Дәстүрдің шариғаттағы орны
Қазақтың наным-сенімдері туралы ауқымды мәселені (апталық тақырыпты) қозғамас бұрын жалпы салт-дәстүр мен ырым-тыйымдардың айырмашылығына, екеуін екі бөлек алып қараудың абзалдығына тоқтала кетуді жөн санадық. Алдымен, салт-дәстүр дегеніміз не?
Салт-дәстүр дегеніміз -
1) Ғасырлар бойы қалыптасқан;
2) Тәрбиелік негізі бар;
3) Ата дінімізге қайшы келмейтін жөн-жоралғылар.
Ал ырым дегеніміз: -
1. Белгілі бір кезеңдерде пайда болған, тарихи негізі жоқ;
2. Тәрбиелік мәні жоқ;
3. Шариғатымызға қайшы келетін;
4. Тіпті, кейбірі адамның өмір сүру салтын қиындататын (мысалы, қара мысық өткен жерден жүрмеу)
5. және шет елдің, өзге ұлттардың әдет-ғұрыптарынан бізге жұққан, сіңіскен жұрнақтар.
Шариғатымызда дәстүр тақырыбы мүлде қалыс қалмаған. Тіпті, кейде дәстүрдің исламның құқықтық базасына айналатын жағдайлары да болады. Мәселен, Алла Тағала Құранда былай деген: «Ананың тиісті қорегі мен киімі - дәстүр бойынша баланың әкесіне міндет» («Бақара» сүресі, 233-аят)
Осы аятқа байланысты ғұламалар: «Күйеуі әйелін қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша асырап, киіндіруге міндетті», - деген.
Имам әл-Қарафи осы аятты келтіре отырып: «Әдет-ғұрып нұсқайтын кез-келген нәрсенің артықшылығы бар», - деген. («әл-Фуруқ»)
Бірде Әбу Суфьянның әйелі Хинд Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Әбу Суфьян – сараң адам, егер мен өзім оның рұқсатынсыз алмасам, ол маған және балама жетерліктей (ақша) бермейді», - дейді. Бұған ол: «Өзіңе және балаңа әдет-ғұрыпқа сай жететінін ала бер», - деген. (Бұхари, Муслим)
Имам ән-Науауи осы хадистен алынатын пайдаларды тізе келе: «Шариғи нақтылауы жоқ мәселелерде әдет-ғұрыптарға сүйену керек»,-деген.
(«Шарх Сахих Муслим»)
ЕСКЕРІЛУІ ТИІС БАСТЫ ҚАҒИДА:
1. Әдет-ғұрып Алланың сөзі Құранға, яғни, асыл дініміздің құнды қағидаттарына, сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына қайшы келмейтін болуы шарт.
2. Салт-дәстүр халық арасында кең таралған болуы тиіс. Жекелеген адамдардың не аймақтардың арасындағы әдеттер салтқа жатпайды.
("Дін мен дәстүр" кітабы. 21-бет. ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы мақұлдаған)