«Тағдырға иман келтіру» деген не?

Oinet.kz 03-07-2020 1218

image.png

Тағдырға иман келтіру, яғни тағдырға сену – иман шарттарының бірі.

Тағдырға иман келтіру дегеніміз – барлық жақсылық та, жамандық та Алла тарапынан екендігіне сену, анық илану, барлық нәрселер Алланың ғана қалауымен жүзеге асатынына зәредей де шәк келтірмеу.

Алла Тағала бұл туралы Құранда былай деген: «Алланың жер мен көктегі барлық нәрселерді білетінін білмейсің бе? Шәксіз, бұлар кітапта жазулы. Күдіксіз, бұл Аллаға оңай» («Хаж» сүресі, 70-аят)

«Сондай-ақ, Ол әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» («Фұрқан» сүресі, 2-аят)

Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан еш нәрсе тыс қалмайды.

Әбу Дәуд келтірген хадисте сахабалардың бірі Убаданың (р.а) баласына былай дегені айтылады:

«Балам, тағдырға иман келтірмейінше сен еш уақытта діннің (тәтті) дәмін тата алмайсың. Мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Алланың ең бірінші жаратқаны қалам болды. Сосын Ол оған: «Жаз!» - деп әмір берді. Қалам: «Не жазайын?» - деп сұрады. Алла Тағала: «Ақырет күніне дейін бәрін жаз», - деді»

Балам, мен сондай-ақ Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осындай сеніммен (яғни тағдырға иман келтірумен) өлмесе, ол менен емес», - дегенін естідім, - деген.

Тағдырдың әркім білуі тиіс мынадай түрлері бар:

1. Ең әуелгі ешқашан өзгермейтін тағдыр – ол Алла тарапында ұлы кітапта жазулы тұр.

2. Ана құрсағында періште келіп жазатын тағдыр. Ата-ана алғашқы жүктілік апталарында ыждағатты түрде дұға жасауы керек.

3. Қадір түнінде бір жылға жазылатын тағдыр.

4. Және күн сайын бүгін не істейтіндігі, істемейтіндігі жазылатын тағдыр.

Әуелгі тағдырдан басқаның бәрін адам дұғасымен өзгерте алады. Сондықтан, Алла менің тағдырымды жазып қойған, оны ешкім өзгерте алмайды деп салғырттыққа салынбай, әрдайым жақсылық сұрап дұға жасауды тоқтатпау қажет.

Адам баласында таңдау еркі бар. Алла бізге екі жолды әлдеқашан көрсетіп қойған. Оның зияны, салдары, пайдасы туралы бәрі-бәрі ескертілген. Өмірдің емтихан аталуы да осында. Егер адам жақсылық жасауға шын ниеттенсе және күш-қуатын соған қолданса, Алла ол жақсылықты жаратады. Немесе жамандыққа ниет қылып, күш-қуатын жұмсаса, жамандық жаратылады. «Адамнан – әрекет, Алладан – берекет» деген сөз осыған байланысты айтылған. Адамның өз ісіне жауап берерлік тұлға болуының себебі де – өзінің таңдау жасап, оған күш-қуат жұмсағандығы үшін екен.

Адам қателік жасап қойса, түңіліп, қайғырмай, дереу қателігі үшін кешірім сұрап, артынша ізгі амал жасауға асығуы тиіс. Алла Өз құлына тек жақсылық қалайды.

Тағдыр - негізі біз үшін ғайып нәрсе. Оны адам баласы зерттеп түбіне жете алмайды. Сондықтан тағдырға иман келтіру мәселесінде мұсылман баласы үшін екі нәрсе ауадай қажет. Олар:

1. Болған іске өкінбеу, яғни ол болды, оның болмай қалуы мүмкін емес еді.

2. Болашақ үшін уайымдамау. Яғни болатын нәрсе сен қаласаң да, қаламасаң да болады. Алла қаласа, мүмкін емес нәрсе де жүзеге асады.

Міне, осы екеуін жақсы түсінген адам адасушылыққа, қателікке ұрынбайды, жүрегі тыныштықта болады.

Тағдырға сенудің пайдалары:

✔1. Тағдырға иман келтірген, сенген адам кез келген істі бастамас бұрын Аллаға тәуекел етеді, себебі, әрекетін жасап жатқан өзі болғанымен, соның барлығын нәсіп етіп, Басқарып тұрған Алла екенін, нәтижесін де Ол беретінін біледі.

✔2. Пенде барлық нәрсенің Алланың қалауы бойынша орындалатынын білгенде жүрегі тынышталып, жаны жай табады.

✔3. Егер бір қалағанына қолы жетсе, өз-өзіне таңырқамайды, масайрамайды. Өйткені, жетістік дегеніміз – сол істі жүзеге асыруға көмектесіп, жақсы нәтижеге жетуге мүмкіндік берген Алланың мейірімі ғана. Осыны түсінген адам өз-өзіне мәз болмай, Аллаға шүкіршілік айтады.

✔4. Егер қалағанына қолы жетпей қалса, ойдағысы болмай қалса не өзіне ұнамайтын бір жағдайға ұрынса, ол үшін уайымның соңынан сарылып кетпейді. Себебі, барлық нәрсе Алланың тағдырымен, қалауымен болатынын, кез келген сәтте өзгере алатынын біледі.

Жасы үлкен адамдарға құрмет көрсетудің жолдары
Алланың пендесін жарылқауы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу