Нұх пайғамбардың кемесіне қуанышты хабар жеткізген құс
Топан су аңызында кептер Нұхтың кемесіне қуанышты хабар жеткізген құс ретінде аталады. Қырық күн су бетінде жүрген Нұх құрғақ жер іздейді. Бірақ судың қаншалықты тартылып, құрғақ жердің бар-жоғын білу мүмкін емес еді. Нұх: «Құрғақ жер іздеп кел», – деп қарғаны жұмсайды. Ол өлексені көріп, пайғамбардың сөзін ұмытып кетеді. Нұх артынан сауысқанды жібереді. Ол да қарғаның қасында жемтік жеп қалып қойды. Үшінші жолы кептерді ұшырады. Ол зәйтүн ағашына қонады. Ағашқа бұрынғы жойылған қауым мен өлген мақұлықтың қаны жұққан екен. Оның аяғы қанға тиіп қызарып кетіпті. Содан бастап кептердің аяғы қызыл болыпты.
Кептер зәйтүн ағашының бір жапырағын тістеп, кемеге оралады. Нұх кептерден:
– Қарға мен сауысқаннан хабар бар ма? Аман ба екен? – деп сұрайды. Кептер:
– Иә, көрдім. Қарға өлген малдың басын, сауысқан көтеншегін шұқып отыр, – дейді. Нұх ыза болып:
– Жегендерің жемтік, ішкендерің іртік болсын! – депті. Осыдан бастап қарға өлген мал көрсе басын, сауысқан құйрығын шоқитын болыпты. Нұх кептерге:
– Адалдығың білінді. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал! – дейді. Содан бастап кептер адамның шатырына ұя салатын болыпты.
Ел арасында кептер туралы фольклорлық сарындағы өлең жолдары бар:
Көк, көк, көгершін,
Көгершін келер жем үшін.
Құрық-құрық деп шақырса,
Не айтады біз үшін?
Ау, балалар, балалар,
Мұны да білген даналар,
Бейбітшілік құсы екен,
Көгершін деген киелі.
«Отбасы хрестоматиясы»