музарт» ұжымы топтан гөрі жеке шығармашылықтарына ерекше ден қойған. Олардың әрбірі Қазақстанның әр аймағына бөлініп, жеке концерт беруді қолға алуда. Мысалы, топтың белді мүшесі Сәкен Майғазиев әнсапармен Ақтауға аттанса, ал Мейрамбек Бесбаев еліміздің оңтүстігіндегі жұртпен қауышпақ. Жік-жікке бөлінген жігіттердің бұл әрекетіне жанкүйерлері алаңдаулы, деп хабарлайды Shownews.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Бұрындары жеке шығармашылығына аса көңіл бөлмейтін Сәкен Майғазиев бүгінде ұстанымын өзгерткен. Осыдан екі жыл бұрын Алатау баурайындағы зәулім сарайда өткен жеке кеші әншінің шабытын оятқан секілді.
- «Бір күнде үш концерт бердім. Бұндай жағдай сарайдың тарихында ешқашан болмаған. Құдайға шүкір, сол концерттен кейін ұсыныстар көп түсті. Жеке ән кешіммен бүкіл Қазақстанды аралап шықтым. Шынымды айтайын, күмән көп болды, күдік көп болды. Себебі, ол кезде жеке шығармашылықпен айналысып көрмеген болатынмын. Алдағы уақытта қандай кемшін тұстар болуы мүмкін. Бір күнде үш концерт берген адам басқа залды неге толтырмайды деп қолдау білдіргендер көп болды. Сол концерттерді 2018 жылы бүкіл Қазақстанға жасадым. Ал биыл ұйымдастырушылар Орал мен Ақтау қалаларына жасауға ұсыныс тастады», – дейді Сәкен Майғазиев.
Топтағы ағалар аймақтағы әнсапарға аттанудың қамына кіріссе, Кенжебектің жеке орындаушы ретінде жоспары тым басқа.
- «Менің өз жоспарым бар. Астанада өткен концертімді Алматыда қайта бір дүркіретіп өткізу ойымда бар. Сол ойымда бар. Өзімнің директорым мен жанымдағы қос қанатым қолдап, қоршап Алматы беремін деген жоспарым бар», – дейді Кенжебек Жанәбілов.
- «Енді ел таныған кезде концертті дер кезінде берген дұрыс. Өйткені біздің кейін қартайғанда деген түсіністіктен арылуымыз керек. Құдай біледі ғой, одан кейін не болатынын. Жас кезде өткізсең жақсы естеліктер қалады, таспаға түсіріледі», – дейді Мейрамбек Бесбаев.
Топтың тағдырына алаңдаған тыңдарманға жеткізер «Музарт» ұжымының жақсы жаңалығы бар. Келер көктемде әйгілі ансамбль 20 жылдық мерейтойын атап өтпек.