Ахмадия діни ағымы: Отан қорғау деген түсініктен мақұрым қалған
Діни наным-сенім бойынша қудалауға ұшырағандардың мүддесін қорғайтын бірнеше халықаралық ұйым бар. Өкінішке қарай, оларға дәстүрлі дін өкілдерінен гөрі күмәнді, күдікті бағыттарды ұстанатын сектанттар баруға үйір. Сондай ұйымдардың бірі – штаб пәтері Норвегияда орналасқан «Форум-18» мекемесі осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы ахмадия қозғалысы өкілдерінің қуғынға ұшырағанын «жанашырлықпен» жария еткен еді. Сол кезде таратылған мәлімдемеге сенсек, Шымкенттегі ахмадиялардың мешіті жабылып, протестанттарға айыппұл салыныпты.
2011 жылдың мамыр айында ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ахмадиялардың меншігіндегі жер учаскесі мен онда салынған ғимаратты пайдалануға тыйым салынды. «Енді біз ғимаратты намаз оқуға және жұмада құлшылық етуге пайдалана алмаймыз» деген ахмадийлер жоғарыда аталған ұйымға шағымданған.
Шын мәнінде сектанттардың заң талабын өрескел бұзып отырғанын ресми органдардың қызметкерлері дәлелдеген болатын. Қауымдастықтың қызметіне тексеру жүргізген инспектор Нариман Қасымбеков жер телімі тұрғын үй салу үшін сатып алынғанын атап өткен. Яғни, мұнда тұрғызылған ғимаратты діни рәсімдер өтейтін орталыққа айналдыру заңға қайшы. Ол үшін мешіт ретінде ресми түрде тіркеуден өту қажет. Алайда, ахмадияшылар мұнымен келіспей, қайта-қайта апелляциялық шағымдар берді. Талаптары орындалмай, діни ағым мүшелері көздегеніне жете алмады.
Жалпы, ахмадия ағымының шығу тарихы қандай? Қаупі неде? «Ахмадия» сектасы әлемде «Қадияния» діни ағымы ретінде де танылған. Ал мұсылман ғұламаларының бірауыздан келіскен тұжырымы бойынша, Қадияни тобы адасқан ағымдардан саналады. Көпшілік оларды білмегендіктен мұсылман деп ойлайды. Ал негізінде олай емес.
Қадиянилік 1900 жылдары Үндістанды отарлаған ағылшындардың жоспары бойынша отаршыларға қарсы ислам атымен көтеріліске шығармау, мұсылмандарды діннен алыстату мақсатында пайда болған діни әрекет, туындысы. Бұл діни әрекет басшылыққа таңдалған Мырза Ғұлам Ахмад Қадиянийдің (1839-1908 ж.) атымен аталады. Ол Үндістанның Пәнжап өлкесіндегі Қадиян деген елді мекенде дүниеге келген.
Оның ата-бабалары діні мен отанына жасаған қиянаттарымен, отаршыларға шынайы қызметімен танылған. Ол жастайынан ағылшындардың қолында өсті. Құран оқуды, араб және парсы тілдерін, кейіннен логика және философия пәндерін оқып, әкесінен әкімшілік істерінде қоса үйренді. Ғұлам Ахмад өзі туралы еңбектерінде һижри ХІҮ ғасырдың реформаторы, Алланың оған бір жамағат құруына әмір еткендігі, Алла Тағала оның мұсылмандардың күткен Масихі және Махдиі ретінде жібергендігі, мұсылман және христиандар үшін бірдей кришна аватар екендігі туралы айтылады. Сондай-ақ, онда исрайылдықтар Иса өлді деп ойлап жерлегеннен кейін өзіне келіп, жараларын «мархами Иса» деген дәрімен өз-өзін емдеп, дінді үгіттеу және жоғалған Исрайылдың он қойын іздеуге Кашмирге бет алады-мыс. Кашмирде 120 жасқа жетіп өлген екен. Сринагарда жерленіпті.
Ғұлам Ахмадтың өзі туралы жорамалдары өзінен кейінгі шәкірттерін екіге айырып, араларында қақтығыстар туғызды. Мысалы: Қадиян тобы оның шынайы түрде пайғамбарлығын, Лахур тобы Ғұлам Ахметтің реформатор, әрі Иса Масих пен Махди екендігін ғана мойындайды. Ғұлам Ахмед дүние салғаннан кейін орнына Хаким Нуриддин сайланып, ол Иса Масихтің бірінші халифасы болып саналды. Ағылшындар оған патшаның тәжін кигізген.
Қадиянилардың сенімі бойынша, Мырза Ахмад Ғұлам Қадияний имам Махди және Масих, яғни Иса пайғамбар. Бұл мүлдем дұрыс емес. Олардың сенімі бойынша Алла тағала ораза ұстайды, намаз оқиды, ұйықтайды, оянады, жазады, тіпті қол қояды, адасады-мыс. Ал шын мәнінде Алла бұлардан пәк.
Қадиянилардың сенімі бойынша олардың құдайы – ағылшын. Оған уаһи ағылшын тілінде жеткізіледі. Мұхаммед соңғы пайғамбар емес, Алла әрқашан пайғамбар жіберіп тұрады. Пайғамбарлардың ең абзалы Ахмад Қадияний. Жәбірейіл (ғ.с.) періште Ғұлам Ахмадқа Құран сияқты уаһи алып түсуші. Ғұлам Ахмадқа түскен кітаптан басқа Құран жоқ. Оның тәлімдерінен, өсиеттерінен басқа хадис жоқ. Ғұлам Ахмадтан басқа пайғамбар жоқ.
Қадиянилар өздерін жеке бір дін және шариғат иелері деп біледі. Ғұлам Ахмадты шәкірттері Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабалары сияқты дейді. Олар үшін Қадиян елді мекені Меккеден және Мадинадан да артық. Қадиян Мекке тәрізді харам саналады. Қадиянилықтардың құбыласы және қажылық орны да сол. Олар отанды қорғау деген түсініктен мақұрым. Дүние жүзі ағылшындарға бағынуға тиіс. Ахмадилықты қабылдамаған әрбір мұсылманды кәпір санайды. Сондай-ақ ахмадияларға қызын әйелдікке бермеген де кәпір болып шыға келеді. Арақ ішу, героин сияқты мас ететін нәрселерді қолдануға, сатуға, сатып алуға рұқсат етеді.
Міне, өздерін «мұсылманбыз» дер жүргендердің шынайы бет-бейнесі осындай. Исламға түк те қатысы жоқ, қайсыбір ұстанымын алсаңыз шариғатқа да, ақыл-санаға да қайшы келеді. Сондықтан, «е, ахмадиялық болса да, мұсылман екен, бауырларымыз екен ғой» деп алданып қалмау қажет. Ахмадияшылар ТМД-ның кейбір елдерінде тіркеуден өтіп алған, өздерін «мұсылманбыз» деп таныстырады. Көбінесе кәсіпкерлік, саудамен шұғылданып, қайырымдылық қоры арқылы әрекет етеді.
Ахмадияшылар діни сауатсыз, соның ішінде ислам діні туралы хабары аз адамдарға, өздерінің ислам жолын ұстанған мұсылмандармыз деп таныстырып, өз қатарларына тартады. Ахмадияшылдар елімізде Құран презентациялары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар секілді іс-шаралардың атын жамылып, өз қатарларына адам тарту ісі бойынша белсенді әрекет етуде.
Қазақстанға төндіретін қауіптері жайлы кезінде аз айтылған жоқ. Ахмадияшылдар бүкіл әлемде ортақ халифат орнату идеясын алға тартады, осы мақсат бойынша Қазақстандағы әрекеттері үлкен алаңдаушылықтар туындатуда. Өйткені, мұндай зиянды ағымдардың әрекеттері бір ұлт ішін жікке бөліп, адасушылықтар туындатады. Ахмадия жамағатына 2004 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Ахмадия ағымынан республика мұсылмандарының сақтануы керектігіне, елдің, халықтың тұтастығына қауіп төндіріп жатқандарына және ортодоксальді исламмен ешқандай байланысы жоқ екендігіне байланысты пәтуа шығарылған.
2005 жылы жамағат жетекшісі пәкістандық азамат Ахмад Музафардың үстінен Қылмыстық кодекстің 191– заңсыз банктік іс-әрекет бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ақша аударымы үшін жауапқа тартылды, нәтижесінде елден кетуге мәжбүр болды.
Қазақстандағы ахмадияшылар өз діни рәсімдерін арнайы ғимараттарда емес, қарапайым пәтерлерде атқарады. Мұның өзі тәртіп сақшылары тарапынан алаңдаушылық туындатуда. 2012 жылы Ахмадия жамағаты діни бірлестік ретінде қайта тіркеуден өтпей қалды. Әйткенмен, ахмадияшылар әлі де әрекеттерін жалғастырып келе жатқаны анық. Әсіресе, Алматы мен Шымкенттегі белсенділіктері жоғары. Бұл тұрғыда Оңтүстікте мешіт имамдары мен теологтар көпшілік кездесулерде өз деңгейінде үгіт-насихат жүргізіп, сектанттарға алданып қалмау қажеттігін ескертуде. Мәселен, Шымкенттегі «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесі адасқан ағымдар жайлы бірқатар жинақтарын ышғарып, онда дәл осы ахмадия ағымы жайлы жан-жақты ақпарат берген. Халқымызды қауіпті секталардан қорғауға бағытталған осы секілді шараларды күшейе бермек.