Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Ахметжан Керімбек, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы
- Ахметжан Пірәліұлы, елімізде орын алған соңғы оқиғалар дін мәселесіндегі бірқатар олқылықтардың бетін ашқан секілді. Қазір арамызда жүрген сақалдылар мен қысқа балақтыларға сезіктене қарай бастадық. Онымен тұрмай, сәләфиттердің орталығы Шымкент деген дәлелсіз пікір де айтылды. Алдымен осы Оңтүстіктегі сәләфиттер туралы айтып өтсеңіз, олар көп пе? Сәләфизмнің уахабшылдықпен мән-мазмұны бір ме?
- Бисмиллаһи рахманир рахим. Расында соңғы кездері ел ішінде болып жатқан оқиғалар бізді де қатты алаңдатады. Жалпы, сәләфиттерден бұрын Ислам дініне тоқтала кетсем. Ислам дінінің 3 ғылымы бар: сенім, ізгі амал және көркем мінез. Ізгі амал мен көркем мінез оқырмандарға түсінікті деп ойлаймын. Ал, сенім - өте нәзік ғылым. Көптеген адамдар сенімге келгенде қателесіп жатады. Сенім бұл көзқарас. Ал, шариғатта сенімді – ақида дейді. Біздің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қабылданған ақида – әл-Матурди. Яғни, дәстүрлі дін.
Ал, енді сәләфиттерге келсек, олар – сенімінде ауытқушылық барлар. Олар бұрыннан келе жатқан дәстүрлі дінді мүлдем мойындамайды. Сәләфи жолындағылар өздерін бүкіл қоғамға қарсы қойып алған. Шетелдегі болып жатқан қанды қырғындар осыған дәлел. Бізді осы мәселе қинайды. Әлгі сенімінде ауытқушылығы барлар Ислам дініне кір келтіріп жатады. Бір өкініштісі, сәләфиттер бізбен мүлдем сөйлеспейді. Бізден іргелерін аулақ ұстайды. Неге? Себебі, олар өз көсемдері айқындап берген бағыт бойынша жүреді. Ол бағыт дұрыс па, бұрыс па, ажырата алмайды. Себебі, көсемдері: «Имаммен сөз таластырмаңдар. Уағыздарын тыңдамаңдар. Сенімдеріңе селкеу түсіреді, көңілдеріңе күдік ұялатады. Сол себепті, имамды тыңдау – харам болып есептеледі» деп пәтуа бекіткен. Содан болар, олар мешітке келіп, намаздарын оқиды да, дереу қайтып кетеді. Өз тірліктерін көбіне базар маңында, сол секілді адам көп жүретін қоғамдық орындарда істейді. Егер олар имамдарды тыңдайтын болса, қатарлары әлдеқашан сиреген болар ма еді? Уахабшылар да сәләфиттер секілді дәстүрлі дінге оң көзбен қарамайды. Осы тұрғыдан алғанда, уахабшылар мен сәләфиттерді бір деп есептеуге болады.
Ал, «сәләфиттер орталығы – Шымкент» дегенге келсек, бұл ешқандай негізсіз айтыла салған сөз. Оған дейін Ақтөбе, Атырау, Ақтау деп келді. Көрдіңіз бе, ешқандай нақты қаланы айтпайды. Сәләфиттер саяси ахуалға қарай әр қалаға, ауыл-аймаққа ауыса береді. Нақты сандары қанша екенін дөп басып айту қиын.
- Бүгінгі қоғамда молдалық міндет пен имамдық қызмет төңірегінде орынды-орынсыз айтылған сын-пікірлерді естіп жатамыз. Жалпы имам дегеніміз кім? Қазіргі қоғамның имамы қандай болуы тиіс? Жас имамдарымыз қоғаммен араласуға дайын деп ойлайсыз ба?
- Өткен жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы имамдар форумын өткізді. Сол форумда осы сұрақтарға жауап ізделіп, нәтижесінде «Имамның тұлғалық келбеті» деген құжат қабылданды. Жер-жердегі бүкіл имамдарға таратылды. Бұл құжат бойынша имамдар – Ислам дініне кір келтірмей, әрқашан Құдай сөзін, яғни ақиқатты айтып, әрқашан халықпен бірге болу керек. Имам десе көз алдымызға жаны таза, рухани бай, айналасына ізгі амал жасап жүретін, көркем мінез иесі елестеуі тиіс. Олар адасқан халыққа тура жолды көрсетіп, рухани азған адамға моральді көмек береді. Осы жерде ең маңызды жайт, имамдар – Ислам дінінің өкілдері болып табылады. Сол себепті, олар өте білімді болуы керек. Әсіресе, қазіргі техника қарыштап дамып келе жатқан заманда.
Имамдар форумында бекітілген құжат бойынша, діни басқарма тарапынан жер-жердегі имамдарға арнап жиі семинарлар өткізіледі. Оларды білімін жетілдіру курстарына жіберіп тұрады. Әрбір мерзім сайын олардан сынақ алынады. Жалпы айтқанда, жылдан-жылға имамдарға талап күшеюде.
- Дінге бет бұрғандардың, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздесек. Ұлттық дәстүрлердің исламмен байланысы қандай? Дәстүрлі емес ағым өкілдерін қалай ажыратуға болады? Оларға қарсы күресудің қандай жолдары бар? Дінде жүрген кейбір жастардың дәстүрді мойындамауының себебі неде?
- Ұлттық дәстүр мен Ислам діні егіз ұғым десе болады. Екеуі бір-бірімен біте қайнасқан. Қарап отырсаңыз, дәстүр мен шариғаттағы ойлар бір-бірімен сәйкес келіп жатады. Біз дәстүрді жоққа шығармаймыз. Керісінше, қолдаймыз. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 2014-2018 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады.
Дін түзелмей қоғам түзелмейді. Қоғамды бұзатындар – дәстүрлі емес ағым өкілдері. Діни білімі жоқ яки аз адамдар дәстүрлі емес ағым өкілдерін анықтай алмайды. Содан жалған сөзге еріп кетіп жатады. Мұндайға ұрынбас үшін олар ең алдымен діни басқарма мақұлдаған әдебиеттерді ғана оқуы керек. Егер көкейінде мазалап жүрген сауалды кітаптан таппаса, мешіт имамына барып пікірлескені жөн.
Иә, қазір дінде жүрген көптеген жастар дәстүрді мойындай бермейді. Себебі, жастар ақпаратты газет-журнал, кітаптардан емес, әлеуметтік желілерден алады. Ал, әлеуметтік желілерде ақпарат сүзгіден өтпейді. Сондықтан онда түрлі жалған мәліметтер өте көп. Кездесу ықтималдығы өте жоғары. Интернет бетінде кез-келген көлденең адам парақша ашып алып, өз ілімдерін халыққа таратып, саясаттарын жүргізеді. Дәстүрлі емес ағымдар айтқан уағызды тыңдап, тура жолдан адасып жатады. Бұлай кете берсе, түбі жақсылыққа апармайды. Сол себепті, әлеуметтік желіде көп отыратын жастарға айтар кеңесім, діни ақпаратты әлеуметтік желілердегі парақшалардан емес, біздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сайтынан, діни басқармаларға қарайтын мешіттер сайтынан алғаны жөн. Көңілдеріне күдік орнаса, оны біздің электронды поштамызға жолдасын. Бізде медресені бітіріп келген білімді мамандар өте көп. Кез-келген сұрағыңызға жауап беруге дайын.
- Қолына қару ұстап қылмысқа барғандардың да, жат пиғылмен соғыс өрті өршіген шет елдерге кетіп жатқандардың да басым бөлігі өз ұлтымыздың өкілдері. Діни көзқарастары әртүрлі ағайынның арасында бауырмашылдық азайып, түсініспеушілік кездесуде. Діни сенім елді бөлінушілікке алып келе ме?
- Әрине, алып келеді. Қазір интернет беттерінде мұсылмандарды Таяу Шығыс елдеріне жиһадқа шақырып жатқан хабарландырулар өте көп. Ондай сайттарды құзырлы органдар жауып тастап жатыр. Бірақ, сонда да болса, дәстүрлі емес ағым өкілдері түрлі жолдармен мұсылмандарды теріс жолға шақыруда. «Үстіңе қару асынып, кәпірлерді қырып салсаң бірден Жұмаққа барасың» деген сынды сөздермен саналарын улап, өз мақсаттарын іске асырғылары келеді. Моральді тұрғыдан әлсіз адамдар осыған сеніп, әлгілерге қолшоқпар болуда. Шариғатта ең ауыр күнә - біреуді өлтіру және өзін-өзі өлтіру. Жастар «жиһад» деген ұғымды дұрыс түсінбей жүр. «Жиһад» сөзі араб тілінде «жә-хә-дә» етістігінен тарайды. Ол белгілі бір мақсатқа ұмтылу, сол тұрғыда еңбектену, талпыну, күресу деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандарға қатысты айтар болсақ, Алланы танытуға жол ашу, ақиқатты дәріптеу мақсатында дін жолында жасалатын барлық игілікті істер жиһад аясына кіреді. Мінекей, жиһад деген – кәпірлерді жаппай жарып жіберу емес. Қысқасы, біз жастарға адаспаңыздар дейміз. Надан болмаңыздар. Себебі, Құран Кәрім «оқыңдар» деп адамды білім-ғылымға шақырған.
- Елімізде жат ағымның таралуына тосқауыл қоюдың, алдын алудың бір жолы имани иммунитетті қалыптастыру болса керек. Осы орайда, дінімізді дұрыс жеткізудің жолы қандай?
- Біз жастармен жиі кездесу өткізіп, жүрген жерімізде дәстүрлі дінімізді насихаттап жүреміз. Әрине, бұл аз. Бүкіл облысқа сөзімізді жеткізе алмай қиналамыз. Осы жерде дәстүрлі емес ағымдарға бүкіл қоғам болып қарсы жұмылсақ біз алмайтын қамал жоқ-ау деген ой келеді. «Бірлік болмай тірлік болмас» дегендей халық ізгілік жолында бір ту астына жиналу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан таралатын газет-журналдар бар. Бірақ, өзге де таралымы көп БАҚ бізге көмектессе, яғни біздің дәстүрлі дін туралы кеңінен жазса нұр үстіне нұр болар еді. Біз оларға керекті ақпараттарды қуана-қуана ұсынуға әзірміз.
Сонымен қатар, біздің елде «Имам Ағзам», «әл-Мәтурди» мектептерін ашса екен деймін. Онда дұрыс бағытта білім алған бала келешекте мемлекет мүддесі үшін жұмыс істер еді.
- Естуімізше, Түркияда кез-келген садақаға фиксалды чек қоса жүреді. Әрбір жұмада мешіт имамы жұма-намазда жамағатқа бір аптада қанша сома жиналғанын хабарлап, ұжыммен бірге оның қайда жұмсалатыны туралы шешім қабылдайды. Оның басым бөлігі қайырымдылыққа, ал қалғаны мұқтаж жандарға атаулы көмек ретінде беріледі екен. Ал, бізде қалай? Мешіттерге түсетін садақа, пітір мен басқа да қайырымдылықтардың есеп-қисабы қалай жүргізіледі? Ол қандай мақсатқа жұмсалады?
- Иә, рас. Түркияда дін жағына қатты назар аударады. Онда дін саласы мектеп, медресе, мешіттерге қыруар қаржы бөледі. Діни медресе, университеттерді бітіріп келген мамандарға жұмыс тауып беріп, тұрақты айлықпен қамтамасыз етеді. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда дінге бар жағдай жасалған. Сол себепті, онда мешітке түскен пітір-садақа есебін, қанша түскені және қайда жұмсалғаны халыққа жарияланып тұрады. Бұл жүйе Түркияда талай жылдан бері келе жатқандықтан, әбден қалыптасып қалған. Өкінішке орай, бізде бұндай жүйе жоқ. Түрлі діни оқу орындарын бітіріп келген жастарымызға қолдан келгенше жұмыс тауып беруге тырысамыз. Бірақ, онда тұрақты айлық болмайды. Болса да күнкөрісіне жетпейді. Сондықтан да, біз пітір-садақадан түскен ақшадан мамандарымызға айлық төлеп, мешіт мұқтажына жұмсаймыз. Одан артылса, мешітке көмек сұрап келген жандарға береміз. Қайырымдылыққа жібереміз. Жалпы айтқанда, бізде дін саласын қаржыландыру мәселесі ақсап тұр. Егер Түркиядағы жүйені біздің елге алып келсе қуанар едік.
Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай,
«Рейтинг» газеті №30, 11 тамыз 2016 жыл