Намаз оқымайтын әке-шешеден безіну - көрсоқырлық
Ассалаумағалекум, құрметті оқырман жамағат. Еліміздің тәуелсіздік алғанына, әлемдік өркениеттегі өз орнын анықтауға бет алғанына міне, 24 жылға жуықтады. Қоғамда әлеуметтік топтардың ішіндегі ең әлсіз буыны ол жастар. Олар: сенгіш, еліктегіш, сезімге тез берілгіш. Сондықтан болар дін атын жамылған дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде кетуі орын алып жатады. Сол еліктегіш, сенгіш жастардың бірі мен--Бегайдаров Сағындық Амантайұлы 1988 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келдім. Менің балалық шағым Кеңес одағының ыдырауымен Қазақстан мемлекетінің көк туы көтеріліп, егеменді ел деп жариялап, экономикалық тығырықтан шығып жатқан тұспен қатар өрілді. Қарапайымдылықпен, бар нәрсеге қанағат, шүкіршілікпен тіршілік кештім. Адекеновтер отбасында, нағашыларымның қолында тәлім-тәрбие алдым. Анам 1994 жылы науқастанып марқұм болған. 1995 жылы 1 қыркүйекте Атырау қаласындағы мектеп табалдырығын аттадым. Мектепті бітіріп, Атырау политехникалық колледжінің «Экономика, есеп және аудит» мамандығына оқуға түстім. Оқу орнын 2008 жылы бітіріп шықтым. Менің араласатын жора-жолдастарым санаулы еді, олар қайда жүрсем де маған жан-жақты қолдау көрсететін. Сол достарымның бірі әрі курстасым Асхат есімді бауырым еді. Асхат маған үнемі уағыз-насихат айтатын. Дін негіздерін, ислам парыздарын түсіндіретін. Жалпы менің Ислам дініне деген қызығушылығым колледжде оқитын кезімде пайда болған. 2007 жылы Ислам дініне зор ықылас таныта бастадым. Дінді насихаттайтын мақалаларды, аудио және бейне таспаларды, кітаптарды оқып, көріп, тыңдап Ислам дінімен жақынырақ таныстым. Жұма намаздарына қатысып, имамдардың оқыған құтпасын тыңдап әсер алатынмын. Ия, дін--адамзаттың екі дүниеде де бақытты болуына жол көрсететін Жаратушы тарапынан жер бетіне пайғамбарлар арқылы жіберілген ереже-қағидалардан тұратын жинынтық. Қазақ даласы Ислам нұрына шомылып тұрған өлке! Оны бәріміз білеміз жеріміз байтақ әрі бай, ал халқымыз қонақжай әрі мейірімді, төзімді, сабырлы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мынадай керемет сөз бар: «Аллаһ-хақ, Пайғамбарымыз-Мұхаммед (с.а.с) қасиетті кітабымыз-Құран, тегіміз түрік, дініміз Ислам». Елбасы осылайша тамыры тереңде жатқан дәстүрлі дініміз турасында өз көзқарасын білдірді. Қазіргі таңда жастарымыздың ата-бабаларымыз ұстанған Ислам дініне бет бұрғанын, ислам құндылықтарын, парыздарын орындағаны бір қуаныш. Соның ішінде Батыс өңіріндегі Атырауда, Ақтөбеде жастарымыздың имандылыққа бет бұруында белсенділік басым. Бірақ сырттан келіп жатқан діни миссионерлердің осы жастардың сана сезімін, ақида бағытын өзгерткен, яғни уландырған. Олар жастарға сенімін тұншықтырып дәстүрлі емес радикалды діни көзқарастарды насихаттауда. Дәстүрлі емес радикалды діни бағытқа өтудің себептері қандай? Бұл жастардың дін туралы білімінің таяздығынан, діни сауаттылықтың жетіспеушілігінен, асығыс шешім қабылдағаннан. Әр адасқан топтың өз кемшіліктері болады, сол кемшіліктердің бірі Үкімет заңына бағынбауы, намаз оқымаған адамды кәпір деп білуі, намаз оқымайтын әке-шешелерінен безіп олармен қарым-қатынастарын үзуі, намаз оқымайтын адамға «тәкфир» шығару. Енді осы адасқан ағымдардың, ислам атын жамылған кері ағымдардың бірі «Әт-тәкфирул уәл-хиджра» және өздерін «Ахлу сунна уал-жамағат» тобына жатқызатын ағым «Сәлафус солихин» (бұрынғылар жолы) жайында айтып өткім келеді.
Тәкфиршілердің ұйымы араб тілінде – «ат-Тәкфир уал-хиджра» қазақша «тәкфир және хиджра» деп аталады. Ат-Тәкфир және хиджра жамағаты өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайды. Сондықтан, жамағаттың аты да өзіне сай тәкфир яғни, жамағаттан басқаларды кәпір дейтіндер және хиджрат яғни, басқалармен араласпайтындар деп аталады. Жамағаттың алғашқы идеологиясы Мысыр түрмелерінде өріс алып, соңынан бас бостандыққа шыққан мүшелерінің ой-пікірлерінен тұжырымдалады. Бұл ағым сенімдердің негізі хауариж ағымының тәкфир ұғымына құрылады.
Хауариж-ислам тарихында ең алғаш пайда болған кереғар ағым. Бұл ағымның мүшелері III Халифа Оспан бин Аффанды және IV халифа Әли бин Әбу Талибті қастандықпен өлтірген. Осы хауаридж ағымына жататын қарулы жихадты насихаттайтын топтың бірі неосәлафизм бұл жікшіл сепаратистік экстермистік ұйым екенін білеміз. Қазіргі таңда қарулы жихадты насихаттайтын өз ғалымдары, радикалдық Ислам идеологиясының өз жаршылары бар. Қазақ жастары арасында олардың сана-сенімдерін, ақида көзқарастарын уландыру үшін ислам дінін әртүрлі жолмен насихаттауда қазіргі заманның технологиясы (вертуалды интернет) яғни ғаламтор арқылы мақалалар, үн парақтар таратуға мықтап кіріскен. Мен де өз бетімше жасырын білім ізденіп, мешіт имамдарынан істеп жатқан амалым дұрыс па, әлде бұрыс па, –деп сұрамадым. Тәкәппарлығым басым болып өзімнің істеген амалым дұрыс деген шешім қабылдадым. Қарулы жиһатты насихаттайтын Әбу Мұхаммад ал-Мақдиси, шейх ал Худайр ал-Худейр, Саид абу Саад, тағы басқа осы жоғарыда атап өткен адамдардың Исламдағы жиһад жайлы бейне таспаларын көріп, үн парақтарын ғаламтордан көшіріп, кітапшаларын басып алатынмын. Саид Бурятскийдің (Саид абу Саад) бейне таспаларын қарап жүргенімде қоғамға деген көзқарастарым өзгере бастады. Мен осы жолда жүре отырып Саид Бурятскидің «Книга аль-жиһад», «Риядус солихин», «Тальбисуль иблис» деген тағы басқа үнпарақтарына сусындай отырып, ары қарай осы жолда білім іздендім. Әбу Мұхаммед ал Мақдисидің «Милаяд Ибраһима» «Клянусь Аллахом ты в опасности», «Имарат Кавказ», «Степени идущих» атты еңбектерін оқып менің ақида сенімімді одан сайын арттырды. Жоғарыда айтып өткенімдей мен осы екі адасқан ағымның етегінде жүрдім. Дінге деген құштарлығым артты. Білімнің таяздығынан, діни сауаттылықтың жоқтығынан мен асығыс шешімдер қабылдайтынмын. Себебі Құран аяттары мен пайғамбарымыздың хадистерін тікелей қабылдап, діни радикалдық бағыттағы қарулы жиһадшы, зорлық зомбылықты насихаттайтын «Ат-тәкфирул уал-хиджра» сепаратистік экстремистік ұйымының көзқарасында болдым.
Мен өз ойымнан, өз көзқарасымнан қайтпаған едім. Осы жамағатта бір жылдай жүрдім. Мені 2012 жылдың 27 желтоқсанында Шам өлкелерінде орын алып жатқан қарулы жиһад тұжырымдарын насихаттағаным үшін Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қамауға алды.
2012 жылы осы өңірде жіберген қателіктерім үшін, дәстүрлі емес бағыттағы исламды насихаттағаным үшін үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 233-бабының 1-тармағымен, 167-бабының 1-тармағымен алты жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазір Шымкенттегі ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Осы түзеу мекемесінде жазамды өтей отырып Ислам дінін қамтыған кітаптар оқып жүрмін. Әр апта сайын имам-теологтармен кездесу арқылы дәстүрлі діни көзқарас қалыптасты. Ханафи мәзһабы бойынша сабақ алып, көкейімде жүрген сұрақтарға, ойларға жауап ала отырып олармен ой бөлісіп діни сауатымды арттырдым.
Жиһад туралы дұрыс түсінік, көзқарас қалыптастырдым. Жиһадты әр адам әр қалай түсінеді. Жиһад-арабтың«жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы: ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру немесе Алла дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, Отанды мал-мүлікті қорғау үшін малымен, жанымен күресу. Исламда «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен, оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағынада емес. Тек төрт жерде тікелей соғыс мағынасында келген. Шариғатта имамның, мемлекет басшысының рұқсатынсыз соғысқа тыйым салынған. Имамға, мемлекет басшысына бойұсыну жайлы Алла Тағала «Әй мүминдер! Аллаға бойұсынып, пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса 59 аят) деген.
Әбу Хурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын басшымен бірге болу тиіс» (Әбу Дәуіт).
Сондықтан Қазақстан азаматтары Елбасының және діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа, басқа жерге жиһадқа аттануға болмайды. Сондықтан оқырманға айтарым бұл өмірде тез арада шешім қабылдамаңдар. Бауырларыма, туысқандарыма, аға-інілеріме, достарыма Ислам дінінің атын жамылған теріс, кереғар, адасқан жолға түсіп кетпеулерін ескертемін. Қазақстандық жұртшылыққа, жастарға айтарым өз беттеріңше ғаламтордағы діни-саяси «қойыртпақтардан» білім іздемеңдер. Имам-теологтармен ақылдасыңыздар. Ия мен қателестім, осы қателіктерімді түсіне отырып кереғар ағымдардың етегіне жүрген жастарға айтарым, адаспайық бауырлар, тәубеге келейік демекпін. «Адамға ұл, Құдайға құл болайық». Жастарымыз Алланы ауызға алып отырса, мұсылмандық бес парызын біліп, сол жолды ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Мұхаммед пайғамбарымыз салып кеткен дұрыс жолдан ауытқымайық ағайын.
С. Бегайдаров,
Шымкенттегі ИЧ-167/3 мекемесінде жазасын
өтеуші,
Мұрағаттан, 2015 ж