Жетінші күн адвентистерінен келер қауіп көп пе?
Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні - ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата- бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өтті. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін қазақтың бөлінбес еншісіндей болып келді.
Қазіргі таңда ел ішінде іріткі салып, халықтың патриоттық сезімін құртып, мәңгүрт етуге тырысып жатқан дәстүрлі емес діни ұйымдардың көбі христиандық бағыттағы діни ұйымдар (протестанттық діни ұйымдар) болса, арасында арагідік шығыстық дәстүрлі емес діни ұйымдар да (иогтар, кришнаиттер т.б.) кездеседі. Негізінен ғалымдар өзге діндердің Қазақстан аумағына орналасуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады дейді: Бірінші кезең - III-XIV ғ.ғ. Бұл уақытта Орта Азияда және Қазақстанда мелькиттер, яковиттер, несториандар, армяндық Апостоль шіркеуі және католик шіркеулері алғаш орын тепкен. Екінші кезең - ХVIII-ХХ ғ.ғ. басы. Қазақстанның орыс патшалығының қол астына қараған кезі. Бұл кезеңде Ресей империясының шекарасы ресми белгіленіп, картасы сызылып бекітілген соң, патша үкіметі бұрынғы уақытша ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру (христиандандыру) саясатын ашық жүргізе бастады. Үшінші кезең - еліміз тәуелсіздік алған жылдары. Осы кезеңде қоғамдағы идеологиялық тұрақсыздықты, сондай-ақ, берілген заңды құқықтық артықшылықтарды ұтымды пайдалануға тырысқан жат-жерлік дәстүрлі емес діни ұйымдар, бұрын соңды кездеспеген діни ағымдар мен секталар көптеп орналаса бастады. Солардың ішінде жетінші күн адвентистері қазақ жеріне шоқындыру саясатының қарсаңында яғни екінші кезеңде өркен жая бастады. Бүгінде бұл ұйымға заңмен тыйым салынғанымен олардан келер қауіп сейіле қоймады. Себебі жасырын жұмыс жасайтын миссионерлерге көбінше жастарымыз алданып қалады. Бұл ұйым қандай ұйым және олардан келер қауіп қандай?
Жетінші күн адвентистері дегеніміз - бұл қалыптасқан шіркеулердің ілімдерімен келіспейтін, сондай - ақ сенім мен өмірдің жалғыз ғана ережесі болып табылатын Киелі Жазбаға сүйенетін шіркеу. Адвентистер рухтың мәңгі жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Олар «Исаны екінші қайтара келеді, сонда барлық замандарда жасаған күнәсіздер тіріліп, көкке ұшады, мың жыл салып, жерге қайтып оралады, күнәлілер ібіліспен бірге ғайып болады, жер беті отпен тазартылып, құтқарылғандардың мекеніне айналады» деп уағыздайды. Бұл дінге сенушілер жетінші, мейрам күні жексенбі күні емес, сенбі деп сенеді. Бұл күні жұмыс істеуді былай қойғанда, ас жасауға тіпті соған мүше ата-аналар, балаларын мектепке баруына да тыйым салынады. Мәсіх қай уақытта екені белгісіз қайтып келіп мың жылдық патшалығын құратынына сенеді. Олар ішімдік пен темекіден бас тартып, дені сау өмір салтына көп көңіл бөледі және соны басқаларға уағыздайды. Жетінші күн адвентистері шіркеу мен мемлекеттің бөлек болу ұстанымын қолдайды және барлық адамдардың рухани бостандықтарын талап етеді. Адвентистер қауымы тұйықтығымен ерекшеленеді. Олар өзара, өз мүшелері арасында ғана неке құруға рұқсат етілген. Ұйымға мүше болу үшін шоқыну рәсімін орындау қажет, ал балалар болса шоқындырылмайды. Ересектер алдын ала уағыздар мен насихаттарды тыңдап алып, мүшелікке өту салтынан бұрын жиын алдында « Аспан патшасының баласы болғаны туралы» ант береді. Осындай антты қабылдағаннан кейін суға толығымен батыру жолымен шоқындырылып, толыққанды шіркеу мүшесі болып саналады. Әр үш ай сайын осылай аталатын кеш тойланады.
Бүгінде аталмыш ұйымның мүшелері әлемнің барлық елдерінде насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәліметтер бойынша жетінші күн адвентистері барлық әлем бойынша 4000 мыңнан астам оқу орындарын қаражатпен қамтып, сол сияқты олар ауруханалар мен емделу орындарында, тәрбиелеу үйлері мен қарттар үйлерінде жұмыс жасайды және қайырымдылық ұжымдарында киім және тамақ таратумен айналысады. Әрине мұндай қамқорлықтың астарында жымысқы әрекеттің тұрғанын байқауға болады. Жетінші күн адвентистерінің шіркеуі әлем бойынша 220 мемлекетте қызмет жасайды екен. Оның құрамына Құдайға құлшылық жасайтын 16 миллион мүшелері мен қонақтары бар 50 000 қауым кіреді. Қазақстанда жоғарыда атап өткендей Жетінші Күн Адвентистері өткен ғасырдың басында пайда болды. 1902 жылы алғашқы адвентистік қауымдар Өскеменде, Семейде, Ақмола аймағының Рождественка ауылында, Қостанай аймағында пайда болған. Қазіргі кезде Қазақстанда жетінші күн адвентистері мен қоса Адвентистер- реформаторлар да бар. Бұл ұйымды дін жөніндегі агенттік ресми тіркеуден өткізбей, қызметіне тыйым салған. Әйтсе де, аталған екі ұйым да «салауатты өмір салтын қоғамға енгіземіз» деген ұранды пайдаланып, өздерінің миссионерлік қызметтерін жүзеге асыруда.
Жұртты шоқынуға шақырып, Исаның қайта тіріліп келуіне сендіретін ұйымнан әлбетте қоғамды сақтауымыз қажет. Дәстүрлі емес топқа кіретін жетінші күн адвентистерімен бүгінде күрес қалай жүргізіліп келеді. Олардың насихат жұмыстарына тосқауыл бар ма?
Мұратбек Жахатов, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы:
«Ислам соғысты қаламайды»
Елді шоқындыруға итермелейтін мұндай ағымдардың өкілдері ел ішінде жалғыз жұмыс істемейтіні анық. Әрқашан топтасып жүреді. Сондықтан олармен біз де топ болып күресуіміз қажет. Алайда олардың қателіктерін бетін басып, ашық айқасқа шыққаннан ұтқаннан ұтыларымыз көп. Егер ақылға салып олармен жақсы қарым-қатынас орнатып түзу жолға тарта білсек қана жеңе аламыз. Себебі біздің дініміз таза дін. Ол соғыстың, қанның төгілгенін қаламайды. Секта, тыйым салынған ұйымдар да біздің ішімізге еніп алып соғыссыз, жылы, адам сендірерліктей сөздермен өздеріне тартып жатқан болса біз де осы тәсілді қолдануымыз қажет деп ойлаймын.
Мұхамед Өрдебайұлы, Талдықорган қаласы "Иман" мешітінің ұстазы:
«Он ережеге бағынады»
Христиан дінінің протестант тармағының ағымы 19 ғасырда пайда болған. Олар Иса Ғ.С келуіне көптеп сенеді.Өздері шығарған 10 ережеге қатты бағынады,сенбі күнін қадір тұтады. Ал қазақ даласы үшін бұлардың мақсаты біздің емес өз құлқындарының қамы және келешек ұрпақты адастыру, ата дініміз бен тілімізге балта шабу. Шамамыздың келгенінше мұндай келімсек діндерден отанымызды, xалқымызды, ұрпағымызды қорғағанымыз абзал. Кім Алланы танымаса Раббысын білмесе Алла оны кез келген затпен адастырады. Біз дәстүрімізбен ата салтымызға сәйкес Исламмен өмір сүруге міндеттіміз.
Дінімізге жанашырлықпен қарайтын азаматтарымыз қолдан келсе мұндай мәселелерге тосқауыл болу керек. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді, келешек ұрпағымыз осындай соқыр сенімның жетегіне кетуден аман болу үшін бүгінде тынбай қызмет ету бәрімізге міндет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұғаз Р.Ғ саxабасына бүкіл әлемдегі істердің абзалы ол Исламмен өмір сүру деген. Себебі кез келген қоғамдағы қиындықтардың пайда болуы ол имансыздықтан немесе дінін толық білмеу арқылы орын алады. Ал иманмен өмір сүрген қоғам әрқашан бақытты.
Ербол Уранов, Тасбөгет кенті мешітінің найб имамы:
«Мамандарға жүгінеміз»
Қазақ қоғамына жат ағымдар тәуелсіздік жылдарынан кейін көптеп ағыла бастады. Бүгінде олардың басым бөлігіне тыйым салынғанымен, адамдардың іші бауырына кіріп астыртын насихат жүргізіп жатқандары бар. Жетінші күн адвендистері секілді дәстүрлі емес діни ағымдармен күресті дін зерттеу орталықтарымен, яғни сала мамандарымен бірлесіп атқарған дұрыс. Ал имамдардың негізгі міндеті уағызды тоқтатпай, исламның құндылықтарын халыққа жеткізу. Өзге діннің жетегінде кеткен қандастарымызды өз дініміздің кереметін ұғындыру арқылы ғана қатарға қоса аламыз.
Дерек пен дәйек:
Жетінші күн адвентистері адвентистік қозғалыстың ішіндегі ең ірі өздігінен құрылған біріккен ұйым болып табылады. Барлық әлем бойынша оның құрамында 16 миллион адам бар.
Мұрағаттан, 2015 ж