Өліге Құран бағыштау қателік пе?

Oinet.kz 04-06-2019 3075

32829-6-_l_ge_ran_ba_yshtaudy__ru.jpg

           Жетпіс жылдан астам уақыт бойы «Қызыл империяның» боданында  болып, атеистік саясат жүргізілгенімен өз дінімізді, салтымызды, тілімізді сақтай алғанымызға тәубе дедік. Ленинді құдайдай көріп, Сталинді пайғамдардай санаған заман келмеске кеткенімен оның жұрнағы әлі де болса өз ішімізде кездесіп жатады. Әсіресе исламды тұншықтыруға тырысқан КСРО-ның қысымын ата-бабаларымыз, ата-аналарымыз ұмыта қойған жоқ. Қазір демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сөз еркіндігімен  дін бостандығы да қоса берілді. Содан болар, бүгінгі жастар ислам, иман тақырыбындағы ақпараттарды шектеусіз, еркін алуда. Жастардың дінге қызығушылығының артқандығынан ба, әлде исламды бұрмалаушылардың үгіт-насихатының нәтижесінен бе, әйтеуір бүгінде «шариғат бойынша мынау харам ба, «мына тірлігіміз ширкке жатады екен» деген күдікті сауалдар көбейіп кетті. Сан ғасырдан бері әруақтарға Құран бағыштау – мұсылмандықтың бір белгісі ретінде саналып келгенімен, енді оны да харамға балайтындар арамыздан табылып жатыр. «Құран тірілер үшін» дегенді алға тартады. Олай болса  өлілерге Құран бағыштау дұрыс болмағаны ма?

          Иә, қасиетті Құран – адам ғұмырының қайнар көзі. Адамның қаз-қаз басқан сәби тіршілігінен бастап дүниеден өтердегі арулап көмуіне дейінгі аралық Құран кітабында жазылып қойған.  Осы кітапта «бұ дүниеге неге келдік, қайдан келдік, қайда барамыз, өмірдің мән-мағынасы не?» деген сауалдарға толықтай жауап бар. Сондықтан да, алғаш рет Құран «оқы!» деп түскен. Ал өліге құран бағыштауға бола ма?

         Ата-бабаларымыз бағзыдан бері қабір зияраты барысында марқұмның қабіріне барып Құран оқып, дұға жасаған. Бүгінгі таңда бұл дәстүрді жалғастырып келе жатқанымызбен  кейбіреулер қабірдегі мәйіттің ештеңе естімейтіндігін алға тартып, олар үшін дұға ету, истиғфар айту, Құран оқу бекершілік деуде. Сүннет бойынша, дүниеден қайтқан кісілердің қабірін зиярат ету, оларға сәлем беру және Құран оқып, сауабын бағыштауға болады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алғашқыда бақилық болған жандарға Құран бағыштауды тыйым еткені рас. Ол былай дейді: «Мен сіздерге алғашқыда қабір зияратын тыйған едім. Енді болса, зиярат етіңдер. Өйткені қабір зияраты сіздерге ақыретті еске түсіреді». Яғни өліге Құран бағыштау ширк болып саналмайды және бұл дәлелденген қағаида.  Сондай-ақ хадистерге сүйене отырып, қабір зияраты кезінде қабірдегі мәйіттердің өздерін зиярат етуге келген жанның сөздерін еститінін қабыл етеді. Бұған дәлел ретінде мына бір хадистерді келтіруге болады: Абдуллаһ ибн Омардан риуаят бойынша, Бәдір шайқасы аяқталған соң, хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғс) майдан алаңында жатқан қурайш мүшріктеріне қарап: «Раббымыздың уәде еткен азабының шын екендігін көрдіңдер ме?», - деп дауыстап айтады. Сонда Хазіреті Омар: «Ей, Алланың Елшісі! Мынау өліп қалған өліктерге айтып жатырсыз ба?», - деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.ғ.с) былай деді: «Сіздер бұлардан артық ести алмайсыздар. Бірақ бұлар жауап бере алмайды». Иә, өлген адам естімейтін болса, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұлай демес еді.

          Ақылға салып таразыласақ бұлардың бәрі мұсылмандарға ата-бабалары мен өткен тарихын ұмытуға жасалған тәсіл екенін аңғаруға болады.  Өйткені елімізге ақырын ғана ақпараттық шабуыл жасап, насихатын жүргізіп отырған тыйым салынған ағымдардың көздегені де осы. Яғни ислам қағидаларын, сүннет, салт-дәстүрлерімізді жоққа шығарып, біртіндеп исламнан алшақтату. Жақының өлсе, үнсіз жерлеп, одан кейін оны қайта еске де алмай, жадыңнан өшіресің. Мұның түп негізі, Ұлы Жаратушының ақырғы жіберген Елшісі Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедті (саллал-лаһу аләйһи уәс-сәләм) һәм оның сахабаларын, одан кейінгі ғұламаларды еске алып, Құран бағыштамайсың деген сөз емес пе?. Сонда өткенін ұмытқан иісі мұсылман мұсылмандығынан айырылмай ма?

        Сырттан енген жат ағымдардың жымысқы әрекеттерінің салдарынан бүгінгі жастарымыз адасушылыққа бой алдырып жатыр. Олардың іс-әрекеттеріне қалай тоқтау сала аламыз? Жалпы өліге Құран бағыштаудың дұрыс, бұрыстығы жайлы өзгелердің пікірі қандай екен?

 

         Думан Айыпхан, Қарағанды қалалық №1 мешітінің наиб имамы:

                                                    «Исламда  рұқсат етілген»

            Жалпы, өлген адамға кез-келген жақсылықтың сауабын бағыштаса болады.  Әбу Ха­нифа алғашқыда қабір басында Құран оқу­ды мәкрүһ санаған екен. Сонда са­­хаба Абдуллах ибн Омардың зират ба­сын­да «Бақара» сүресінің алғашқы және соң­ғы аят­тарын оқығандығы жөнінде риуаят­тан хабардар болғаннан кейін, ол ойынан қайтқан…Ибнул-Қаййм әл-Жаузия «Рух» атты кітабында былай дейді: «Өлі­ге бағышта­ла­тын істердің ең абзалы – са­дақа, өлі үшін дұға жасау, кешірім сұрау және қажылыққа бару. Яғни өмірден өткен жақындарымыз, туған,-туыстарымыз үшін Құран бағыштау ислам дінінде рұқсат берілген және оның сауабы мол.

 

Абзал Түктібаев, Түркістан қаласы Сахаба Біләл мешітінің ұстазы:

                                             «Сәләфилер Құран бағыштауды құп көрмейді »

        Ханафилер мен Ханбалилер өлілерге Құран бағыштау және оларға сауаптың жүретіндігі жайында, рұқсат еткен әрі дұрыс көз қарасты ұстанады. «Имам Шафиғи {рахимахуллаһ} айтады: Қабір басында Құраннан таңдаған сүресін оқуға болады, ал егер Құранды бастан аяқ оқыса, одан да жақсырақ болады».  Қазір өздерін сәләфиміз деп үй ішінен үй тігіп жүргендер о дүниеліктерге Құран бағыштауды құп көрмейді. Мен онымен келіспеймін. Себебі,  Құран оқып оның сауабын өліге бағыштаудың еш әбестігі жоқ. Бұл хадистермен дәлелденген амал. Сондықтан танып білмеген ағымдардың сөздеріне еріп, хадистерді аяқ асты етпейік.

 

Ризабек Ілімбай, «Нұр-Мүбарак» университетіне қарасты «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері:

                               «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетімен жүрейік»

            "Дүниеден өткен адамның үш амалынан басқасы тоқтайды" деген хадис бар. Үш амалдың бірі - артында қалған салиқалы баласының жасаған дұғасы барып тұрады. Осы арадан ғалымдарымыз дұғаның ең абзалы Құран екенін дәлелдеген. Сондықтан, исі мұсылман қауым атам заманнан бері бақилықтарға Құран оқып, дұға жасаған. Және бір хадисте: "Дүниеден өткендеріңе Ясин сүресін оқыңдар" делінген. Осы хадис негізінде Имам Шафиғи «қайтыс болған адамға Құран оқу мустахаб амалға жатады» деген пәтуасын беріп кеткен. Ал бүгінде Құран бағыштау дұрыс емес екен деген сөздің бәрі дәлелсіз, бос сөздер. Мұның барлығы жан-жағымыздан қаптаған теріс пиғылды ағымдардың ықпалы деп білемін. Егер Құранның, Пайғамбарымыздың сүннеттері,  хадистерінің ізімен жүрсек ешқашан адаспақ емеспіз.

 

Темірбек Бекмағамбетов, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің наиб имамы:

                                                          «Сауабы мол»

         Мұсылмандық таным бойынша Алла Тағаланың қалауымен оқылған аяттардың сауабы   мәйітке жетеді. Пайғамбар (с.а.с.):«Кім қабірстанға кірсе және Ясин сүресін оқыса, Алла Тағала өліктердің азабын тоқтатады, ал оқыған кісі болса өліктердің санына қарай жақсылық-сауаптарға ие болады», – деген. Ахмет ибн Ханбал былай деген: «Қорымға кірсеңдер Фатиха сүресін және Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштаңдар. Әлбетте, оларға сауабы тиеді». Дүниеден өткен кісіге бағышталынған Алла үшін жасалған ізгі істердің, садақалардың сауабы жететіндігі секілді Құран оқып, сауабын бағыштаудың, дұға жасаудың, жарылқау тілеудің де сауаптары тиеді.

Мұрағаттан, 2015 ж

Бұл жиһад емес, мұсылманның қанын төгу
Жетінші күн адвентистерінен келер қауіп көп пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу