Егер Адам (ғ.с.) тыйым салынған жемісті жемегенде не болар еді?
Адам ата мен Хауа анамыздың Ібілістің азғыруына түсіп, жәннаттан қуылу оқиғасы кейбір адамға: «Егер Ібіліс Адам атамызды азғырмағанда біз жәннатта болар едік» деген ой салатыны рас. Қазақ: «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, мұсылман бұл – Алланың тағдыры деп иман келтіреді.
Негізінде осы сұрақтың жауабын Алла Өзінің періштелермен болған әңгімесінде-ақ айтқан: «Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын!» – деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз» – деді. Алла: «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!», – деді. (Алла, Адамды топырақтан жаратып оған жан салды», – деп айтты» (Бақара: 30).
Демек, Алла Адам (ғ.с.) жаратпай тұрып-ақ, Жер бетінде адам деген жаратылысты жарататынын хабарлайды. Басқаша айтқанда, адамдар көкте емес, жер бетінде өмір сүретінін айтады. Шайтанның Адам (ғ.с.) мен Хауа ананы арбауы – олардың Жер бетіне түсулерінің бір себебі ғана.
Адам баласының періштелерден айырмашылығы – бізде нәпсі мен шаһуат сезімдері бар. Олардың көрініс табуы үшін адам Жер бетіне жіберіліп, белгілі бір міндеттер жүктеліп, сынақтан өтуі керек болды. Адам сол сынақ пен машақаттың соңында өзіне лайық марапатын немесе жазасын алмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
kazislam.kz