ДАИШ сот шешімімен экстремистік деп танылады

Oinet.kz 17-06-2019 1361

Screenshot_6.jpg

Қазақстанның Бас прокуратурасы алдағы уақытта сот төрелегіне жүгініп, ДАИШ немесе «Ислам мемлекеті» деген атаумен танылған халықаралық ұйымды Қазақстан аумағында экстремистік деп тануды сұранбақ. «Интерфакс-Казахстан» агенттігінің сауалына жауап берген Бас прокуратура осылай дейді. 

--Бүгінгі күні «Ислам мемлекеті» сот шешімімен Қазақстан аумағында экстремисттік немесе террористік деп танылған ұйымдардың тізімінде жоқ,--дейді Бас покуратура. 

Дегенмен мемлекеттік айыптаушылардың айтуынша, ДАИШ ұйымын сот шешімімен экстремистік деп тануға толық негіз бар. Прокуратура алдағы уақытта осы бағытта тиісті шаралар қабылдайтын болады. 

Дін істері комитетінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда сот шешімімен экстремистік немесе лаңкестік деп танылып, ел аумағында тыйым салынған 19 діни ұйым бар. Олар: «Аль-Каида», «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар»,. «Мұсылман бауырлар»,  «Талибан» қозғалысы,  «Боз гурд»,  «Орталық Азия моджахедтер жамағаты», «Лашкар-е-Тайба», «Хизб-ут – Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы»,  «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиғи жамағат» және «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы. 

«Ислам мемлекеті» ұйымы ақпарат құралдарында көбіне «Ирак пен Шамның ислам мемлекеті» (ИШИМ) немесе оның орыс тіліндегі нұсқасы бойынша «ИГИЛ» деп жазылып жүр. (ДАИШ  араб тіліндегі нұсқасы. Алайда ұйым мүшелері өз араларында ДАИШ деп атауға тыйым салған. Тіпті бұлай деп атағандарға 70 дүре соғу жазасын да тағайындаған).

ДАИШ  2014 жылы өз-өзін шариғаттық басқару жүйесіне негізделген бүкіл әлемдік халифат ретінде жариялаған. Ұйымның көсемі Абу Бакр әл-Бағдади  халиф әрі «барлық мұсылмандардың басшысы» саналады. 

Ұйым әскерінің қатарында 12 мың сарбаз бар деп есептеледі. Алайда ұйымдағы содырлардың саны АҚШ Орталық барлау қызметінің мәліметінше--30 мыңға, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше—50 мыңға дейін жетуі мүмкін. «Ислам мемлекеті» басып алған Ирак пен Сириядағы мұнайды қара базарда сатудан түскен табыспен қаржыландырылады. 

«Исламшылар» басып алған жерлерінде көптеген бейбіт азаматтарды өлім жазасына кесті. Көптеген мәдени мұраларды талқандады. Ұйым содырлары Ирак және араб, Еуропа елдеріндегі бірнеше террорлық актілерді жасаған. 

2014 жылдың желтоқсанында Ресейдің Жоғары соты «Ислам мемлекетін» ресми түрде террористік ұйым деп тану туралы шешім шығарды. Биыл көктемде мұндай шешімді Тәжікстанның Жоғарғы соты да шығарған. Ресми мәліметтер бойынша «Ислам мемлекеті» ұйымының әскері қатарында әлемнің көптеген елдерінен келген еріктілер соғысып жүр. Соның ішінде Қазақстанның да азаматтары бар.   

Мұрағаттан, 2015 ж

Мұсылмандық некені ойыншыққа айналдырудың артында кімдер тұр?
Шетелде діни білім алудың қажеттілігі бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу