Неше нәрсеге мақтанбаған жөн? (аңыз)
Mәлике: Неше нәрсеге мақтанбаған жөн?
Әбілда: Жеті түрлі. Бірінші, «Ғалыммын» деп мақтанбасын. Әзәзілден асқан ғалым жоқ еді. Мақтанамын деп шайтанға айналды. Екінші, «Баймын» деп мақтанбасын. Қарынбай мақтанамын деп жерге тірідей жұтылды. Үшінші, «Тақуамын» деп мақтанбасын. Тақуалығы асқан Барсиса бір-ақ сәтте кәпір болды. Төртінші, «Менің бабам текті» деп мақтанбасын. Бабамыз Адам ата да бидай жеп жұмақтан қуылды. Бесінші, «Ұрпағым көп» деп мақтанбасын. Перғауын мен Шәддаттың баласындай ұрпағы мол – жан жоқ. Бірақ сансыз ұрпағынан бір пайда көрмеді. Алтыншы, «Сұлумын» деп мақтанбасын. Жүсіп құлдықта жатқанда оны керуеншілер шығарып алды. Сұлулығына қызығып сатпақшы болды. Сонда Жүсіптің көңілі бұзылып: «Мені базарға қоятын болса, дүниенің байлығы жетпейтін шығар» деп ойлады. Бірақ құлдыққа сатылғанда құны бір бақырға да татымады. Жетінші, «Мықтымын» деп мақтанбасын. Нұх заманында Құждан асқан алып, мықты жоқ еді. Топан су қаптағанда Нұхтың кемесін келеке етіп «Мен алыппын. Су сирағыма да жетпейді» деп паңданды. Бірақ суда аяғы шіріп, ол да жерге жұтылды.
«Отбасы хрестоматиясы»