Жас балаларды құрбандыққа шалады деген қауесет қайдан шығып жүр?
Міне, мұсылман қауымның ұлық мерекесі Құрбан айтты тойлау мерекесі де келіп жетті. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы мерекені жоғары деңгейде, ұлттық нақышта атап өтуді ұсынды. Бас мүфи Ержан қажы Малғажыұлының облыс, қала, аудан, ауыл имамдарына жолдаған ресми хатында мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойын түрлерінен арнайы жарыстар өткізу, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіру, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру сияқты шараларды жүзеге асыру қажеттігі айтылған. Діни мейрамды тойлауға әрбір пенде қазірден бастап дайындыққа кіріскен.
Мерекенің лебізі сезілген сайын әр өңірде, мешіттерде Құрбан айттың құндылығы, маңыздылығы және тойлау шарттары жайлы ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Сондай-ақ өкінішке қарай ел арасында халықтың үрейін туғызатын жалған ақпараттар да тарауда. Мәселен жас балаларды әлдебіреулер ұрлап, құрбандыққа шалады екен деген әңгіменің құлағы қайбір жылдары қалқиып еді. Үрейлі ақпаратты естіген жұрт балаларын көшеге шығаруға қорқып, тіпті, мектепке жібермей қойған оқиғалар да кездесті. Осының салдарынан Құрбан айт мерекесінің құтын қашырғысы келгендердің көздегені болды. Биыл да дәл осы жалған ақпарат ел арасына әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Жақында осы мәселе бойынша Ақмола облысында 20 жасар қыздың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушы балаларды ұрлайтын секта жөнінде әлеуметтік желіге жалған ақпарат таратқан. Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында құқық қорғау органдарына Бұланды ауданының тұрғыны 12 жасар қызын белгісіз ер адам қорқытты деп хабарлаған. Тексеріс барысында аталған факті расталмады. Кейін белгілі болғандай, жасөспірім мектептегі сабағынан кешігіп қалғандықтан жалған сөйлеген. Дәл, осындай арызбен аудандық Ішкі істер бөліміне Макинск қаласының тағы бір тұрғыны келген. Арызданушының айтуынша, белгісіз адамдар оның 11 жасар ұлын ұрламақ болған. Бұл ақпарат та шындыққа жанаспады. Бала ұрлау фактілері «Одноклассники» және мобильді мессенджер «Whats App» тәрізді әлеуметтік желілерде Ақмола облысы аумағында құрбандық шалу үшін 2-15 жас аралығындағы балаларды ұрлаумен айналысатын сектаның жұмыс істейтіндігі жөніндегі ақпараттың тарауына арқау болған. Тексеріс барысында Шортанды ауданының тұрғыны, 1995 жылғы азаматша ұсталды. Ол балаларды ұрлау жөніндегі жалған ақпаратты Макинск қаласында тұратын өзінің анасынан естіп біліп, «Одноклассники» әлеуметтік желісі арқылы таратқан.
Ислам тарихында құрбандыққа шынымен де жас балаларды шалған ба деген сұраққа үңіліп көрейік. Дерек бойынша құрбандық шалу сонау Ибраһим пайғамбардың өмір сүрген дәуірінен бастау алады. Пайғамбарға Алладан жалғыз ұлы Исмаиылды құрбандыққа шал деген аян беріледі. Жаратушыға шексіз берілген Пайғамбар арафа күні ұлын құрбандыққа шалмақ болып, пышағын тамағына тақай бергенде пышағы өтпей қалады. Сол сәтте көктен Алла оған құрбандыққа шалу үшін көк қошқарды жібереді. Міне, сол күннен бастап барша мұсылман құрбандыққа адам орнына мал соятын болған. Яғни біз бүгінде құрбандықты адамның құрбандық болып шалынудан құтылу мерекесіне арнап шаламыз. Бұл ұлы мереке, ұлы той – адамның құрбандық ретінде шалынудан құтылу мерекесі. Сол себепті ислам тарихында адамды, ал балаларды тіпті құрбандыққа шалу деген түсінік те, оқиға да болмаған.
Сонда жас балаларды әлдебіреулер құрбандыққа шалады екен деген әңгімені кімдер, не үшін таратып жүр? Елімізде ислам атын жамылған теріс ағым өкілдерінің мақсатв ынтымақты ыдырату екені мәлім. Мемлекет олардың жұмысына тыйым салса да ел ішіне астыртын бүлік салып келеді. Әсіресе, олар бүгінгі жастардың аңғалдығын, соқыр сенімдерін пайдаланып, әлеуметтік желілерді көбірек қолдануда. Дінімізге көреалмаушылықпен қарайтын секталардың мақсаты желі арқылы жалған ақпарат таратып, ислам құндылықтарын жою және адамдарды діннен алшақтату, сенімінен айыру. Ал жалған ақпараттың жылдам тарайтыны белгілі. «Балаларды құрбан шалу мақсатында ұрлайтын секта пайда болды» деген мәтіні бар вирустық хабарламаларды әлеуметтік желілерде ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбестен адамдар бір-біріне таратып үлгерген. Мамандар мұны Құрбан айт мерекесі қарсаңында кереағар ағымдардың қоғам арасында салып отырған іріткісі дейді. Сондықтан қасиетті мейрамды алаңсыз тойлауға шақырады.
Дегенмен жұрттың көңілін елең-алаң еткізген ду-ду әңгіме мен жалған хабарламалардың тарамауына не шара қолдауымыз қажет, жалған ақпарат таратып отырған қауіпті секталардан қалай қорғанамыз?
Сейдахмет Әбдімомынұлы, Шымкент қаласындағы «Сейіткәрім қажы» мешітінің имамы:
«Бәрі бос әңгіме»
Жыл сайын Құрбан айт мерекесі алдында құрбандықа шалу тақырыбы қызу талқыға түсетіні анық. Соның ішінде «жас балаларды құрбандыққа шалу үшін бала ұрлаушылар көбеюде» деген ақпараттың да тарап жатқаны шындық. Алайда бұл қауесетті ислам дінінің дұшпандары елді дүрліктіру мақсатында әдейі таратып отыр. Әрине оның бәрі бос әңгіме. Себебі исламда ешқашан құрбандыққа адамды, оның ішінде балаларды шалмаған. Керісінше бұл мерекеде адамдар бір-біріне мейірімді бола түсіп, жомарттық таныту қажет. Сондықтан жалған әңгіменің жетегіне ермеу үшін жамағат мереке алдында мешіттерге барып имамдардан ақыл-кеңес сұраған жөн.
Қанат Жұмағұл, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры , теолог:
«Ақиқатқа жанаспайтын ақпарат»
Баспасөзде «жас балалар ұрланып жатыр, оларды құрбандыққа шалады екен» деген ақпарттардың шығып жатқандығын көзіміз шалып қалады кейде. Бұл жыл сайын қайталанатын оқиға болды ғой. Шындыққа жанаспайтын ақпаратты нақты кімдердің таратып жатқандығын білмеймін. Алайда санамызды улап жатқан тыйым салынған секта өкілдерінің ісі болуы мүмкін. Бұл мүлдем ақиқатқа жанаспайтын ақпарат. Халықтың жалған ақпаратқа еруінің де әрине өзіндік себептері, әсер еткен факторлары бар. Радикалды топтардың әрекеттеріне тосқауыл қою үшін теоолог мамандар, имамдар халықты жинап өтірік айтудың қаншалықты күнә екенін түсіндіріп, жалған ақпаратты таратудың да үкімдерін айтса әлеуметтік желілердегі бұл резонансқа нүкте қойылар ма еді.
Нұркен Рамазан, «Нұр мүбәрак» университетінің студенті:
«Үрейленудің қажеті жоқ»
Қазақстанда ислам атын жамылған бірқатар кереағар ағымдар бар. Миссионерлер біздің елге келмес бұрын қазақтың психологиясын әбден зерттеп алған. Яғни олар ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі дініміздің қағидаларын, нышандарын бұрмалап, хақ нәрсені бұрыс етіп халыққа көрсетіп жатыр. Мәселен мына нәрсе исламда харам екен деген гу әңгімені бастап жіберсе халық соны іліп әкетіп, бір-біріне таратып, дүрліктіріп жіберетінін олар жақсы біледі. Және ел тұтастығын бұзу үшін әдейі осы тәсілді қолданады. Сол секілді «құрбандыққа жас балаларды шалады екен» деген жалған ақпаратты таратудағы олардың көздегені бізді діннен, салтымыздан ажырату. Әлеуметтік желіге тараған сол ақпарат бір сөзбен айтқанда «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кебін киіп тұр. Яғни ақпаратты бір ғана адамның бөлісуінің кесірінен қаншама адамның сана-сезімі бұзылып жатыр. Үрейлі мәліметті естіген соң діни сауаты төмен адамдар мейрам кезінде құрбандық шалудан айнып қалуы мүмкін. Түбінде ол намаз оқуын да доғарып, мешітке жоламай кетуі ықтимал. Осы секілді жалған ақпараттар мұсылманды исламнан алшақтатып жібереді. Өздеріңізге белігілі Ибраһим пайғамдарды сынау үшін Алла оған өз ұлын құрбандыққа шалуға аян береді. Алланың бұйрығына мойынсұнған ол Исмаиылды құрбан еткелі жатқанда Жаратаушы оның орнына қошқарды аспаннан түсереді.
Сол кезде Алланың пайғамбардың тақуалығына, шынайылығына көзі жеткен. Бұл адамдарды құрбандыққа шалуға болады екен немесе шарт екен деген сөз емес, бұл пенденің Аллаға деген шексіз махаббатты бейнелейтін ғибратты оқиға. Ислам дінінде жас бала түгілі өзге діннің өкілін өлтіруге тыйым салған. Құранда айтады: «Кімде кім бір адамды өлтірсе ол бүкіл адамды өлтіргенмен тең» деген. Сондықтан пенденің ешбір адамның өмірін алуға құқы жоқ. Құрбан айт мерекесі кедей мен байдың арасын жалғайтын көпір. Жылдап ет жемейтін кембағал жандарға жағдайы келіскендердің шапағаты түсіп, мейірімі оянатын күн. Осындай ұлық мерекеде қазақтың байлығына, жеріне көз алартқандардың қауесет сөзіне ермей, үрейленудің қажеті жоқ. Адамды кемелдікке көтеретін дін. Сол себепті жауларымызға берілмес үшін халқымыздың діни сауатын арттыру керек. Ең алдымен ел арасында үгіт жүргізіп, қазіргі таңда ақпарт көзінің қайнар бұлағы әлеуметтік желі, түрлі сайттарға майын тамызып, ақ пен қараны ажыратып, нақты фактілерді келтіріп дінтанушылардың мақалаларын көптеп жариялаған абзал. Мүмкін болса мақаланы орыс, тіпті ағылшын тілінде де аударған абзал. Себебі қазір тілді меңгерген жастар көп.
Мұрағаттан, 2015 ж