Букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігу харам ба?

Oinet.kz 31-05-2019 3465

14362543815h3hd.jpg

           Бүгінде адамдардың дін туралы түсінігі әрқилы. Мұны ақпарат көздерінің және ақпараттың көптігімен байланыстыра аламыз. Себебі дін, ислам, терроризм, экстремизм, радикалды ағымдар секілді тақырыптағы ақпараттарды ғаламтор желісінен оңай және мың түрлі нұсқасын таба аласыз. Оның үстіне мешіттерде және дін мәселесімен айналысатын арнайы мемлекеттік мекмелердің мамандары үздіксіз насихат, уағыз жұмыстарын жүргізіп келеді. Бір өкініштісі, дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері де ақпараттық еркіндікті пайдаланып, жымысқы әркеттерін жүзеге асырып, елге бұрмаланған мәліметтерді таратуда. Ислам дінін бұрмалап, шариғаттағы және салт-дәстүрлеріміздегі кейбір қағидаттарды теріске шығарумен келеді. Мәселен Иегова куәгерлері вакцина салдыруды, қан тапсыруды, әскерде қызмет етуді, әнұранның орындалуын, туған күн тойлауды жат қылық деп санаса, жетінші күн адвентистері сенбі күндері ас дайындамай, балаларын мектепке жібермейді. Осы секілді ағымдардың насихат жұмысының нәтижесінде  ел ішінде «ойбай, келіннің сәлем салғаны харам екен, музыка тыңдауға шариғат тыйым салыпты-мыс, дұғадан соң бет сипауға болмайды екен» деген сыңайлы қате пікірлер айтылып жүр. Жат ағымдардың қаптауынан халық тіпті, қазір әрбір дәстүрімізге күмәнмен қарайтынды шығарды. Яғни мынау харам емес пе, анау шариғатқа қарсы әрекет пе деп бас қатыратын болды. Соңғы жылдары әсіресе, жастар арасында  букмекерлік кеңселерде спорттық ойын түрлеріне бәс тігу шариғат заңы бойынша харам әрекетке жатады екен және мұнда тұрған ештеңе жоқ, спорттық ойындарға бәс тігу құмар ойынға жатпайды, бұл жерде ешкімді алдамайсың, түйсігің арқылы адал жолмен ақша табасың деген екіжақты пікірлер жиі айтылып жүр. Сонда букмекерлік кеңселерде бәс тігу харам ба, әлде адал кәсіпке жатама ма?

           Бұл кәсіп ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған. Алғашында «бәс» тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тіліген. Бертін келе бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылды. Ал жиырмасыншы ғасырдан бастап спорттың кез-келген түріне бәс тігілетін болды. Бәс тігу деген бизнес біздің елімізге негізі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында келді. Мамандар бізге бұл кәсіптің Ресейден келгенін айтып жатады.

         Букмекерлік кейбір кеңселердің әлемдік спортта алар орны ерекше. Әлем біріншілігі, Олимпиада ойындары секілді дүбірлі додаларда бұлардың берген болжамдары мен бағалары есепке алынып отырады.  Тіпті, әлемдік спортта букмекерлік кеңселерге қатысты жоғарғы көлемді дау-дамайлар да орын алған. Теннис, футбол, бокс секілді спорт түрлерінде букмекерлер белгілі деген спортшылармен жымысқы әрекеттер арқылы келісімге келіп, спорттық ойындардың тағдырына тікелей араласып отырған. «Бармақ басты көз қысты» жағдайлармен қаншама адамды сан соқтырғаны да талайға мәлім.

          Бү­гінде букмекерлік кеңселерді қазақ ба­ласы жатыр­қамайтын болды. Қазір ірі қалаларда букмекерлік кеңселер бар­шылық. Олар­дың барлығында әлемдік деңгейдегі әр­түр­лі додаларға бәс тігіліп жатады. Спорттық ойындардағы команда немесе ойыншының жеңісін алдын ала болжап, белгілі мөлшерде ақша тігіп жүргендердің қатарын тек спортсүйер қауым ғана емес, оңай олжаға кенелгісі келгендер де толтырып жүр.        Кейбір деректерге сүйенсек, бір күн ішінде кеңседе мыңнан астам адам бәске ақша тігетін көрінеді. Олардың айтуынша, егер спорт әлемінің жаңа­лық­тарымен сусындап, кімнің қай деңгейдегі спортшы екенінен хабардар болсаңыз, болжамыңыз бұлжымай келмек. Яғни ақшалы боласыз. Бұл оңай келген олжа емес, өз біліміңнің төлемі деп санайтындар да баршылық.

       Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту. Ал ұтыстың тек бір адамда ғана қалатындығы белгілі. Жеңіліс тапқандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам ойларға ерік береді.  «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен  ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, тағы да ұтылып, сол жерден айналшықтап кете алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында шайтанның арбауымен қалтасындағы барын салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұшырайды, азып-тозады. Ал ұтқан адам ше? Ұтқан қаржысына қанағаттана алмаған ол, ақша көбейген үстінен көбейе түссін деп шайтанның лас ісіне ары қарай арбалған үстіне арбала береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады», - демекші, дүние-кезек, күндердің бір күнінде ұтылыс бұған да жетеді. Оның да нәтижесі жоғарыда аталғандай болып шығады. Құмар ойындары сондай-ақ, қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзін, отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады.

        Букмекерлік кеңселерге бас сұққандарын ерсі көрмейтіндерге мамандар бұл құмар ойындардың қатарынан жататын кәсіп дейді. Ал құмар ойындарды ойнау асыл дініміз бойынша харам саналатыны белгілі. Сонымен букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігудің шариғатымыздағы орны қандай? Қоғамда белең алған бұл кәсіпті қалай тоқтауға болады?

 

Бақытжан Иманқұлов,  Кентау қаласы, «Ар-Рахим» мешітінің имамы:

                                 «Құмар ойын ойнайық деудің өзі күнә»

              Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»,-дейді. Бұдан аңғаратынымыз, кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі - міндет. Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз. Лоторея, казино секілді букмекерлік кеңселердің де жұмысы құмар ойын болып саналады. Құмар ойындардың барлығын мұсылман қауымға ойнау харам болып есептеледі. Көпшілігіміз мұның несі харам, біреуді алдап, арбап жатқан жоқпын, ұрлық қылмадым деп өзін-өзі жұбатып, шатасады. Шын мәнісінде бәс тіккен адам өз пайдасын ғана ойлайды және ұтқан жағдайда ол ақша жеңіл жолмен табылған ақша болмақ. Ал адал жолмен табылмаған ақша қашанда харам. Сондықтан мұндай кеңселерді жағалап жүрген бауырларға, жастарға айтарым бәс тігуге құмар болмаңыздар.

 

Абдусамат Қасым, дінтанушы:

                «Букмекерлік кеңселердің жұмысын тоқтататын заң жоқ»

           Мұндағы жүйе былай: сен футбол ойнайтын екі команданың қайсы ұтатынын айтып, соған ақша тігесің. Егер айтқаның дәл келіп, болысқан командаң жеңіске жететін болса, тіккен ақшаңның сомасына қарай үлесіңді аласың. Бұдан да күрделендіре беруге болады. Яғни, қандай есеппен жеңіске жететінін, кім гол салатынын, нешінші минутында есеп ашатынын дөп басып айта алсақ, тиетін ақша да өсе береді. Ал, енді, шариғатта екі жақтан ақша тігіп ойнайтын ойынның үкімі - харам. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» , – дей отырып арақ пен құмардың қоғамға, соның ішінде жеке басқа қаншалықты зиян екеніне назар аудартуда.. Сондықтан, мұсылман мұндай қатерлі де зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауы тиіс. Ендеше букмекерлік кеңселерге барып ақша тігу шариғатта дұрыс емес. Бүгінде букмекерлік кеңселер ашықтан-ашық жұмысын дөңгелетуде. Олардың жұмысына тосқауыл қоятын заң өкішіке қарай бізде жоқ. Сондықтан жастарымызды пайдасыз істен құтқарудың бірден-бір жолы түсіндіру жұмыстары ғана.

 

Ұлықбек Алиакбарұлы, теолог:

                          «Үкімет шариғатты ескере бермейді»

             Қашанда хақ жолды меңзейтін шариғатымыз  спорттық ойын түрлерін ойнауға, үйретуге, дамытуға қарсы емес. Тек егер оған ақша тігіліп құмар ойын ретінде жеңіл табыс көзіне айналдырса харам іске жатады. Букмекерлік кеңседе бәс тігу де сондай. Яғни ондағы спорттың түрлерімен шұғылданып жатқан споршылар, оны ұйымдастырушылардың еңбектері адал. Енді солардың еңбегін пайдалада отырып, қарапайым халықтың қалтасын қағып, бәс тігуге жол ашу ол адал кәсіп емес. Сондай-ақ бәс тіккен адамда күнәға батпақ. Бәс тігу, құмар ойынға үйір адамдардың мінез құлқы өзгере бастайды. Біріншіден өзімшіл болады, екіншіден қанағатты ұмыта бастайды. Еліміздегі заң бойынша букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуіне рұқсат етілген.  Ал ел басқарып отырған, заң шығарушы органдар  шариғаттың заңдылықтарын ескере бермейтіні өкінішті-ақ. 

 

Самат Әлібаев, Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы:

                                    «Насихатпен тоқтата аламыз»

      Букмекерлік кеңселерде  ойындарға бәс тігіп, ақаш тауып немесе ұтылып жүргендер өз-өздерін ақтағылары келіп, бұл да бір кәсіп немесе өз еңбегіммен ақша тауып жатырмын деген түсінікте. Алайда олар құмар ойынға елітіп бара жатқандарын білмейді. Сондай-ақ Құранда тыйым салынған әрекетке бой алдырып жатқандарын сезе бермейді. Кеңселердің жұмысына үкімет тікелей араласып, ондағы жұмысты реттеп, бақылап отырмаса бәс тігуге тәуелділер көбейіп барады. Мұнда үкімет пен қатар дін мамандары, имамдар да құмар ойынға тәуелділерді дұрыс жолға салуға ат салысуы қажет деп ойлаймын. Мешіттерде уағыз арасында кереғар ағымдардың қауіптілігін айтып, сақтанудың жолдарын айтқандай букмекерлік кеңселердің де қауіптілігін айта кетсе деймін.

           Р.S Мамандардың пікірінен ұққанымыз бір қарағанда зиянсыз көрінетін букмекерлік кеңселердің жұмысын шариғатымыз құптамайды екен. Құмар ойындардың қатарына кіретін бәс тігушіліктің пендеге тигізер зияны көп. Ендеше кереғар ағымдардың ғасырлардан бері қалыптасқан сәлем сал харам, дұға ету, құран бағыштау дұрыс емес және әскери борышты өтеу, туған күн тойлауға болмайды деген  секілді адасушылық пікірлерге құлақ асқанша шариғатта харам деп айқын жазылған құмар ойындардан аулақ болайық.

        Дерек пен дәйек: қазір букмекерлік кеңселерге бас сұқпай интернет арлық бәс тігушілер көбейген.  Соңғы деректер бойынша  орта есеппен алғанда Интернет-ресурс арқылы бәс тігуге тіркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жеткен. Әрі олардың 50 пайызы тұрақты қатысушылар болып табылады екен.

Балаға құлшылық жасауға тыйым салған дұрыс па?
Ахмадия діни ағымы: Отан қорғау деген түсініктен мақұрым қалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу