Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Неке - жалпы адамзат баласы үшін қашанда қасиетті ұғым. Мұсылман қауымында некеге тұрудың өзіндік тәртібі, ережесі қалыптасқан. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жауапкершіліктері де бекітілген. Отау құруға ниеттенген жастар алдымен мешітке барып имам алдында ақ некелерін қидыру қажет. Бұл ислам діні бойынша ерлі-зайыптылардың некеге тұрудың алғашқы алғышарты болып табылады. Ал зайырлы Қазақстанның «Неке және отбасы» туралы заңы бойынша жас жұбайлар Әділет басқармасына қарайтын АХАЖ бөліміне тіркеліп, неке куәлігін алуға тиісті. Алайда соңғы жылдары заңға пысқырып қарамай тек мешітте некесін қидырып қана қоятын жұптар көбейді. Яғни неке куәлігін қажетсінбейтіндер бар. Мұның соңы қоғамда келеңсіз оқиғалардың туындауына себеп болуда. Әсіресе имам, молдалар мешітке көз жасын көл қылып, опық жеген қыздардың көптеп келіп жатқанын айтады. Тығырыққа тіреліп, көкейлерінде сан сауал сайраған қазақ қыздарының намазхан жігіттерге деген «өкпесі қаза қазандай». Себебі олар некелі жарын көп ұзамай «талақ» етіп, оп-оңай ажырасуды қалыпты жағдайға айналдырып барады. Ол аз болғандай себепсіз талақ етілген әйел өзге біреуге «сыйлық» ретінде әйелдікке беріледі. Осылайша қаракөз қыздарымыз «исламның жолымен» бірнеше рет некелесіп, бірнеше рет ажырасып жатыр. Бір сөзбен айтқанда жастар арасында мұсылмандық некені ойыншыққа айналдырып, адам тағдырымен ойнау белең алуда.
«Талақ» исламда бар нәрсе. Алайда оны мұсылман бауырлар өте сирек жағдайда және маңызды себеппен қолданған. Мүмкіндігінше әйел адамды талақ етпеуге тырысқан. «Дініміздің осы салтын бүгінде қалай болсын солай жүзеге асырып, әйелдердің намысын қорлап жүргендердің дені радикалды топтардың мүшесі» дейді мамандар. Олар шариғат шарттарымен жақсы таныс бола тұра ел ішіне бүлік салу үшін осындай арсыз қадамға баруда. Тілі мен жағына сүйенген жігіттер Құдайдан қорықпайды, жақсы ұрпақ сүйейін, өнегелі отбасы болайын демейді тек исламның шарттарын жамыла отырып тыныштықты бұзуды қалайды. Құқығы заңмен қорғалмағандықтан, мұндай жағдайда тек қыз-келіншектер зардап шегетіндігі анық. Бұл «заңсыз» туылған сәбилер мен бала алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ әкелер санын арттыратын жайт. Ақпарат құралдарынан көрші елдерде бұл құбылыстың үлкен мәселеге айналғанының куәсіміз. Тәжікстан мен Қырғызстанда да некені мешітте ғана қию дәстүрі пайда болған соң, ислам қағидаларына ғана сүйеніп ажырасатын жұптар көбейген. Әйеліне «талақ» деп үш мәрте айту арқылы ажырасу мүмкіндігін беретін діни қағидаларды әркімнің өз еркінше түсінуі салдарынан мемлекеттің заңдарына қайшы келетін тұстары ауыр әлеуметтік проблемалар туындатқан.
Көршілерге күлер жағдайымыз жоқ. Себебі Қазақстанда да «талақ» мәселесі тыйылмай тұр. Отбасы құндылықтарына алаңдаған еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы жақында некеге немқұрайлы қараған жастарды сынға алып мынадай тапсырма берді: Алдағы уақытта еліміздің мешіттерінде АХАЖ бөлімінің анықтамасы болмаса ешбір жұптың некесі қиылмайды. Яғни имам, молдалар ендігі кезекте жастардың некесін қимас бұрын заң алдындағы ерлі-зайыпты деген құжатын көрсетуді талап ете алады. Бас мүфтидің бұл тапсырмасы біріншіден қаракөз қыздарымыздың құқығын қорғау болса, екіншіден ажырасу санын азайтса, үшіншіден жат ағым өкілдерінің тайраңдауына тосқауыл қоймақ.
Исламдағы некелесу күрделі мәселе. Құран Кәрім неке келісімін «мисақан ғализа», яғни ең үлкен жауапкершілік деген сөз ретінде сипаттаған. Жүзге тарта аят отбасы құқығы мәселесіне арналған. Алла Тағалаға рұқсат етілген амалдардың ішіндегі ең ұнамсызы – ажырасу екен. Оны тек «талақ» деп үш рет айтып, ажыраса салу сияқты ойыншыққа айналдыру жақсылыққа апармайды. Хадисте: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп әйелді Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады. Осы себепті де, деструктивті діни ағымдардың «шағын мемлекет болып саналатын» отбасы құндылықтарын бұзуына жол бермегеніміз жөн. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы ғалым:
«Ұрпақ тазалығына нұқсан келтіреді»
- Қазіргі қоғамда кейбір топтар үшін дін парралелді заңға айнала бастаған тұста бұл тұжырым өте орынды деп ойлаймын. Өйткені, кейбір жастар діннің «неке»заңдарын өз жалған сенімдері мен нәпсілеріне бейімдеп, жеңілдетіп алған. Оның салдары да орасан. Санаусыз жетімдер мен қамқорсыз жесірлерді шынайы дінді түсінген адам көбейтпес еді. Бірақ, бұл шындыққа айналды. Ең сорақысы құрсағындағы шарананың қайсы күйеуінен екендігін білмейтіндер шыға бастады. Осы тұста некені ойыншыққа айналдыра бастағандардың алдын алу үшін бұл қағиданы толық енгізу орынды. Алайда, осы адам тағдырымен нәпсісі үшін ойнап жүргендер қаншалықты некелерін мешіттерде қидырады деген сауал туындайды. Сондықтан жалпы, заңсыз некеге тұрғандарға қатысты арнайы жауапкершілік тетіктерін ойластыру керек болар. Өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңы барлық тұрғындар үшін міндетті, жарамды болуы керек. Кейбір мәселелерді тек шариғат шеңберінен іздеу де орынсыз. Өйткені, көлік апаты бола қалса ешкім шариғаттан жауап іздемей Жол полициясы қызметкерін шақырады, науқас асқына қалса Жедел жәрдемге жүгінеді, сол сияқты неке де заң шеңберінде болуы тиіс. Оның үстіне қаншама зардап шеккендер ешбір шара қолдана алмай далада қалып жатыр. АХАЖ-сыз некеге тұрғандар осы жауапкершіліктен қашқандықтан, кез-келген уақытта сұраусыз тастап кете алатындықтарынан осындай көлеңкелі некеге барады. Ол үшін Бас мүфтидің талабымен қоса қыздарымыздың сақтығы да керек. Түріне, «аузындағы дініне» алданып өз өмірін жауапсыз адамдарға тапсыру, кейіннен өкіну еліміз бен болашақ ұрпағымыздың тазалығы және тәрбиесіне үлкен нұқсан.
Абзал Түктібаев, Түркістан қаласындағы Сахаба Біләл мешітінің ұстазы:
«Көп асқанға бір тосқан»
- Дәстүрлі дінімізді ұстанатын жігіттер отбасы, неке ұғымына немқұрайды қарай алмайды. Себебі исламда некенің қасиеттілігін, жауапкершілігі мол екенін біледі әрі ата-бабамыздан бойымызға сіңген тәрбие, өнеге бар. Ал қазіргі таңда орын алып жатқан уақытша, жалған некенің барлығы сәләфилік бағытты ұстанғандардың тірлігі. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағасын өздерін намазхан етіп көрсетіп жүргендер жас қыздарды уысына түсіріп, тағдырларын ойран етіп жатыр. Мұндайларға шариғатты ұстандық деп мешітте неке қидырып, үш-төрт айдан соң әйелін «талақ» ете салу түкке тұрмайды. Өйткені олардың бар көксегені отбасылық бақытты ғұмыр емес некені пайдалана отырып исламның құндылықтарын әлсірету, дінімізді жиіркенішті етіп көрсету. Мұның астарында республикамыздың «Неке және отбасы туралы» Заңын қадірлемеу, бас имеуді де байқауға болады. Бірақ әр нәрсенің шегі болады емес пе? Қоғамды мазалап отырған өзекті мәселеге жақында Бас мүфтидің нүкте қойғаны жат ағымдардарға үлкен соққы болды. «Көп асқанға бір тосқан» демекші алдымен АХАЖ бөліміне барып некеге тұру шарты дандайсып кеткен радикалды топтардың арам пиғылдарын су сепкендей басты. Осы бастамадан кейін жалған неке азаяр деген үміттемін. Сондай-ақ аруларымыз да болашақ серігін таңдаудан шатаспай, әр қадамдарын аңдап басса екен деймін.
Әбілхан Әл Баиани, Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы:
«Имамдарға жеңіл болды»
- Талақ мәселесі ушығып тұрған кезеңде Бас мүфтидің мына тапсырмасы дер кезінде қабылданған шешім болды. Өйткені жат ағымның жетегінде кеткен жастар қазақтың қарапайым қызына үйленіп, бір-екі ай бір шаңырақ астында тұрмастан талақ ете салудан қымсынбайтын болды. Олардың тағы басқа бір бауырына хабарласып «саған әйел керек пе, мен оны талақ еттім және саған сыйлаймын» дейтіндерін қайтерсіз? Сырт көзбен қарағанда бұл әрекетттен некеге және әйел затына деген жұрдай құрметтің қалмай бара жатқанын байқаймыз. Тағы бір келеңсіз мәселе арадағы перзенттің жартылай жетім қалуы. Талақ еткен еркек әрине баланы керек етпейді, оны бағып-қағу нәзік жандылардың мойнына артылады. Арада заңды некелері болмағасын алимент төлемейді әрине. Сондай-ақ мешіттерде бұған дейін мынадай жағдайлар көп кездесіп жататын:Неке қидырған жастардың ата-аналары арада біршама уақыт өткесін мешітке келіп имам, молдаларға кінә тағады. «Сендер менің баламның некесін неге қиясыңдар, мына келінді танымаймыз немесе мына күйеу баланы алғаш рет көріп тұрмыз» деп ренжиді. Бұл жерде жастар ата-аналарымен ақылдаспай өзара шешім қабылдап жатады. Енді заңды әрі расми органның неке куәлігінсіз имамның неке қиюға рұқсаты болмағаны талақ мәселесінің алдын алуға септігін тигізеді деген ойдамын. Бір жағынан молдалар да еркін, ашық түрде некені қия береді. Талақ және ажырасу жағдайын азайтудың тағы бір тәсілі мешітке келген жастарға некелерін қимай тұрып некенің маңызын, ерлі-зайыптылардың шариғат алдындағы міндеттерін және үйлену оңай үй болудың қиын екенін түсіндіру керек-ақ.
Мұрағаттан, 2015 ж