Ырым-тыйымдардың пайда болу тарихы

Oinet.kz 24-03-2020 1299

Асылында, адам табиғаты бір нәрсеге сеніп, сыйынуға бейім жаратылған. Себебі, адамзат тарихында  кітапханасыз, әдебиетсіз, сәулет сарайларынсыз қоғамдар кездескен. Бірақ ғибадатханасыз бір де бір қауым болған емес. Кісінің жаратылысындағы сенім құралын «иман» деп атайды.  Егер қоғам Алла тарапынан келген дінмен сусындамаса, омырау бермегені үшін жөргектің шетін сорып кететін бала тәрізді, ырымға немесе қолдан жасалған нумерология сынды жалған сенімдерге бас ұрады.

image.png

Жетпіс жыл атеизмді басынан өткізіп, ата дінінен айырыла жаздаған қазақтың ырымшылдығы содан болса керек.

Ал ырымдардың қалыптасуы мен тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарастырған болар едік:

1) Алла Тағала адам баласының қос дүниеде  бақытқа жетіп, дұрыс өмір сүруінің негізі ретінде соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ислам дінін түсіріп, VII ғасырдың орта шебінде қазақ жеріне келгенге дейін бізде шаманизм мен зороастризм кең етек алған-ды.

Шаманизм - отқа табыну, жын-шайтандармен байланысқа түсу арқылы бақсылық қылу сияқты культтардан тұрады. Яғни, ырым-тыйымдардың пайда болуының алғашқы негізі Исламға дейінгі тарихымызда жатыр.

2) Біз көне "Жібек жолы" магистралінің торабында орналасқандықтан, біраз ырым-тыйымдар шет елден келген. Мысалы, «Босағада тұрып амандаспа», «қара мысық жолыңды кесіп кетсе, жолың болмай қалады» деген секілді ырымдар көршілес орыс халқынан келген. Себебі, орыстар ертеде қара шаңырақтың иесін үйден сыртқа шығармай, босағаға көметін болған екен. Кейіннен босағадағы мәйіттің үстін баспас үшін кіре берісте тұрып амандаспауға тырысқан.

3) Қазақ даласында 70 жылдан астам уақыт бойы қылышынан қаны тамған атеизм дәуірледі. «Құдай жоқ» деген сенім күшпен дәріптелді. Ал адам табиғаты сусыз гүлдің солатыны сияқты, сенімсіз өмір сүре алмайды. Демек, адам Аллаға сенбесе, міндетті түрде басқа нәрселерге сене бастайды. Осы тұста қазіргі таңда көптеген жерлестеріміздің үйінің төрінен орын алып, сеніміне енген тиын тістеген бақаларды мысал етсек болады.

4) Кей ырым-тыйымдар белгілі бір жағдайларға байланысты дұрыс негізбен пайда болып, уақыт өте келе өңін өзгерткен. Мысалы «үйге қарай жүгірме» деген тыйым бар. Бұл – ертеде жаугершілік уақытта сырттан жүгіріп келе жатқан адам суық хабар алып келе жатқанға ұқсап, елдің зәре-құтын қашыратын болғандықтан пайда болған тыйым. Сол сияқты «үйді айналма» деген тыйымның да шариғатта негізі бар. Өйткені, шариғатымызда қағбадан басқа еш жерді айналуға болмайды.

Алайда, әңгімемізге арқау болған әу бастағы мағыналы тыйымдар уақыт өте келе мақсаты ұмытылып, сол тыйымдарды істеген адамды жаманшылық тосып тұратын сияқты, сол нәрсені жасаса ырым адамның тағдырына әсер ететін құдіреті бар деген ұғымға ұласып кеткені жасырын емес. Келесі жазбамызда сол өңі өзгерген ырымдар мен сенуге болатын ырым-тыйымдар жайлы сөз қозғайтын боламыз. Пікір білдіріп, біздің жазбаларымызбен бөлісе отырыңыздар!

Алладан бала сұрайтын дұға
Дәстүрдің шариғаттағы орны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу