Мұсылмандықты анықтайтын қағаз

Oinet.kz 22-12-2020 3112

Хат.jpg

Ертеде көп қыздары бар бір әйелдің күйеуі қайтыс болып, өзі жесір қалады. Ер-азаматынан айырылған ол әбден қиналып, бейшара күйге түседі. Өз жағдайынан намыстанған ол қыздарын алып, басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болады.

Бір елге көшіп барып, ол елдегі намаз оқылмайтын бір мешітті паналайды. Сөйтіп, ауқат табу мақсатында сол елдегі аса дәулетті бір мұсылман байдың үйінің есігін қағыпты. Жағдайын айтқан оған үй иесі:

– Шынымен кедей екеніңді анықтайтын бір анықтама қағаз алып кел! – депті.

– Мен жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім, – дейді әйел жыламсырап. Бай оны түсінгісі келмей есікті тарс жауыпты. Жесір әйел шарасыз күйде үйден қашықтап кете барады. Ақыры басқа есікті қағады. Ол үйдің иесі отқа табынатын. Оған да жағдайын айтады. Отқа табынушы мұны есіткеннен кейін әйелін жесірмен жіберіп, оның балаларын да үйіне алдырып, тамақтандырады. Сол түні жесір әйелге көмек қолын созбаған мұсылман бай түс көреді. Түсінде қиямет қа­йымды, бір тудың астында үлкен бір сарайдың қасында тұрған пайғамбарымызды көреді. Бай кісі:

– О, Алланың елшісі, бұл сарайға кім кіреді? – деп сұрайды. Ол:

– Бір мұсылман кіреді, – деп жауап береді. Әлгі кісі:

– Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма? – дейді. Сонда пайғамбар оған:

– Мұсылмандығыңды анықтайтын қағаз алып кел! – дейді. Жаңағы адам түсінің­кіремей қарағанда, Пайғамбарымыз оның есіне күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің оқиғасын салыпты.

Бай шошып оянып, түсі туралы ойланып, жесір әйелге жасаған ісіне өкінеді. Өйткені жесір әйелден анықтама қағаз сұрағаны рас, әкелмегені үшін құр қол қайтарғаны да анық.

Ертеңінде дереу жесір әйелді іздестіріп, оның қыздарымен бірге бір отқа табынатын кісінің үйіне қонғанын сұрап біледі. Сөйтіп, ол адамның үйіне келіп, әйелді балаларымен бірге алып кетпек ойын айтады. Бірақ үй иесі оларды қайтарудан бас тартады: «Бұл жесір әйел қыздарымен үйге кірген сәттен бастап үйіме береке кірді», – дейді ол. Сонда әлгі мұсылман отқа табынушыға ақша беретінін, оларға кеткен ақысын төлей­тінін айтады. Ол күліп: «Сен менен алып кетпек бол­ғандарға мен де лайықпын. Сен түсінде көрген сарайды Алла маған арнап дайындап қойған еді. Мұсылман болғаның үшін менен артықпын деп тұрсың ба? Аллаға ант, біз бүгін үйдегі бәріміз бірдей түс көрдік. Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып,  бәріміз хақ дін – Исламды қабылдадық, мұсылман болдық. Түсімде Алланың елшісі Мұхаммед менен: «Жесір әйел мен жетім балалар қасыңда ма?» – деп сұрады. Мен: «Иә, Алланың елшісі!» – дедім. Ол: «Мына сарай сен және сенің отбасың үшін» деді» – дейді үй иесі. Бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, әрі қатты өкініп кете барды.

Жетім мен жесірге қамқорлық жасаған адамға Алла-тағала разы болмақ. Пайғамбарымыз: «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад етумен тең», – дейді. Халқымыздан «Жетімнің босағасы алтынан болса да, дүниесі арам» деген сөз бар. Бұл дегеніміз – жетімнің қаншалықты мал-дүниесі көп бол­ғанымен, ол ержетіп, бойжет­пейінше оның дүниесін орынсыз шашу күнә! Ендеше, жетімдерімізді жебеп, оларға қамқор болсақ, біз Алла-тағаланың ризалығына бөленіп, сауапқа кенелумен қатар, халықтың батасын алып, үлкен жақсылыққа жетеріміз хақ!

Н.ӘСІЛБЕК.

Шойын құлыпты дұғамен бұзған ақ бақсы
Үйдегі ұрыс-керістің алдын алатын дұға!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу