Оразаға қатысты қандай мәселелер бар?

Oinet.kz 22-03-2019 1764

Screenshot_22.jpg  

Сәресіде ұйықтап қалу

Ұйықтап қалу себебінен сәресіні жемеген адам сол күннің оразасы бұзылды деместен, ауыз бекітуі тиіс. Себебі, ауыз бекіту үшін сәресі ішу шарт емес. Сондықтан да, сәресіні ұйықтап қалып, не болмаса басқа бір себеппен жемеген адам ораза ұстауға ниеттеніп, ауыз бекітеді. Дегенмен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде айтылғандай, сәресінде береке бар, сондықтан, оны өткізіп алмауға, бір ұрттам сумен болсын ауыз бекітуге тырысқан абзал.

Сәресіні тым ерте жеп ауыз бекіту.

Кей кезде байқаусызда сәресіні тым ерте жеп, таң атудан бір, не болмаса екі сағат бұрын ауыз бекітіп қоятын жағдай болады. Кейде біреулер ұйқылы көзбен сағатты шатастырып сәресіні апыр-топыр жеп, тоймай қалады. Ұйқысын ашып мұқият қараса, уақыт әлі ерте. Сәресіні қайта жейін десе, оразаға ниеттеніп, ауыз бекітіп қойды. Жемейін десе, таң атуға дейін біраз уақыт бар әрі сәресіге де тоймай қалды.

Көп адам мұндай жағдайда: «Не істесем екен?», – деп, ойланып қалады.

Бұл жағдайда білместен аузын ерте бекітіп қойған адам, таң атып кетпеуін қадағалап, сәресіні қайта ішіп, қуаттанып алса болады. Себебі хадисте: «Алла тағала үшiн әлсiз мүміннен гөрi қуатты мүмін артық әрі ұнамды», – делінген. («Сахиху Муслим»).

Оразаның кезінде ұмытып ішіп-жеу.

Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Сендерден оразада ұмытып iшiп-жеп қойған адам оразасын толықтырсын. Бұл – Алла тағаланың оны тамақтандырып, сусындатқаны» («Сахихүл-Бухари»). Ораза кезінде ұмытып бірдеңені жеген адам ораза екені есіне түскен сәтте ішіп-жеуден тыйылып, оразасын жалғастырады әрі сол күнін қаза етіп өтемейді.

Біреудің ұмытып тамақтанып жатқанын көре тұрып, оны ескертпеу мәкрүһ тахримге жатады. Мәкрүһ тахрим – харамға жақын амал. «Тахрим» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаны білдіреді. Ал, қарт адам ұмытып ішкен жағдайда, ескертпесе де болады. Өйткені ол шариғатымыздың қарттарға деген жеңілдігі болып табылады.

Оразаны кешіктіріп бастау.

Халқымыз асыл дінімен қайта қауышып жатқан қазіргі уақытта дін мәселесінде аяғын тәй-тәй басқан бала тәрізді. Сондықтан да біреу дінге ерте бет бұрса, енді біреулер кешеуілдетіп жатыр.

Ораза да осы тәрізді. Біреулер оразаға алдын ала дайындалып, Рамазанның бірінші күнінен ауыз бекіте бастаса, біреулер оразаның біршама күндері өткеннен кейін: «Ораза ұстасам ба екен?», – деп ойлана бастайды.

Осы жағдайда не істеген дұрыс? Әрине, «Ештен кеш жақсы» демекші, ораза ұстауы міндетті бола тұрып, ауыз бекітпегені үшін тәубе етіп, ораза ұстағаны абзал. Ал қаза болған күндерін Ораза айттан кейін өтейді.

Біреулер: «Биыл енді ораза басталып кетті. Келесі жылдан бастап ауыз бекітемін», – дейді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Себебі, біріншіден, келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ? Оны бір Алла тағала біледі. Екіншіден, келесі жылы тағы да: «Келесі жылдан бастап ауыз бекітемін», – деген әңгіме айтылмасына кім кепіл? Ал өтелуі тиісті болған оразаның парыз күндері мойынға қарыз болып жинала береді.

 Намаз оқымаған адам ораза ұстаса бола ма?

Адамдардың ішінде намаз оқымаса да, жыл сайын ораза ұстайтындар баршылық. Біреулер: «Намаз оқымастан ұстаған оразаң қабыл емес», – деп жатады. Шыны керек, бұл сөздің ешбір қисыны жоқ! Себебі, шариғатта «Намаз оқымаған адамның оразасы дұрыс емес» деген сөз жоқ. Бұл жағдайда ораза ұстаған адамды ісінен қайтармай, керісінше намаз оқуға ынталандырған жөн. Өйткені намаз да, ораза да тиісті уақытында орындалуы міндетті болған құлшылықтар. Оған қоса Қияметте орындаған әрбір құлшылық үшін берілетін сауаппен қатар, орындамағаны үшін берілетін тиісті хақы да бар.

Тарауих намазын ауызашар берілген үйде оқу.

Бұл елімізде әдетке айналған іс. Ал негізінде тарауих намазы жамағатпен мешітте оқылғаны абзал.

Әрине, үлкен ауылдың жалғыз мешіті сонау бір шетте болса, жамағаттың, әсіресе, қарттардың тарауих намазын мешітке барып оқуы қиын. Алайда, намазды мешітте оқуға мүмкіндігі бола тұрып, мәселен ауызашар мешіттің жанындағы үйде жасалған уақытта, намазды үйде оқып жатады. Сондай жағдайда намаздың мешітте оқылғаны жамағат үшін де, ауызашар жасаған үй үшін де сауап емес пе?

Негізі шариғат бойынша, тек тарауих емес, бес уақыт намаз мешітте оқылуы тиіс. Имамдар ораза уақытын пайдаланып жамағатты мешітке келтірсе, дұрыс емес пе?! Ал бұл өз кезегінде жамағат намазын мешітте оқуға дағдыландырады.

Хақ Тағала баршамызға құлшылықты дін талаптарына сай орындауымызды нәсіп етіп, адасудан сақтасын! Әмин!

26.08.2012 ж

Кірпік, тырнақ, шаш жалғау, тіс түзету - харам. ҚМДБ пәтуа шығарды
«Намаз оқымаған адам ораза ұстаса бола ма?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу