Іштегі кір деген не? (қисса)
01-04-2021
Нұхтың заманында бір алып адам болыпты. Оны Құж деп атайтын. Құж кесір мінезді, ешкімнің ақылын алмайтын, оң істі терісінен істейтін қыңыр болыпты. Ұзын бойы таудан асып, бұлттар алқа сияқты мойнына киіліп тұратын. Ол жалғыз өзі таудың үңгірінде жататын. Құждың бір ғана қайғысы – қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі-кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүрді. Бірде Нұх Құжды шақырып, ағаштарды тасып беруін өтінді. Сонда Құж:
– Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Осыған дейін майлы ас жеп, қарным жұбанған емес. Тойып тамақ ішу – маған арман, – деді.
– Айтқаның болсын, – деді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң, Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қойды.
– Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, – деп Құж ашуланды.
– «Біссіміллә» деп же, сонда тоясың, – деді пайғамбар. Құж «біссміллә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанға мәз болып, жөніне кетті.
Нұх Жебірейілден:
– Ағаш дайын. Кемені қалай жасаймын? – деді.
Жебірейіл періште үйректі көрсетіп:
– Ана үйрекке қара. Кеменің тұмсығы үйректің мойны сияқты иіліп, алға қарай шығып тұрсын. Тұмсығы желді қақ жарып, айнымай жүзуі үшін керек. Кеменің арты үйректің құйрығына ұқсасын. Бұрылғанда оңай болады. Үйректің бауырында денесіне су дарытпайтын май болады. Сен де кеменің астына қара май жақ. Сонда кеменің ағашы шірімейді, – деп кеңес берді.
Ел-жұрты жиылып:
– Теңіз жоқ жерде кеме не үшін керек? – деп әжуалады. Сонда пайғамбар:
– Ертең Алла топан су қаптатады. Құрғақ жер қалмайды. Әлі де кеш емес. Қорқыңдар Құдайдан. Тәубешілді Алла апаттан аман алып қаламын деп уәде етті, – деді.
Теңіз алыс болғандықтан, кеме олар үшін жат еді. Бір күні бір сайқымазақ кемеге кіріп, дәрет сындырды. Онымен қоймай, «Нұх дәретхана салып жатыр» деп сөз таратты. Ел-жұрт кеменің ішіне дәрет сындыруды әдетке айналдырды. Кеме зәр сасып, іші нәжіске толды. Нұх:
– Уа, Алла, енді не қылдым? Кеме әбден былғанды. Қалай тазартам? – деп зар иледі. Алла тағала:
– Кемені кім былғады, сол тазалайды, – деді. Ертесіне шаһар халқына Алланың әмірімен қотыр келді. Адамдар жаппай қышынып, қасына бастады. Тоқтаусыз қасынып, үсті-бастары жосадай қан болды. Қотырға ем таппай, дал болды. Баяғы сайқымазақ әдетінше кемеде дәрет сындырып отырғанда, қотырын қасимын деп, нәжісіне тайып жығылды. Сол сәттен бастап қышуы сап тыйылды. Қуанып кеткен ол елге жар салып: «Оу, халайық, кемеде шипа бар. Кім ішіне барып аунаса, қотырдан құлан таза айығады», – деді. Өңкей кесел кемеге лап қойды. Кірген бойда нәжіске қарамай, аунай бастады. Расында да бәрі жазылып, жандары жай тапты. Олар бір-біріне: «Бұдан былай кемеге дәрет сындырмайық. Ауырғанда таза жерге аунайық», – деп, оны жуып-шайып, айнадай жарқыратып қойды. Нұх Алланың шеберлігіне риза болды.
Кеме дайын болған соң, Нұх пайғамбар:
– Иә, Алла, кемеге жетерліктей азықты қалай жинаймын? – деп сұрады. Ұлық Алла:
– Құлым, қам жеме. Ертең кемені азыққа толтырамын, – деді. Нұх пайғамбар ертесіне келсе, құмырсқалар аузына бір-бір дәннен тістеп, кемеге тасып жатыр екен. Нұх оларға риза болып, кемеге ең алғаш құмырсқаны кіргізіпті. Азық-түлік жиналған соң, Нұх: – Топан су қашан келеді? – деп сұрады Алладан.
– Әйеліңнің тандырынан су шыққанда, – деді Алла. Арада көп уақыт өтпей, әйелі от жағып отырғанда, тандырдың түбінен сыздықтап су шықты. Нұх апаттың басталғанын бірден біледі. Ол өзіне ерген момындарға хабар жіберді. Өзі де асығыс барлық мақұлықты жұп-жұбымен кемеге жайғастыра бастады. Осындай қапылыста есек ішке кірмей, табалдырықта тұрып қалды. Нұхты ашу қысып:
– Әй, малғұн, кірсейші тез! – деп айғайлап жіберді. Сол кезде ішке есек емес, Ібіліс кіріп үлгерді.
– Саған кім рұқсат берді? Шық! – дегенде Ібіліс:
– Малғұн – есектің емес, менің атым. Маған кір деген өзің, – деп уәж қайтарды. Нұх тосылып қалды. Сонда ұлық Алла:
– Ібіліс менің кеңдігіммен кірді. Оны қума. Қиямет-қайымға дейін адаммен бірге жүреді, – деді.
Бәрі жайғасып жатқанда, топан су өрлеп келе жатты. Жұрты далбасалап тауға қашты. Судың деңгейі де көтеріле берді. Оған көктен нөсер қосылды. Селге сел қосылып, тасқын су шаһарды лезде шайып кетті. Алла Нұхқа әмір етіп:
– Нұх, менің әділ Құдай, кең Құдай деген сипатым бар. Соңғы сәтте тәубе қылса да, оларға рақмет қақпасы ашық. Ең соңғы тұрғын опат болғанша, кеменің есігін жаппайсың, – деп бұйырды. Нұх «райынан қайтқандар болса, кірсін» деп күтіп тұрды. Таудың ұшар басына тығылғандар кемеге жете алмай, сол жерде опат болды. Топан су толық басқанда есік жабылды.
Нұх пайғамбар қарбалас болып бидай дәнін ұмыт қалдырады. Тәңірдің Адам атаға арнайы берген несібесін ұмытқанына уайым шегеді. Не істерін білмей торығып отырғанда қасына ит келіп, аузына тістеген бидай масағын береді.
– Ырзығымды өзіммен бірге ала кірдім, – деді ит. Нұх оған риза болып:
– Менің ұрпағымның адал серігі. Үйдің құты бол! – деп басынан сипапты.
Жаңбыр қырық күн, қырық түн нөсерлетті. Сұрапыл апаттан екі мақұлық аман қалды. Бірі – Mыстан кемпір, екіншісі – Құж. Мыстан кемпір суға батпай жүре беретін. Құрғақ құрлық қалмаған соң, тамақ таппай, ақыры аштан өлді. Топан су Құждың тізесінен зорға асыпты. Ол қарны ашса, судан балық сүзіп, оларды күнге қақтап жейтін. Құж құрғаққа шықпаған соң, сирағы шіри бастады. Балтыр еті жидіп, сүйегі көрінгенде жүруден қалып, құлауға айналды. Сол кезде Нұхтың кемесі алдынан шыға келді. Шайқалақтап әрең тұрған Құж тура кеменің үстіне құламақ болды. Құждың қыңыр мінезін жақсы білетін Нұх:
– Біздің үстімізге құла! Кемені басып қал! – деп айғайлады. Құж қырсығы ұстап, кері қарай құлады. Кеме аман қалды. Құждың денесі шірігенде, сирақ сүйегі Ніл дариясының үстіне көпір болып қалған екен.
Нұх алты ай жүзді. Су тартылып, жаңбыр тоқтады. Пайғамбар кеме шалдыратын құрлық іздеді. Сонда әлемдегі асқар таулар:
– Нұхтың кемесі маған тоқтайды, – деп таласты. Қазығұрт тауы ғана: «Кемеге тұрақ болуға лайық емеспін. Тым аласамын. Асқар таулар тұрғанда Құдай мені қаламас», – деп, тәкаппарлық көрсетпей, кішірейіп тұрды. Құдайға Қазығұрттың сынық мінезі ұнады.
Қазығұрт кішік болғаны үшін Ұлық Алла Нұхқа: «Кемені Қазығұртқа бұр!» – деп әмір берді. Кеме Қазығұрт тауына сау-саламат жетіп, тіршілік сол мекеннен қайта тарады.
Кемеден шыққан соң үлкен мейрам болды. Пайғамбар шүкіршілік етіп, той жасады. Олар көктемнің алғашқы айында құрлыққа шыққан екен.
Наурыз мейрамын тойлау содан бастап дәстүрге айналды.
«Отбасы хрестоматиясы»